378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ресей мен Қытай өзара ұлттық валютамен есеп айырысады

  • 194
  • UPD: 20:51, 06.06.2019

Бұл туралы Ресей президенті Владимир Путин Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен кездесуінде мәлімдеді.

Айта кетейік, Мәскеуде кешелі бері ауқымды жиын өтіп жатыр. АҚШ пен тіл табыса алмаған Қытай көшбасшысы енді Ресеймен қарым-қатынасын арттыра түспек. Тараптар екіжақты келіссөздер өткізіп, бірқатар ортақ құжаттарға қол қойды.

Тараптар екіжақты серіктестіктен бастап, әлемдік мәселелер жайында сөз қозғады. Сондай-ақ 25 сауда келісімі мен 2 бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

Былайғы жұрт тон пішіп, сан саққа жүгірткен Кремльдегі кездесу ақыры өтті. Қытай Халық Республикасының төрағасы ресми іс-сапармен Мәскеуге келді. Мемлекеттік сапар болғандықтан, күн тәртібі де салтанатты әрі түрлі кездесулерге толы болды. Ресей Президенті Владимир Путин Си Цзиньпинді Кремльдегі Георгий залында күтіп алды. Бұл – аса маңызды қонақтарға көрсетілетін құрмет. Ізінше салтанатты қабылдау өтіп, тараптар шағын делегацияларымен келіссөзді бастап кетті.

Владимир Путин, Ресей президенті:

– Құрметті Си Цзиньпин төраға, қымбатты досым, қытайлық әріптестерім! Сіздерді Мәскеулік Кремльде көру, қабылдау – біз үшін үлкен мәртебе. Сіздің Ресейге мемлекеттік сапармен келуіңіз – екіжақты серіктестіктің аса маңызды оқиғасы. Соңғы уақытта тараптардың талпынысымен Ресей мен Қытай арасындағы қарым-қатынас тек жақсара түсті.

Си Цзиньпин, ҚХР төрағасы:

– Біз Путинмен бірге тығыз әрі сенімді серіктестік және мықты достық қарым-қатынас орнаттық. Соңғы алты жалды Путинмен 30 мәрте кездесіппін. Ресей – мен ең көп барған шетелдік мемлекет. Ал Путин – мен үшін ең жақын дос және жақсы әріптес.

Екі көшбасшы бір-бірінің мақтауын арттырып, құрмет білдірген соң кездесудің бірден ресми бөлімі басталды. 2018 жылы екі ел арасындағы ортақ тауар айналым 108 миллиард долларға жеткен еді. Бүгінде Ресей аумағында құны 22 миллиард долларлық 30 қытайлық инвест жоба жүзеге асып жатыр. Оның бірі – Тула облысындағы автомобиль зауыты. Қытайлықтар алғашқы кезеңнің өзінде бұл жобаға 500 миллион доллар инвестиция құйған. Осы келіссөздерден соң Ресей тарапы да Қытайға ауылшаруашылық өнімдерін тасмалдайтын болып келісті. Одан бөлек 25 ортақ құжатқа қол қойылды.

Максим Орешкин, Ресей экономикалық даму министрі:

– Саммит қорытындысы бойынша қол қойылған құжаттар Ресей мен ҚХР арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтереді. Алға қойған мақсаттарды уақытылы, тиянақты орындау арқылы ортақ тауар айналымды 2024 жылға қарай 200 млрд долларға жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін бірқатар келіссөзге қол жеткіздік.

Кездесудің тағы бір жаңалығы тараптар енді өзара есеп айырысуды ұлттық валютада жүргізеді. Осылайша, АҚШ-қа өкпелі Бейжің долларды сыртқа ысыра бастайтын түрі бар. Одан бөлек, Мәскеу мен Бейжің бірігіп АҚШ-тың Венесуэладағы жағдайға араласуына қарсылық білдірді. Халықаралық нарықта валюталық бопсалауға да жол бермеу керектігі айтылды. Ал сарапшылар мұндай бастамаларды «Вашингтонға қарсы жоспар» деп бағалады.

Юваль Вебер, сарапшы:

– Ресей әлемге Қытаймен ортақ мүддесі барын дәлелдегісі келеді. Яғни Мәскеуде – санкция, Қытайда – сауда мәселесі. Екі жақ осылайша стратегиялық тұрғыдан серіктестік орнатып, АҚШ саясатына қарсы тұрмақ. Бұл кездесудің дәл осы уақытқа орайластырылуы да бекер емес. Трамп ресми Лондонмен келіссөз жүргізіп жатқанда, Бейжің де әлем назарын осылайша өзіне аударды.

Екі алыптың кездесуі сарапшылар мен саясаттанушылар тарапынан қызу талқыға түсті. Одан бөлек, Қытайдың Ресейге жасаған сыйын да БАҚ өкілдері жарыса жазып жатыр. Бұл жолы Си Цзиньпин Путинге екі панданы сыйға тартты. Мәскеу зообағындағы Диндин және Жуй атты жануарларды орналастыру рәсіміне екі елдің де көшбасшылары қатысты.

Светлана Акулова, Мәскеу зообағының директоры:

– Екі пандаға біздің зообақта арнайы орын дайындалған. Павильонда арнайы көрме ұйымдастырдық. Екі елдің президенттері қатысып, мәре-сәре болып жатырмыз. Тараптар арасындағы қарым-қатынас нығая берсін дегім келеді.

Зообақ директорының қуанышы қойнына сыймай жатқанымен, бұл тіпті сыйлық емес, панданы жалға беру бағдарламасының бір бөлімі болуы әбден мүмкін. Өйткені 1984 жылдан бері Қытайда «Панданы жалға беру» жобасы жүзеге асып келеді. Бейжің әкімшілігі зообақтарға 10 жылға жалға беріп, әр панда үшін 1 миллион доллар көлемінде өтемақы алады. Бұл аралықта дүниеге келген қонжықтар да Қытайға тиесілі. Сондықтан бұл сыйлықтың шартын білмей тұрып, кесіп-пішіп бірдеңе айтуға болмайды дейді, сарапшылар. Мұның артында бизнес те қылаң беретін сыңайлы.

Зообақтан бөлек, көшбасшылар екі елдің дипломатиялық қарым-қатынасына 70 жыл толғанын атап өту үшін Үлкен театрға барды. Ал бүгін олар Санкт-Петербор экономикалық форумына қатысып жатыр.

Хабар 24 телеарнасы