384.05 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Британиядағы премьер-министрліктен үміткер ретінде 10 адам тіркелді

  • 63
  • UPD: 21:55, 11.06.2019

Маусымның 13-і күні Ұлыбританияда Премьер-министрді сайлаудың алғашқы кезеңі басталады. Бір аптаның ішінде он үміткердің ішінен тек екеуі ғана іріктеліп, ақтық кезеңге шығады.

Айта кетерлігі, мұндай таңдауға тек Қауымдар палатасының тори-депутаттары ғана ие. Ал маусымның 20-нан бастап сайлаудың соңғы кезеңіне жеткен екі үміткерге Консервативті партияның 160 мың мүшесі дауыс береді. Қайсысы жеңсе, партияның көшбасшысы әрі Ұлыбританияның Премьер-Министрі атанады.

Консервативті партияның сайты осы лауазымға лайық үміткерлердің үштігін анықтады. Тізімге Лондонның бұрынғы мэрі және Ұлыбританияның бұрынғы сыртқы істер министрі Борис Джонсон, елдің қазіргі сыртқы істер министрі Джереми Хант және қоршаған ортаны қорғау министрі Майкл Гоув енген.

Бұлардан бөлек, сайлау науқанына түскендер қатарында бұрынғы Брексит министрі Доминик Рааб, ішкі істер министрі Саджид Давид, халықаралық даму министрі Рори Стюарт, Қауымдар палатасының бұрынғы басшысы Андреа Ледсом, бұрынғы еңбек және зейнетақы министрі Эстер Маквей бар. Жаңа Премьерді сайлағаннан кейін, консерваторлар Брексит мәселесінің оң шешімі табуға кіріседі.  Айта кетерлігі, үміткердің ешқайсысы Еуроодақтан шығу идеясынан бас тартқан жоқ. Тек Брюссельмен ортақ мәміле жасалмаса, қазанның 31 күні ешбір ережесіз Одақтан бөлінуді төрт үміткер Борис Джонсон, Доминик Рааб, Андреа Ледсом мен Эстер Маквей қолдайды.

Эстер Маквей, Ұлыбританияның премьер-министрлігіне үміткер:

- Қазанның 31-не дейін аз ғана уақыт қалды. Кей адамдар Еуроодақтан бөліну шарттарын қайта қарастыруды айта бастағанда, ойыма бір нәрсе ғана келеді. Үш жылдан бері ортақ мәмілеге келу мүмкін болмады. Енді бірнеше айдың ішінде оған қол жеткіземіз деген бос сөз.  Олай болуы неғайбыл. Өз өзімізді алдаудың қажеті жоқ. Оған қоса, Еуропалық Одақ мерзімді шегеруге келіскенімен Брексит шартты өзгертуге келіспейтінін қадап айтқанын естен шығармаған жөн. Сондықтан, Еуроодақтан ешбір келісімсіз бөлінуге дайын болуымыз керек.

Британдық министрлер кабинетін басқаруға ниетті үш үміткер Брексит шарттарын қайта қарастырып, Брюссельмен өзге келісімге келуді үгіттемек. Мәселен, британдық сыртқы істер министрі Джереми Хант ортақ мәміле жасау  әлі де мүмкін деген пікірде.

Джереми Хант, ұлыбританияның премьер-министрлігіне үміткер:  

-Мен бір ғана шындыққа сүйеніп, өз кандидатурамды ұсынып отырмын. Консервативті үкіметті, тіпті консервативті партияның өзін Брекситсіз елестетуге болмайды. Брекситті соңына дейін кім жеткізсе, сол консервативті партияның келесі сайлауында жеңіске жете алады. Бірақ, бұл мәселені шеше алмаса, онда консервативті партиядан ұсынған Премьер-министрдің ешбірі жетістікке қол жеткізе алмайды.

Ал қоршаған ортаны қорғау министрі Майкл Гоув  Одақтан шығу мерзімін шегеру қажет деген ойда. Ол тығырыққа тіреген Брекситтің оңтайлы жолын табатынына сенімді.

Майкл Гоув, Ұлыбританияның премьер-министрлігіне үміткер:

- Брекситті соңына дейін жеткізу жолында тиімді жоспар ұсынатын боламын. Бэкстопты болдырмаудың нақты амалын білемін. Канадамен арадағы сауда келісімі сияқты Еуропалық Одақпен де, күллі әлеммен де өзара тиімді алыс-беріс келісімін жасайтын боламын. Ауыл шаруашылығы, сот жүйесі мен жалпы Еуропалық Одаққа қатысты саясатты жаңартып, шекарамыз бен қаражатты өзіміздің қарауымызға қалдыратындай ететін боламын. 

- Бұл сайлауда нақты кімнің жеңіске жететіні жайлы болжам бар ма?

Әзірге Борис Джонсон бұл лауазымға басты үміткерлердің бірі саналады. Алайда Қауымдар палатасы мен Консервативті партиясының үштен бір бөлігі кімді қолдайтынын жариялаған жоқ. Сондықтан бұл сауалдың жауабын тек маусымның 20-ы күні ғана білетін боламыз.

Хабар 24 телеарнасы