387,09 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Иранда жергілікті балалармен қатар ауғанстандық кірмелер де жұмыс істеуге мәжбүр

  • 368
  • UPD: 10:44, 14.06.2019

Балалар еңбегін пайдалану мәселесі Иран үшін де өзекті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл елде күн көру үшін жергілікті балалармен қатар Ауғанстаннан келген кірмелер де жұмыс істеуге мәжбүр. Үкімет жасөспірімдерді қара жұмысқа жегуді тыю үшін тиісті шаралар қабылдағанмен, бұл мәселе толық шешімін тапқан жоқ. 

Иран осыдан 20 жыл бұрын балалар құқықтары жөнінде Конвенцияны ратификациялаған болатын. Бұл елдің заң кодексінде балалар еңбегін қолдануға қатал тыйым салынған. Жасөспірімдердің құқықтарын қорғайтын көптеген ұйым бар. Дегенмен ата-аналары қаражаттан қиналғандықтан, жасөспірімдердің өздері ақша табудың жолдарын іздейді. Сарапшылардың мәліметінше, жұмыс істейтін балаларды үш топқа бөлуге болады. Біріншіден тұрмысы нашар отбасылардан шыққан балалар. Тағы біреулерін арам пиғылды саудагерлер арзанға жалдап жүреді. Ал соңғы топқа баспанасы жоқ жетім балалар кіреді. Айта кетер тағы бір жайт, Иран заңдары 15 жасқа жетпей, жұмыс істеуге тыйым салғанмен, бұл ереже үйдегі жұмысқа қолданбайды. Сол себептен балалардың өз ата-анасына еңбек етіп, жәрдемдесуі жиі кездеседі.

Фатима Хазави, отбасылық психолог:

– Мемлекет тұрмысы нашар отбасыларға көмектесуге тырысып жүр. Үкімет қолдайтын еріктілер ұйымдары көп. Олар азық-түлік пен киім-кешекті үлестіріп, балаларды үйлерінде оқытады. Өйткені осындай балалардың көбісі оқығысы келмейді, онсыз да ақша табамыз деп санайды. Осы көзқарасын өзгертіп, білім алу мен әрі қарай даму керектігін түсіндіру қажет. 

Үкімет өкілдерінің мәлімдеуінше, заңсыз еңбек етіп жүрген балалардың нақты санын анықтау қиын. Ал бейресми мәлімет бойынша, тек бір Тегеранның өзінде 35 мыңнан астам жасөспірім жұмыс істейді. Осындай жағдайды анықтағанда, полиция оларды үйлеріне немесе арнайы орталықтарға жібереді. Алайда әдетте көбісі қайта ескі кәсібіне оралады екен.

Марьям Гасемабади, әлеуметтанушы:

– Иранда жұмыс істейтін балаларға көмектесетін орталықтар бар, бірақ олардың саны көп емес. Бұл мекемелер қонатын орны, тамағы, оқуы мен түрлі үйірмелермен қамтып отырады. Бірақ кейбір балалар одан қашып кетеді, бірнеше рет осында түсетіндері де бар. Бұл – халқымыздың зорлық пен қорлық көріп жүрген, қорғалмаған бір тобы. Иран үкіметі олардың санын азайтуға тырысып жүр. Бірақ бұл жаһандық деңгейдегі мәселе, сол себептен оны шешу үшін бүкіл әлем бірігуі керек. БҰҰ мен еліміздің билігі осы жағдайға көбірек көңіл бөлуі тиіс, өйткені бұл біздің келешек ұрпағымыз, еліміз бен бүкіл әлемнің болашағы оларға байланысты.

Балаларға көмек берумен қатар, билік олардың әке-шешелері мен арзан еңбекті пайдаланып жүрген саудагерлермен жұмыс істеуге кірісті. Ата-анасына отбасын асырауға мүмкіндік беретін жұмысты табуға көмектессе, арам ниетті саудагерлерге қатал шара қолданады. Балалардың еңбегінен табыс көргісі келгендер бүкіл кәсібінен айырылуы мүмкін.

Авторлары: Юлия Гнатюк, Махмуд Махмуди

Хабар 24 телеарнасы