389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АҚШ салған санкция: жергілікті кәсіпкерлер ұтты ма, ұтылды ма?

  • 550
  • UPD: 23:25, 07.06.2019

АҚШ пен Мексика арасындағы мигранттар мәселесі ушығып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақ үй санкция салып, қысым жасаудың амалына көшті. Мексика да қарап қалмай, қам жасап жатыр. Бір күн ішінде шекараға 6 мыңға жуық әскерін аттандырып, күзетті күшейтті.

Мексика шекарасын қымтауға көшті. Тіпті ұлттық гвардияның 6 мың сарбазын аттандырған. Олар Орталық Америка елдерінен келетін мигранттар ағынына тосқауыл болуы керек. Тапсырманы орындаушы әскер бір күнде шекарадан заңсыз өтпек болған 1200 адамды ұстады. Оларды автобусқа отырғызып, Тапачулдағы мигранттар орталығына жіберіп жатыр. Ал бейбіт өмір іздеген босқындар қарулы әскерді көріп жан-жаққа қашып жатыр.

Билікке келген күннен бастап қорғансыз босқындарға шүйлікккен Дональд Трамп айтқанын орындамай тоқтамайтын сыңайлы. Ол Америкаға аяқ басқан әрбір мигрант үшін Мексиканы кінәлайды. Егер жағдай өзгермесе, Мексика тауарларына 5 проценттік санкция салатындығын айтты. Бұл шектеу әр ай сайын 5 процентке көбейе бермек. Тараптар қазір келіссөздерді бастап кеткен. Бірақ Ақ үйдің көңілі толмай тұр. Санкция 10 маусымнан бастап күшіне енбек. АҚШ-қа тәуелді Мексика бұған шыдас бермей, мигранттарды қойша тиеп, әлдеқайда алып кетіп жатыр.

Марсело Эбрард, Мексика сыртқы істер министрі:

- АҚШ әкімшілігі өз ұстанмын, біз өз жоспарымызды ұсынып жатырмыз. Қазір шекараны күшейтіп, ұлттық гвардияны жіберіп, санкцияның алдын алуды ойлап отырмыз. Келіссөздер ел үшін тиімді аяқталады деп ойлаймыз.

АҚШ Қытайға да қаһарын тікті. Бейжіңнің Мәскеумен ауыз жаласқаны ұнамады ма, Дональд Трамп Нормандияға жасаған сапары барысында Аспан асты еліне қарсы санкцияны 300 млрд долларға көтеретінін айтып сес көрсетті. Мұндай қоқан-лоққыдан шаршаған ресми Бейжің де сіз-бізді қойып,  Вашингтонмен қатаң сөйлесуге көшкен.

Гао Фэн, Қытай сауда министрлігінің өкілі:

- Егер АҚШ осылайша сауда соғысын әдейі ушықтыра беретін болса, біз тиісінше жауап қатамыз. Осындай мағынасыз сес көрсетулер екі ел арасындағы сауда келіссөзіне кері әсер етуде. Ақ үйдің қазіргі әкімшілігі билікке келгелі текетіреске себеп іздеп келеді. Біздің бір ғана айтарымыз – Қытай елін, оның халқын қорғау үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.

Осылайша тараптар арасындағы сауда соғысы өрши түсті. Бұл жағдайға әлем елдері мен халықаралық қауымдастықтар алаңдаушылық танытты. Халықаралық валюта қорының пікірінше, Мексика мен Қытай тауарларына санкция салу, әлемдік экономикаға тежеу болмақ.

Кристин Лагард, ХВҚ басшысы:

- АҚШ, Қытай, Мексика арасындағы тарифтік шиеленіс үш елдің де жалпы ішкі өнімінің төмендеуіне әкеліп соғады. Бұл, әрине, әлемдік экономикаға да әсер етпей қоймайды. Одан келетін шығын 0,5 прценттік жалпы ішкі өнімді құрайды. Бұл – Оңтүстік Африка Республикасының барлық ішкі өніміне тең деген сөз.

Әлем экономистері осылайша дабыл қағып жатыр. Себебі екі алыптың текетіресі барлық мемлекеттің ішкі әрі сыртқы экономикасына да кері әсер етпек. Ал соңғы ресми деректер бойынша, Қытайға салған санкциядан Бейжіңнен гөрі Вашингтонның өзі зардап шегіп отыр. АҚШ-тың сауда балансының дефициті құлдырап, тауар импорты айтарлықтай төмендеген. 

Соңғы үш ай ішінде Америка аумағына Мексикадан 300 мың заңсыз мигрант кірген. Ал Дональд Трамптың босқындарды суқаны сүймейтінін жұртқа аян емес пе? Сөйтіп Ақ үй босқындарды арамтамақ санап, асыраудан қашқанымен, одан үнем болмайтын сияқты. Өйткені осы даудың АҚШ эконономикасына да тұсау салатын түрі бар.  

Авторы: Жансұлу Дүйсенәлі

Хабар 24 телеарнасы