389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Трамп Британияның Еуроодақтан шығуынан нендей пайда таппақ?

  • 363
  • UPD: 19:38, 05.06.2019

Дональд Трамптың шатақ мінезінен хабардар Еуропалық Одақ елдері бірер күнде отставкаға кететін Тереза Мэйді жұрт алдында масқаралауы мүмкін деп алаңдаған еді.

Дегенмен, Ақ Үй басшысы британдық премьерді «өз ісінің нағыз маманы» деп сипаттады. Бұдан бөлек бірлескен баспасөз мәслихаты кезінде Трамп Ұлыбританияның Премьер-министрінің лауазымына үміткер Борис Джонсон мен Джереми Хантқа оң бағасын берді. Сондай-ақ Британия күндердің күнінде Еуроодақтан шығады деген сенімін білдірді.

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- Ұлыбритания Еуропалық Одақтан шығуға әзірленіп жатқан тұста АҚШ Біріккен Корольдікпен сауда қатынасын одан әрі нығайтуға басымдық береді. Қос ел арасындағы алыс-беріс бұрын-соңды болмаған деңгейге жететіні анық. Сауда байланысын нығайтуға үлкен мүмкіндік бар. Бұған дейін де екі-үш рет айтқан шығармын, сәйкесінше біз сауда әлеуетін күшейтіп жатырмыз.

Тереза Мэй, Ұлыбританияның Премьер-министрі:

- Ұлыбританияның АҚШ-пен арадағы қатынасы қос ел азаматтарының болашағы үшін аса маңызды. Қарым-қатынасты  бекемдей түсуге екі мемлекет те мүдделі.  Демек, біз бұдан әрі де байланысты нығайтуға күш саламыз.

Десе де, мыңдаған Лондон тұрғыны Дональд Трампқа қарсы наразылық акциясына шықты. Шеру  тұтас бір театрландырылған карнавал сынды әсер қалдырды. Трамп пен оның саясатын ұнатпайтын британдықтар былтыр да дәл осындай шара ұйымдастырғаны белгілі.   

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- Наразылық шеру туралы естідім. Оларың қайда деп те сұрадым. Өйткені бәлендей ешнәрсе көре алмадым. Бүгін шағын ғана ереуілді көзім шалды. Бұның барлығы да жалған жаңалық үшін жасалған.

Осылайша Дональд Трамп өзіне қатысты британдықтардың теріс қылығына көз жұма қарайтынын аңғартты. Өйткені Ақ Үй басшысының өз есебі бар: ол қайткен күннің өзінде Біріккен Корольдікпен алыс-берісті үдете түсуді көздейді. Блумберг баспасының мәліметіне сәйкес, Ұлыбритания өзі өндірген тауардың тең жартысын  Еуроодаққа жібереді. Ал Құрама Штаттарға тек 16 проценті ғана жеткізілсе керекті.

АҚШ-пен сауда келісімінің жобасы әлі толық дайын емес. Әзірге ол Біріккен Корольдіктің Еуропалық Одақтан қалай шығатынына байланысты. Егер Лондон Мэйдің жоспарлағанындай Еуропамен байланысын толық үзбесе, онда Ұлыбритания Вашингтонмен толыққанды сауда келісімін жасауы екіталай.

Сондай-ақ Трамп Хуавей компаниясына қатысты дау-дамайды АҚШ пайдасына шешуді көздеп отыр. Естеріңізге салсақ, Ұлыбритания үкіметі тергеу амалдары толық аяқталмайынша қытайлық компанияға қолдау көрсететінін білдірген. Бұл Американың мүддесіне қайшы. Дегенмен, сапар соңында Трамп «бұл мәселеде екі елдің де ойы бір арнаға тоғысатынын мәлімдеді.

Хабар 24 телеарнасы