384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҰҰ: Шығанақтағы шабуылға жол берілмеуі тиіс

  • 175
  • UPD: 22:45, 24.06.2019

Йемендегі хуситтер Сауд Арабиясының оңтүстігіндегі Аба әуежайына шабуыл жасады.

Бір адам қаза тауып, жетеуі жараланған. Осылайша, Иранмен одақтас хуситтер Сауд Арабиясының мазасын қашырып, Парсы шығанағындағы жағдайды ушықтырып отыр. Өңірдегі жағдай Иран мен АҚШ арасындағы шиеленіске байланысты онсыз да оңып тұрған жоқ. Осыдан бірер күн бұрын Иран АҚШ-тың жойғыш ұшағын атып түсіргені белгілі. Ақ үй басшысы соғыс бастаймын деп сес көрсеткенмен, кейін бұл райынан қайтты.

Майк Помпео Сауд Арабиясына келіп жетті. Алдымен АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Сауд Арабиясының королі Сәлман бен Әбдел Азизбен кездесіп, Оман шығанағындағы ахуалды талқылады. Араб еліне аттанбас бұрын, Майк Помпео бұл мәселеге қатысты ресми мәлімдеме жасаған еді. Ол АҚШ-тың Иран аумағында тыңшылық етуі және шекараны бұзу туралы ақпардың жалған екенін айтты. Ирандықтарды түйрей сөйлеген Помпео оларға ескерту жасады. Егер Иран жағдайды осылай ушықтыра берсе, онда АҚШ күллі әлемді оған қарсы қоятынын жеткізді.

Майк Помпео, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы:

– Парсы шығанағындағы Одақ қана емес, өңірдегі қауіпті жақсы түсінетін Азия мен Еуропадағы елдері терроризді жақтайтын Иранға қарсы шығады. Дональд Трамп бастаған іс аяғына дейін жететінін әлі де көресіздер. Осы дүйсенбіде Иранға қарсы жаңа санкциялар салынады. Иранның ядролық қару жүйесі мен зымыран бағдарламасын іске асыруына жол бермейтінімізді жаһан елдері жақсы түсінуі тиіс.

Дей тұрғанымен, АҚШ-тың соғыс ашар ойы жоқ. Текетіресті өрбіткен Иран, тығырықтан шығар жолды да Иранның өзі іздеуі тиіс дегенді айтып қалды Помпео. Бейбіт келісімді қолдайтын Вашингтон арадағы түсінбестікке көз жұмуға дайын екенін де білдірді. 

Өз кезегінде Иран тарапы арадағы текетіресті тоқтатқысы келетінін жеткізді. Алайда АҚШ-тың Иранға жала жауып, күллі әлемге қарсы қоюын құптамайды. Тегеранды терроризмнің ошағы деп айыптағанша, Вашингтон Иранға қарсы экономикалық террорын тоқтатуы керек. Ол үшін Еуропа елдері араға түсіп, ортақ мәмілеге келтіруі тиіс, - дейді сыртқы істер министрлігінің өкілі Сейед Аббас Мусави. 

Сейед Аббас Мусави, Иранның сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

– Соңғы 40 жылда АҚШ-тың бізге салмаған санкциясы қалмады. Одан не ұтты? Ешнәрсе ұтпады. Иранның бірлескен кешенді іс-қимыл жоспары аясында заңды құқығы қамтылмайынша, біз ядролық келісімде бізге жүктелген міндеттемеден біртіндеп бас тартамыз. Сондықтан Еуропа елдері үшін мәселенің шешімін табуға бірнеше күн қалды. Олар не істеу керегін жақсы біледі. Ешқандай шара қолданбаса, онда біз келесі қадамға көшеміз.

Ия дауға қалған ядролық келісімді сақтау үшін Еуропа елдері өз ұсыныстарын енгізуі тиіс. Бұл ретте Ұлыбританияның достастық ісі жөніндегі сыртқы істер министрінің орынбасары жексенбі күні жұмыс сапарымен Тегеранға барды. Иранның мемлекеттік арнасы арқылы Эндрю Мориссонның Иранның бұрынғы сыртқы істер министрі Камаль Хазаримен кездесуі көрсетілді. Тараптар шығанақтағы жағдайды ушықтырмаудың амалын талқылады. Алайда, кездесу қорытындысы құпия күйінде қалды. 

БҰҰ-ның  бас хатшысы Антонио Гутериш Парсы шығанағында жағдай жөнінде тіс жармаған еді. Алайда Лиссабондағы жиында соғысқа жол берілмеуі тиіс дегенді айтты.

Антонио Гутерриш, БҰҰ-ның бас хатшысы:

– Шығанақтағы жағдайды жіті назарда ұстау өте маңызды. Мұндай жағдайда сабыр сақтаған жөн. Әлем шығанақтағы соғысты көтере алмайды.

Естеріңізге сала кетсек, маусымның 22-і күні Иранның әскери күші АҚШ-тың жойғыш ұшағын атып түсірген болатын. Өңірге мыңдаған әскери жіберген Вашингтон дереу қарымта жауап беруге дайын еді. Алайда, соғыс ашқысы келмеген Дональд Трамп осы дүйсенбіден бастап санкцияны күшейтуге бел буды. Айтқанынан қайтпай отырған қос тарапты Еуропа елдері ортақ мәмілеге келтіре ала ма?

Хабар 24 телеарнасы