383,69 432.40 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркия Грекиямен газ кен орынына таласып қалды

  • 174
  • UPD: 22:36, 17.06.2019

Еуроодақ Түркияға қарсы санкция салуы мүмкін. Грекия Премьер-министрі Алексис Ципрас осындай мәлімдеме жасады.

Үкімет басшысының бұлай деп шүйлігуіне Кипрдің экономикалық аймағынан табылған газ кені себеп. Түріктер табылған табиғи байлық біздікі деп, бұл аумақта бірден бұрғылау жұмыстарын бастап кеткен. Ал Ципрас Ресми Анкара бұл қадамы арқылы Грекия және Кипрдің егемендік құқығын бұзды деп айыптады.

Алексис Ципрас, Грекия Премьер-министрі:

- Бізді ең бірінші алаңдататын мәселе ол гректердің қауіпсіздігі. Түркияның арандатушылығы, заң бұзушылығы күштің емес, керісінше әлсіздердің әрекеті. Кипрдің экономикалық аймағында Анкараның бұрғылау жұмыстарын жүргізгені анықталса, біз Түркияға қарсы санкия салуға дейін барамыз. Себебі еліміздің егемендігіне залал тигізбек болғандар жазасыз қалмайды.  

Грекия да өзіне сенімді. Өйткені артында ЕуроОдақ  тұр. Айта кетейік, кеше ғана Мальта астанасы Валлетта қаласында одаққа мүше елдер бас қосты. Олар бірауыздан Грекияны қолдап отыр. Жеті мемлекеттің басшысы да Түркияға сес көрсетіп, бұрғылау жұмыстарын тоқтатуды талап етті.

Эммануэль Макрон, Франция президенті:

- Біз Грекияның шағымын тыңдадық. Шынында Кипр егемен, тәуелсіз мемлекет. Түркия тарапы экономикалық аймақта жүргізіп жатқан заңсыз әрекеттерін тоқтатуы тиіс. Бұл барып тұрған халықаралық құқықты бұзушылық. Еуропалық Одақ бұл сұрақты соңына дейін жеткізетін болады.

Жалпы Кипр аралдары бұрыннан дау тудырып келе жатқан аймақ. Тарихтағы түрлі қақтығыстар, талас-тартыстардан кейін бүгінде аумақтың 57,6 проценті Кипр Республикасы саналады. Ал, 36 процентін жартылай мойындалған Солтүстік Кипр Түркия Республикасы басқарады. Сондықтан Жерорта теңізінің шығысынан табылған табиғи байлық түріктерге тиесілі, дейді Түркия сыртқы істер министрі.

Мевлют Чавушоглу, Түркия сыртқы істер министрі:

- Бұрын біз бұл аймақта тек сейсмикалық зерттеулер жүргізіп келдік. Себебі бұрғылауға қажетті құралдарымыз болмады. Қазір ол техникамыз бар. Сондықтан, қазба жұмыстарын бастап кеттік. Грекияның бұл қадамға килігетіндей шаруасы болмау қажет. Себебі біз халықаралық құққықа сай әрекет етіп  отырмыз. Біз ұлты түрік кипрлік тұрғындардың құқығын қорғауымыз керек.

Түркия тарапының түрлі ескертулерге құлақ асатын түрі жоқ. Бұрғылау жұмыстарын жалғастырып жатыр. Құрал- жабдықтарын сайлап алған. Мұны естіген Кипр републикасының билігі геологиялық жұмыстар  дереу тоқтатылмаса, мұндағы мамандарды тұтқындайтынын айтып қалды.  Бұған Түркияның да жауабы дайын екен.

Хами Аксой, Түркия СІМ баспасөз хатшысы:

- Түркия тарапы мұндай негізсіз жалаға мән бермейді. Егер Грекия билігі айтқандарындай бұрғылау жұмыстарын жүргізіп жатқан топты темір торға қамаса, Анкара тиісінше қатаң жауап қайтаратын болады.

Сөйтіп, түріктер бұл байлық өздеріне тиесілі екендігін айтады. Сондай-ақ ел әкімшілігі түрік компаниясына арнайы лицензия бергенге ұқсайды. Сол себепті Реджеп Тайип Ердоған газ кенін бұрғылау ресми және заңды екенін мәлімдеді. Қажет болса қарулы күштердің көмегімен жүретінін айтты. 

- Ендеше Анкараға Афина неге килігіп отыр?

Себебі тараптар арасы бұрыннан суық. Грекия Кипрде тұрып жатқан гректердің, Түркия Кипрде тұрып жатқан түріктердің құқығын қорғағысы келеді. Сарапшылардың айтуынша, бұл мәселеге әлемдік ұйымдар араласпаса, текетірестің соңы қарулы қақтығысқа әкелуі мүмкін.

Хабар 24 телеарнасы