384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Германияда велосипедшілерге қойылатын талап қатаң

  • 163
  • UPD: 10:31, 17.06.2019

Германияда велосипедшілерге қойылатын талап қатаң.

Қос дөңгелекті көлікке мінгендер жол ережесінен сынақ тапсырып, арнайы құжатқа ие болады. Ал заң талаптарын елемейтіндер жауапқа тартылады. Ереже бұзғандарға 350 еуроға дейін айыппұл салынады.

Велосипедтің шығу тарихы Германиядан бастау алады. Алғашқы екі дөңгелекті көлік осы елдің Карлсрэу қаласында пайда болған. Ал бүгінде бұл көлік түрі – басты қатынау құралдарының бірі. Статистика көрсеткендей, Германиядағы үй шаруашылығының 80 пайызында кем дегенде 1 велосипед бар. Кейбіреулері оны тек демалыс күндері қолданса, өзгелер үшін негізгі көлік түріне айналған.

Ханс Шмекельбехер, оқушы:

– Біз мектепте үшінші сыныптан бастап велосипедпен жүру куәлігін алуға дайындаламыз. Ол тегін, бірақ міндетті емес. Сондықтан жол белгілерін жақсы білеміз. Тыйым салынғанын біле тұра, жарықсыз жүрген кездерім болды, әрине. Бірақ полиция мені байқамай қалды.

Бернт Бауэр, Берлин тұрғыны:

– Мен 4 жыл бұрын көлігімді сатып, велосипедке ауыстым. Қазір жасым 70-те. Менің ойымша, жолда жүргендер бір-бірін сыйлауы керек. Бұл – қауіпсіздік кепілі. Соған қарамастан жоғары айыппұлдың болғанын қолдаймын. Себебі ереже болған соң оны сақтау қажет. Өзіме келер болсам, маған әлі бірде-бір рет айыппұл салынбады.

Германияда велосипедшілерге жолда жүру кезінде телефонмен сөйлесуге тыйым салынған. Заңға бағынбағандар 55 еуро айыппұл төлейді. Ал бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткен жағдайда 180 еуроға дейін айыппұл салынады. Ал ең ауыр жаза жабық тұрған теміржол өткелінен өту болып саналады. Бұл жағдайда велосипедші 350 еуро көлемінде жауапқа тартылады. 

Себастьян Микс, велотакси жүргізушісі:

– Мен Берлинде 18 жыл бойы велотакси жүргізіп келемін. Және Германияда айыппұлдың көлемі әр түрлі. Тіпті кей жағдайларда велосипедші жүргізуші куәлігінен де айырылуы мүмкін. Жалпы велосипедтің ақаусыз болғаны өте маңызды. Яғни оның тежегіші, жарығы мен дыбыс сигналы істен шықпаған болуы керек. Мәселен, біз жүйелі түрде техникалық байқаудан өтіп тұруға міндеттіміз. Берлинде тіпті велосипед полициясы да бар. Олар да осы көлік түрімен қатынап, қос дөңгелекті көліктің техникалық күйін тексеріп жүреді.

Бұл елде велосипедшілер үшін барлық жағдай жасалған. Жуырда тіпті велоавтобан да пайдалануға берілмек. Бірақ жүргізушілердің  көбін жолдағы қауіпсіздік алаңдатады. Себебі өткен жылдың қаңтар-қараша аралығында елде 432 адам қаза тапқан. Бұл 2017 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 13,6 процентке көп.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы