384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әлем жастарын не мазалайды?

  • 223
  • UPD: 21:24, 24.06.2019

Лиссабонда жаһанның жүз мемлекетінен жастар мәселесіне жауапты басшылар жиналып, кейінгі буында қолдау жайын талқылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Лиссабондағы Альтис-аренада әлемдегі жүз мемлекеттің министрлері бас қосты. Олардың барлығы – өз еліндегі жастарға қатысты саясатқа жауапты тұлғалар. Әлемнің әр қиырында орналасқанымен, гүлденген Скандинавия және дамушы Африкадағы жас буынды тақылеттес мәселелер толғандырып отыр. Бұл – сапалы білім мен медицинаның қолжетімдігі және лайықты жұмыс табу.

Телма Тешейра, студент:

– Жұмыс табу жастар үшін өзекті мәселеге айналып отыр . Кейбір салаларда мамандардың біліктілігіне қойылған талаптар өскен. Жастарға осындай шарттарды орындап, еңбек нарығында өз орнын табу тіптен қиындап кетті.

БҰҰ-ның мәліметінше, әлем жастарының 30 пайыздан астамы – жұмыссыз. Осы тұрғыда Қазақстандағы жағдай көңіл көншітеді. Жастар орта білімді тегін алады. Университеттерде оқуға ондаған мың грант бөлінеді. Баспана алу мен өз кәсібін ашуға тиісті жеңілдіктер қарастырылған.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

– Мемлекет дарынды жастардың шетелде білім алуын қаржыландырады. Әлемнің озық университеттерінде біздің 13 мыңнан астам студентіміз білім нәрімен сусындады. Сонымен қатар цифрлы технологиялардың дамуы мен жаһан экономикасында болып жатқан тың өзгерістерге байланысты жастар саясатын да өзгерту қажеттігін түсінеміз. Осы мақсатта Тұңғыш Президентіміз – Нұрсұлтан Назарбаев биыл Қазақстанда Жастар жылын жариялаған.

Соңғы рет жастарға арналған жаһандық декларация 1998 жылы қабылданған болатын. Осы уақыт аралығында әлем өзгергендіктен, жастар ортасына да жаңашылдық енгізу қажет. Ауа райының жылынуына қарсы күрес, цифрлы революция сынды салаларда жастар белсенді болғанымен, нақты саясаттан алшақ болып отыр. Конференцияға қатысушылар осы жағдайды өзгертуге ниетті екендіктерін жеткізді.

Марселу Ребелу Ди Соза, Португалия президенті:

– Тірі болсам, 2040 жылы өтетін келесі конференцияға қатысып, толайым табысқа қол жеткізген жастардың жүзін көргім келеді. Бүкіл адамзаттың болашағы – жастар.

Конференция нәтижесі бойынша Лиссабон-21 декларациясы қабылданды. Онда министрлер жаһандық және жергілікті мәселелерді шешуге жастарды барынша тартуға міндеттеме алған.

Авторы: Әлия Сыздықова

Хабар 24 телеарнасы