384,36 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еуропа мен Иран өзара бизнесті бастап кетті

  • 153
  • UPD: 14:21, 01.07.2019
Еуропа мен Иран өзара бизнесті бастап кетті Arka.am

АҚШ пен Иран арасындағы текетірес ушыға түсті, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Алайда Ислам мемлекетіне Еуропаның қолдауы күшейді. Еуроодақ пен Иран арасында таяуда өзара есеп айырысатын INSTEX арнайы механизм іске қосылды. Бұған қатысты ресми Вашингтонның ұстанымы қандай?

Франция, Германия және Ұлыбритания Иранмен INSTEX қаржылық есеп айырысу механизмін іске қосты. Еуропа елдері америкалық санкцияларға қарамастан, осындай қадамға барды. Қазірдің өзінде бірнеше қаржылық аударым сәтті жүзеге асып отыр. Жаңа механизмге Еуропаның өзге де мемлекеттері қосылуға ниетті. Сол арқылы Иранмен заңды түрде бизнес жүргізуге мүмкіндік туады. Бұдан бөлек үшінші елдердің экономикалық операторларына арналған бағдарлама да қолға алынуы мүмкін.

Хамидреза Таэмасби, экономикалық шолушы:

– АҚШ пен Иранның келіспеушілігі енді жойылатын секілді. Біз солай деп үміттеніп отырмыз. Вашингтонға бұл санкциялардың ешкімге қажет еместігін аңғарттық. Оның жақын одақтастары ресми Париж, Берлин және Лондон осыны түсінді. Біреулер бұл жайтты жаппай «долларсызданудың» қадамы деп ойлар. Мейлі, солай-ақ болсын. Себебі, біздің бизнеске ол кері әсер етеді. Келісімдеріміз жойылып жатса, оған осындай жауап қайтаруымыз заңдылық.

Әлемдік бизнестің «долларсыздану» үдерісі Құрама Штаттардың шамына тиген секілді. Алайда қазір Иран секілді мемлекетке америкалық ақша белгісімен есеп айырысу мүмкін емес. Сондықтан Еуропа ислам елінің іскерлік ортасында қаржылық өзгеріс жүргізуге әзір екенін хабарлады. Кәрі құрлық тарапы INSTEX механизміне біраз жыл дайындалғаны белгілі. Оны басқарушы ретінде германиялық маман тағайындалды. Жаңа жүйенің кеңсесі Парижде орналасады деп шешілсе, британиялықтар бақылаушы кеңеске жетекшілік ететін болды.  

Мэхран Наваи, сарапшы:

– Ядролық қару мәселелерінен барлығы қажыды. Адамдар қалыпты өмір сүріп, жұмыс істегісі келеді. Санкциялар арқылы біздің тіземізді бүктіруге тырысты. Бірақ олар тек Тегеранға емес, барлық тарапға кері әсерін тигізді. Ақырында көбі ақылға келді. Еуропа осы қадамы арқылы арадағы келіспеушілікті жоюы мүмкін.

Таяуда ресми Тегеран ядролық келісім жөніндегі бірлескен жалпы іс-қимыл жоспарының күші жойылған күннің өзінде, қырып-жою қаруын жасамайтынын мәлімдеді. Дегенмен уранды толық көлемде байыту ісінен бас тартпайтынын аңғартты. Яғни ғылыми мақсатта өндіріс жалғаса бермек. Ал АҚШ бұлай болған жағдайда Иранға қарсы санкциялардың тағы бір легін ойлап табатынын меңзеді. 

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Юлия Гнатюк, Дмитрий Лукша, Махмуд Махмуди

Хабар 24 телеарнасы