388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АҚШ-Қытай сауда соғысы: бірі жақтайды, екіншісіне жақпайды

  • 413
  • UPD: 14:01, 21.06.2019
АҚШ-Қытай сауда соғысы: бірі жақтайды, екіншісіне жақпайды

Қытаймен сауда текетіресі АҚШ тұрғындарының пікірін екіге жарды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Біреулері Дональд Трамп өз елінің мүддесін қорғап жүр деп санайды. Ал қалғаны осы дау АҚШ бизнесіне нұқсан келтіреді деп қауіптенеді.

АҚШ пен Қытай арасындағы бәсеке ушығып тұр. Алпауыт екі ел арасында іс жүзінде сауда соғысы жүріп жатыр, одан кім ұтатынын болжау қиын. Осыған байланысты көптеген мемлекет басшылары мен халықаралық ұйымдар өз алаңдаушылығын білдіріп отыр. Жақында Euronews арнасына сұхбат берген президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл даудың Қазақстан экономикасына төндірген қатері туралы айтып берді. Бұл ретте АҚШ тұрғындарының осы жағдайға қатысты пікірі де әртүрлі. Іскер қауым өкілдері бұл жанжал экономикаға кері әсерін тигізетіндігін айтып отыр.

Алис Дайсарт, АҚШ компаниясының басқарушы директоры:

– Менімен бірге жұмыс істейтін америкалық құрылыс компаниялардың бірі тиімсіз шешім қабылдауға мәжбүр болған. Қосымша капиталға мұқтаж болғанымен, қытайлық инвестормен ынтымақтастығын үзді. Енді оларға жаңа серіктес іздеуге немесе кәсіп жүргізу әдістерін өзгертуіне тура келеді. Бұл бизнеске, атап айтқанда, ауыл шаруашылығына экономикалық соққы болды. Иә, қазынаға түсетін баж салығы артты, бірақ бұл ұзаққа бармайтын пайда екені белгілі. Болашағымызға әсер етіп, бәрімізге зиян келтіріп отыр.

Келесі аптада Жапонияда «Үлкен жиырмалық» тобының саммиті өтеді. Онда президент Дональд Трамп Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинмен кездеседі деген болжам бар. Бірақ көпшілік бұл келіссөздерден оң нәтиже күтпейді. Кейбір америкалық сарапшылардың пікірінше, Трамп райынан қайтпайды. Яғни елінің мүддесін мық сақтайды.

Дэвид Валера, экономикалық сарапшы:

- Екі ел осы жағдайға қатысты тиімді шешім табады деген үмітім бар. Дональд Трамп қандай мақсатқа жеткісі келіп тұрғанын түсінемін. Қытай талай рет АҚШ тарапына әділетсіз қарағаны бар. Мысалы, Google, Facebook, Instagram компанияларын өз нарығына жіберген жоқ. Мақұл, Қытайда қытайлықтар пайда тапсын, осы ұстанымын түсінуге болады. Бірақ бұрынғы президенттерден бір айырмашылығы, Трамп америкалықтардың мүддесін қорғап келеді. Бұл істі бұрынғы әкімшіліктер қолға алуы тиіс еді. Трамптың кейбір қадамдарына келіспейтін шығармын, бірақ неліктен осылай істеп жүргенін жақсы түсінемін. Елдеріміз шешім табатынына үмітім бар, алайда Қытай өз мүддесін қорғағандай, Америка мүдделері де ескеріліп, мық сақталғанын қалаймын. Сондықтан Трамптың қазіргі қимылын өз басым толығымен қолдаймын.

Илин Ли, АҚШ-Қытай мәдени ынтымақтастық орталығының президенті:

– Ұлтым – қытай, АҚШ азаматымын, екі елді де сүйемін. Қос мемлекет арасындағы сауда-саттық мәселелері уақытша деп санаймын. Күндердің-күнінде мәселе оң шешімін табар. Осы туралы жаман ойлағым келмейді. Болашақта АҚШ пен Қытай арасындағы қарым-қатынас жылиды деген пікірдемін. Өйткені осы дүниеде біз бір-бірімізге қажетпіз. Құр тірескеннен еш пайда жоқ.

Алпауыт елдер арасындағы сауда тартысы жаһан жұртына әсер етіп жүргенін көріп отырмыз. Бұл тек бизнеске ғана емес, АҚШ пен Қытай арасындағы бүкіл қатынастарға нұқсан келтіруі мүмкін.

Авторлары: Майра Әбдірахманова, Ренат Садыров

Хабар 24 телеарнасы