389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Корея валютасы АҚШ долларына қатысты құлдырады

  • 319
  • UPD: 13:54, 13.06.2019

АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы Оңтүстік Кореяға да әсерін тигізіп жатыр.

Себебі Қытай Оңтүстік кореялық экспорт көлемі бойынша бірінші орында тұр. Ал KOSPI биржа индексі соңғы бірнеше жылдағы ең төмен көрсеткішке жеткен. Бұған қоса ұлттық валюта да құнсызданып барады. Егер ағымдағы жылдың қаңтарында бір доллар 1110 вонға бағаланса, қазір ол 1185 вонды құрайды.

Сеул кімді жақтайды? Қытайды ма әлде АҚШ-ты ма? Қазір бұл Оңтүстік Корея үкіметін толғандырып отырған басты мәселелердің бірі. Себебі АҚШ бұл елдің негізгі саяси одақтасы. Ал көршілес Қытай басты сауда серіктес болып табылады. Сондықтан Вашингтон Сеулден Huawei компаниясына салынған санкцияларға қосылуды талап етіп отыр. Өз кезегінде 5 маусымда Қытай үкіметі өз серіктестерінің АҚШ-ты қолдаған жағдайда, қиындыққа тап болатындарын ескерткен еді. Олардың қатарында Қытайға жартылай өткізгішті жад тасымалдайтын Samsung Electronics пен SK Hynix компаниялары да бар.

Сон Хен Сик, сарапшы:

- Менің ойымша, бұл дағдарыс корея экспортын әртараптандыруға жол ашуы мүмкін. Корея сыртқы сауда мәселесінде АҚШ пен Қытайға тәуелділігін азайтуға ұмтылады. Сөйтіп, өз тауарларын Қазақстан немесе Орталық Азияның басқа да елдеріне экспорттауды қолға алуға тырысады.

Бүгінде Оңтүстік кореялық экспорттың шамамен 27 проценті Қытайға тиесілі. Ал АҚШ еліне жасалатын экспорт көлемі 10 процентке жуық. Жалпы, Қытайға жеткізілетін тауардың 50 пайызға жуығын жартылай өткізгіштер құрайды. Одан смартфон мен басқа да электроника құрастырылып, кейін Құрама штаттарға жөнелтіледі. Ал Америка үкіметі қойған тарифтер бұл тауарлардың бағасын қымбаттатып жіберген жағдайда Қытайдың да, Кореяның да компаниялары зардап шегеді. 

Чжо Ен Кван, Корея Эксимбанкі шетел экономикасы институтының зерттеушісі:

- Біз Қытайға құрамдас бөлшектерді тасымалдаймыз. Егер Қытайдың Америкаға жасайтын экспорт көлемі азайса, демек Кореяның Қытайға жасайтын экспорты да төмендейді деген сөз.  

Қытайға тәуелділікті азайту үшін кейбір оңтүстіккореялық компаниялар өндіріс орындарын оңтүсік-шығыс Азия елдеріне көшіруді ойластыра бастаған. Алайда ол ұзақ жылдарды қажет етеді. Сондықтан қазір Корея Токиода өтетін «үлкен жиырмалық» саммиті сәтті аяқталатынына үмітпен қарайды. Ол осы айдың соңына жоспарланған. Жапон еліндегі саммитте АҚШ пен ҚХР басшылары кездесіп, екі елге де тиімсіз сауда соғысына нүкте қояды деп күтілуде.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Хабар 24 телеарнасы