384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қырғызстандық балалар жазғы демалысын қалай өткізеді

  • 376
  • UPD: 09:02, 24.06.2019

Көрші Қырғызстан билігі де балалардың жазғы демалысына ерекше көңіл бөлуде.

Бішкек қаласының әкімдігі жеткіншектердің уақыты барынша қызықты әрі пайдалы өтуі үшін барын салып бағуда. Оқушылар ойын-сауық бағдарламаларына қатысып, қосымша білім алуға мүмкіндік алады.

Бішкекте суға шомылу маусымы ашылды. Бұл – балаларды  қуантқан басты жаңалықтардың бірі. Хауыздар, су бетіндегі ойын-сауық орталықтары мен аквапарктер жазғы демалысқа шыққан оқушыларға қызмет көрсетуге сақадай-сай тұр.

Марат Усенов, Бішкек мэриясы дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы: 

– Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мақсатымен дене шынықтыру және спорт басқармасы бірқатар спорт жарыстары мен ойын-сауық шараларын өткізуді жоспарлап отыр. Әр ауданда жазғы спартакиадалар өтеді. Сондай-ақ аудандық әкімшіліктермен бірлесіп 60 пайыздық жеңілдікпен «Дельфин» мен Оңтүстік-2 хауыздарына балаларды жіберу көзделіп отыр. Жалпы, бүкіл балаларды қамтуға тырысамыз.

Хауыздар мен ойын-сауық орталықтарына баратын топтарға ең алдымен әл-ауқаты төмен және көп балалары отбасылардан шыққан балаларды қосады. Сондай-ақ он жыл бойы Бішкек мэриясының білім беру басқармасы мектептер жанында лагерьлер ұйымдастырып келеді. Онда жасөспірімдер күні бойы болады. Сәйкесінше мезгілімен тамақтандырылып, түрлі шаралар ұйымдастырылмақ.

Элиза Жолоева, мектеп жанындағы лагердің жетекшісі:

– Күнде таңертеңгі жаттығу жасаймыз, сосын еңбек десанты өтеді. Сағат тоғыздан он бірге дейін түрлі үйірмелерге қатысады. Оларға жетекшілік ететін ұстаздар күн сайын келіп тұрады. Сабақтарын ойын түрінде өткізеді, осы мақсатта арнайы тәсілдеме де әзірленген.

Бішкекте осындай 47 мектеп жанындағы лагерь ұйымдастырылған. Жыл сайын онда шамамен 4 мың бала демалуға мүмкіндік алады. Мектеп жанындағы лагерьлер тегін. Олардың жұмысына негізгі қаражат қала бюджетінен бөлінеді.

Авторы: Бақыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы