383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АҚШ Таяу Шығысқа тағы да мың әскерін жібермек

  • 194
  • UPD: 20:50, 18.06.2019

Вашингтон Таяу Шығысқа тағы да мың әскерін жібереді.

Бұл туралы АҚШ-тың Қорғаныс министрлігі хабарлады. Ресми Пентагонның айтуынша, бұл әрекет Иран тарапынан төнген қауіп-қатерге байланысты жасалып отыр. Одан бөлек, АҚШ тарапы Оман шығанағындағы екі танкерге жасалған шабуылды Иранның ұйымдастырғанын растайтын фотолар мен бейнежазбаларын жариялады.

Иран бұл айыпты мойындамады. Тегеран бұл АҚШ-тың ойлап тапқан араңдатушылығы деп отыр. Ал әлем елдерінің пікірі екіге бөлінді.

АҚШ пен Иран қарым-қатынасы күн санап ушығып барады. Тегеранға барынша қысым көрсетеміз деп мәлімдеген Вашингтон іске білек сыбана кіріскен сынды. Тіпті АҚШ тарапы Оман шығанағындағы екі танкерге жасалған шабуылдың видеосын жариялады. Онда ирандық әскерлердің танкерден жарылғыш затты алып жатқаны бейнеленген. Осыдан соң Вашингтон бұл барып тұрған сорақы әрекет деп өңірге қосымша мың әскерін жіберетінін хабарлады.

Майк Помпео, АҚШ мемлекеттік хатшысы:

– АҚШ Президенті Дональд Трамп қарулы қақтығысқа жол бермес үшін қолдан келгенін жасады. Бізге соғыс керек емес. Бірақ Иран тарапының жасап отырған әрекеттері миға қонбайды. Ол бұғазда қауіпсіздік болу үшін қолдан келгенін жасаймыз. Бұл – халықаралық деңгейдегі мәселе. Әлем елдері бұл тұста бізді қолдары анық.

13 маусым күні таңертең Оман шығанағында жапондық және норвегиялық екі танкер апат сигналын қосқан. Жағдайды ушықтыра түскен оқиға осы. Ізінше, америкалық кемелер бірден көмекке келеді. Белгілі болғандай, екі танкерге де шабуыл жасалған. «Кокука Карейджес» танкеріндегі 21, «Фронт Альтаир» экипажындағы 23 адам қауіпсіз жерге эвакуацияланды. АҚШ шабуылға Иран тарапын кіналап, қысымын күшейте түсті. Израильдік Нетаньяху болса серіктесінің мәлімдемесін қостай кетті.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

– Иран тарапы халықаралық деңгейдегі келісімді бұзып отыр. Уран өндіруді жоғары деңгейге дейін көтермек. Бұл өзге елдердің мүдделерін елемеу деген сөз. Мен халықаралық қоғамдастықтарды Иранға қарсы санкциялар салуға шақырамын. Израиль Тегеранға ядролық қаруды құруға жол бермейді.

АҚШ-тың одан қоса Израильдің қысымы мен жала жабуынан шаршаған Иран ресми мәлімдеме жасады. Ел Президенті шабуылға біздің қатысымыз жоқ дейді. Бірақ негізсіз жала жабыла беретін болса, Иран ядролық келісімнің шарттарын бұзып, уран өндірісін арттыра түсетіндігін айтты.

Хасан Роухани, Иран президенті:

– Иран ядролық келісімін Тегеран ғана орындап келеді. Оған қоса санкцияның астында қалып отырған да Тегеран. Сонда бізге не пайда? Тараптардың барлығы келісімге сай бұл шарттарды орындаса, мұндай дау шықпас еді. Сондықтан біздің тараптар да құжаттағы келісімдерді бұзуы мүмкін.

Еске сала кетейік, ядролық келісімнен Дональд Трамп алғашқылардың бірі болып бас тартқан. Ізінше арадағы шиеленіс арта түсті. Енді міне барлық тарап құжаттағы шарттарды орындаудан бас тартуы мүмкін. Бұл орайда Ресей мен Қытай тарапы Иранға қатысты қысымды тоқтату керек деген мәлімдеме жасады.

Ван Йи, Қытай сыртқы істер министрі:

– Біз бұл шиеленісте барлық тарапты сабырлы болуға шақырамыз. Әсіресе, АҚШ біржақты қысым көрсетуін доғаруы керек. Бұл халықаралық нормаға, құқыққа қарама-қайшы әрекет. Мұндай сес көрсету немесе әкерін жіберу деген әрекеттер мәселені шешпейді. Керісінше отқа май құю мүмкін.

Осылайша әлем елдерінің пікірі екіге бөлінді. Израиль сынды мемлекеттер өз серіктестерін жақтап, Иранға санкция салу керек дейді. Ал кейбір елдер біржақты қысым заңға қайшы әрекет екенін алға тартады. Еуроодақ Иран тарапы ядролық келісімнен бас тартпайды деген сенімін білдірді.

Бір ай бұрын Пентагон бұл өңірге 1500 әскерін жіберген еді. Ол кезде де әрекетін жағдайдың ушығуы деп түсіндірген. Сарапшылардың айтуынша, Вашингтон тағы әскерін жіберіп, қысымын тоқтатпаса, сөзбен сес көрсетудің соңы қарулы қақтығысқа бірақ әкелуі мүмкін.

Хабар 24 телеарнасы