383,69 432.40 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Араб журналисін өлтіру Сауд Арабиясы тарапынан жасалған сорақы әрекет – Ердоған

  • 160
  • UPD: 23:21, 20.06.2019

Джамаль Хашагджи Сауд Арабиясы ресми өкілдерінің тапсырысымен қасақана айуандықпен өлтірілген.

Түркиядағы сапарын аяқтаған тергеуші Аньес Каламар осындай қорытындыға келді. Оның айтуынша, Хашагджидің мәйіті табылмаған. Дегенмен, Стамбулдағы Сауд Арабиясы елшілігіндегі жазылған дыбыстың кейбір бөліктері тыңдалыпты.

Аньес Каламар, БҰҰ арнайы баяндамашысы:

- Менің Түркиядағы миссиямның қорытындысы бойынша Хашагджи Сауд Арабиясының беделді өкілдерінің тапсырысымен қасақана өлтірілген. Бұл барып тұрған хайуандық. Жақындары үшін орны толмас қаза. Мәселені халықаралық деңгейде БҰҰ-ның араласуымен шешу керек.

Каламар Сауд Арабиясының жүргізген тергеуінде ашықтық болмағанын да айтты. Тіпті Эр-Рияд күдікті деп тапқан 11 адамның бұл іске қатысы болмауы мүмкін. Ал бұл мәлімдемені естіген Түркия Президенті Реджеп Тайип Ердоған мұрагер ханзаданы да, мемлекеттің басшыларын да жазалау керектігін айтады. Себебі бұл ел халықаралық деңгейде адам құқығының тапталуына жол беріп отыр.  

Реджеп Тайип Ердоған, Түркия Президенті:

- БҰҰ-ның есебінде Сауд Арабиясының кінәлі екені айтылады. Және оны Түркияға келген тергеушілер айғақтармен дәлелдеп берді. Сол үшін Эр-Риядты жазаға тарту керек. Бұл мемлекет тарапынан жасалған сорақы әрекет. 

Еске сала кетейік, журналист Джамаль Хашагджи 2018 жылы екінші қазанда көз жұмған еді. Ол Стамбулда орналасқан Сауд Арабиясының елшілігіне кіріп, сол күйі іс-түссіз жоғалып кеткен. Орталық Барлау Басқармасы және батыстың тыңшылық қызметінің ақпарынша Эр-Рияд туралы жағымсыз материалдар жазған тілші мұрагер ханзада Мұхаммед бин Салманның тапсырысымен өлтірілген. Бірақ, Сауд Арабиясы бұл айыпты мойындамай отыр. Соған қарамастан әлемдік ұйымдар халықаралық тергеуді жалғастыратын болады.

Стефан Дюжжарик, БҰҰ баспасөз хатшысы:

- Бас Хатшы Антониу Гутерриш бұл қылмыстың хайуандық екенін айтады. Және халықаралық деңгейде журналистерді және адам құқықтарын қорғау үшін қолдан келгенін жасайды. Ендігіде халықаралық тергеу жұмыстарын бастау үшін ұйымға мүше мемлекеттер бірлесе шешім қабылдап, жұмыс істеу керек. Сондай-ақ қауіпсіздік Кеңесінің резолюциясын іске қосамыз.  

БҰҰ-ның арнайы баяндамашысы Аньес Каламар әлем елдерін Сауд Арабиясына қатысты санкция салуға шақырды. Сондай-ақ қылмысқа тікелей қатысы бар мұрагер ханзада мен беделді билік өкілдерінің әрқайсысына жеке санкция салу керектігін айтты.

- Енді бұл іске қатысты қандай шешім қабылданды? Әлем елдері не дейді?

- Әзірге ресми мәлімдемені тек Түркия ғана жасады. Ал Каламар баяндамасын 26 маусым күні БҰҰ-ның Кеңесінде, 47 елдің қатысуымен оқиды. Содан соң халықаралық тергеу басталады деп күтілуде.

Хабар 24 телеарнасы