379,60 431.00 6.04
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АҚШ Шығыс Еуропадағы әскери күшін арттырмақ ниетте

  • 150
  • UPD: 23:40, 13.06.2019

АҚШ Польша аумағында барлаушы ұшақтарын орналастырады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құрама Штаттарға іссапарымен барған Польша президенті Анджей Дуда мен Ақ үй басшысы Дональд Трамп тиісті құжатқа қол қойды. Аталған келісімге сәйкес Американың әскери күші мен техникасын орналастыруға Шығыс Еуропа елі қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуі тиіс.

Әрине, Польша қауіпсіздік мәселесіне келгенде АҚШ-қа иек артады. Алайда Орталық Еуропа елдерінің бұған қатысты көзқарасы әртүрлі.

АҚШ-тың бір мың әскерін өз жерінде орналастыру үшін Польша арнайы нысандар салады. Атап айтқанда, жаңа аэродром және бірнеше әскери дайындық орталығын салу жоспарланған. Оған қоса Құрама Штаттардың қаржылай қолдауынсыз, өз ақшасына салатын болады. Сондай-ақ Ақ үйдің бағында өткен баспасөз мәслихатында Дональд Трамп Еуропаға қосымша әскер жібермейтінін жеткізді. Бірақ Германиядағы күшті Польшаға ауыстыратынын аңғартты. Осылайша 2 мың әскери қызметкер Шығыс Еуропа еліне ауысуы мүмкін.  

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- Польшаның қорғаныс саласын жаңғыртуға күш салғаны үшін президент Дудаға айрықша қошемет көрсеткім келеді.  Сондай-ақ Польшаны АҚШ-қа визасыз кіру бағдарламасының талаптарын орындауымен құттықтаймын. Бүгін екі ел арасында қылмыспен күрес және оның алдын алу бойынша келісімге қол қойылды. Бұл – Польша үшін аса маңызды қадам. Әрине, алда атқарылар іс әлі де көп. Дегенмен визасыз келу бағдарламасы жуырда іске асырылады деп сенемін.

Анджей Дуда, Польша президенті:

- Польшада әскери база құру шешімін қолдағаныңызға рақмет. Бұл тек Польша ғана емес, Орталық Еуропа, Балтық елдері мен НАТО-ға мүше елдердің қауіпсіздігі үшін маңызды. Сізге айтар алғысым шексіз.

Бүгіннің өзінде Польшада АҚШ-тың 5 мың әскері жүр. Олардың барлығы НАТО-ның әскери операциясы шеңберінде қызмет атқаруда. Трамптың Шығыс Еуропа аумағындағы әскери күшін нығайту идеясын НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг құп көреді:  

«АҚШ-тың Польшадағы әскерін арттыру жөніндегі шешімін қолдаймын. Бұл Құрама Штаттардың Еуропаның қауіпсіздігі мен трансатлантикалық қатынасқа баса мән беретінін білдіреді».

Сондай-ақ Польша F-35 америкалық жойғыш ұшақтарына тапсырыс береді. 30 ұшақты сатып алу жөніндегі келісім әлі жасалмаса да, АҚШ президенті Дональд Трамп Польшаның бұл ниетін жайып салды. Бұған негіз де жоқ емес. Өйткені Вашингтонға сапары кезінде Дональд Трамп польшалық әріптесі мен оның жұбайына әскери ұшақты тамашалауға шақырды.

Жалпы, Польша АҚШ-ты қорғаныс саласындағы сенімді серіктесі деп санаса да, қауіпсіздік мәселесіндегі  Американың іс-әрекетіне Еуропаның кей елдері күмәнмен қарайды. Жуырда ғана Атлантикалық кеңес осыған қатысты баяндамасын жариялады. Онда кәрі құрлық елдерінің бірсыпырасы АҚШ-тан қауіптенетіні жазылған.

Дәлірек айтқанда, Польшаға көршілес Словакия тұрғындарының 26 проценті Ресейден сескенеді. Америкаға қатысты бұл көрсеткіш анағұрлым жоғары – 40 процент. Сол сияқты Болгария халқының 25 проценті АҚШ-тан қауіптенеді. Ресейден келер қауіпті болгарлықтар тек 5 процентке бағалаған.

Авторы: Бақыт Топтаева

Хабар 24 телеарнасы