384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Солтүстік Корея мен АҚШ келіссөздері жалғасын табады ма?

  • 189
  • UPD: 23:31, 27.06.2019
Солтүстік Корея мен АҚШ келіссөздері жалғасын табады ма? КазТАГ

АҚШ президенті Дональд Трамп Корей түбегіне келіп Пхеньянға үндеу тастауы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Ақ үй басшысының маусымның 29-ы күні Сеулға сапары жоспарланған. Дональд Трамп Мун Чже Инмен кездесіп, көрші Солтүстік Кореямен ядролық қарусыздану жөніндегі келіссөздерді жалғастыру мүмкіндігін талқылайды. G-20 саммитінен кейінгі маңызды шараға Оңтүстік Корея басшылығы қызу дайындалып жатыр.

Дональд Трамптың gрезиденттік мерзімі аяқталуға жақын. Яғни келесі жылы АҚШ жаңадан мемлекет басшысын сайлайтыны белгілі. Сондықтан Трамп бастаған ісін соңына дейін жеткізуге тырысатыны белгілі. Оның үстіне Оңтүстік Кореяның бұл мәселедегі мүддесі зор. Сол себепті, Трамптың Сеулге сапары жоғары маңызға ие.

Вьетнамдағы сценарийдің қайталануына жол берілмеуі тиіс. Оңтүстік Кореяның бірігу ісі жөніндегі министрі Ким Ён Чул арнайы жиын кезінде тараптарды ортақ мәмілеге келтіруге барынша күш салу қажеттігін ескертті.

Естеріңізге салсақ, АҚШ пен Солтүстік Корея басшыларының ядрjлық қарусыздануға қатысты Ханоедегі келіссөзі тығырыққа тіреліп, ақыры нәтижесіз аяқталған болатын.

Ким ён чул. Оңтүстік кореяның бірігу ісі жөніндені министрі:

– Йонбёндегі ядролық кешенді жою мәселесіне қатысты түсінбестіктің қай тұста туындауы мүмкіндігін алдын ала анықтап алғанымыз жөн. Солтүстік Корея мен АҚШ-тың үшінші саммитіне дайындық кезінде осыны ескерген маңызы. Сонда қос тарапты ортақ мәмілеге келтіруге болады деген сенімдеміз.

Бұған қатысты Америка тарабының да Сеулдегі әріптестерімен ойы бір жерден шығады. Солтүстік Корея ісі бойынша АҚШ-тың арнайы өкілі Стивен Бигун бүгін Оңтүстік Кореяға келіп жетті. Арнайы жұмыс тобының басшысы Дональд Трамп Сеулге келмей тұрып, Солтүстік Кореямен келіссөздер бойынша дайындықты пысықтамақ. Ал Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Иннің пікірінше, Ресей мен Қытай екі жақтап Пхеньянды ядролық бағдарламадан бас тартуға көндіре алады. 

Мун Чжэ Ин, Оңтүстік Корея президенті:

– Корей түбегіндегі мәселенің бейбіт шешімін табуда Қытай мен Ресейдің рөлі айрықша екені белгілі. Пхеньянның келіссөздер үстеліне қайта оралуына Мәскеу мен Бейжің көмектеседі деген үміттемін.

«Ядролық бағдарламаны тоқтатуы үшін АҚШ жаңа стратегия қолдануы керек», – дейді Америкамен келіссөздерге жауапты Солтүстік Кореяның дипломаты Квон Чжон Гын. Бұл туралы ресми мәлімдеме Пхеньянның интернет баспасында жарияланды. Онда «діттеген мақсатына жеткісі келсе, АҚШ біздің мүддемізбен санасуы тиіс» делінген.

Квон Чжон Гын, КХДР сыртқы істер министрлігінің Америка ісі жөніндегі департамент директоры:

– Келіссөздерді жаңғыртқысы келсе, Құрама Штаттар 2019 жылдың аяғына дейін өз ұстанымын өзгертуі тиіс. Ол үшін АҚШ Корей Халық Демократиялық Республикасының ұстанымын жақсы түсінетін, білгір бітімгерді тағайындауы қажет. АҚШ қандай да бір нәтиже шығарғысы келсе, онда уақыттың тығыз екенін ескергені жөн.

Сонымен, АҚШ президенті Дональд Трамп Азияға сапары кезінде Пхеньянға қандай үндеу тастайды? Солтүстік Кореяның басшысы Ким Чен Ын оған қандай жауап беруі мүмкін? Оны осы аптаның соңында білетін боламыз.

Авторы: Бақыт Топтаева

Хабар 24 телеарнасы