384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жапонияда ақылы жолдардың жағдайын 3 компания қадағалайды

  • 127
  • UPD: 14:25, 01.07.2019

Жапониядағы негізгі күре жол болып саналатын Томэй автобанының салынғанына биыл 50 жыл толды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Токио мен Аичи   префектурасын байланыстыратын бұл жол Күншығыс елінің  қарқынды дамуына орасан зор септігін тигізген. Күре жолдың экономикалық табысы шамамен 560 миллиард долларға бағаланып отыр. 

40 жастағы Миками Юикиро – кәсіпкер. Сондықтан уақытын барынша тиімді жұмсауға тырысады. Бір күннің ішінде түрлі қалаларда болатын бірнеше кездесуге үлгеруі тиіс. Кейде жүздеген шақырым жол жүруге мәжбүр. Ақылы жолдарды пайдаланған үшін айына орта есеппен 500 доллар жұмсайды.

Миками Юикиро, кәсіпкер:

– Әрине, арзандау болғанын қалаймыз. Бірақ осының салдарынан жолдардың сапасы нашарлап, дер кезінде жөнделмейтінін түсінеміз. Сол себептен бәрі осылай қала берсін.

Осыдан 60 жыл бұрын Жапония жолдарының тек 25 пайызына ғана асфальт төселгенін елестету қиын. Соғыстан кейін елді жаңғырту үшін шұғыл түрде тиісті инфрақұрылым салу қажет болған. 1956 жылы жедел жол құрылысы басталған болатын. Қазірде олардың арақашықтығы 14 мың шақырым шамасында. Бірақ қайда барса да көлік жүргізушінің таңдауы бар. Ақша төлеп автобанмен тез жете алады, әлде тегін жолмен жүреді.

Миками Юикиро, кәсіпкер:

– Ақылы жолдарда бағдаршамдар жоқ, жылдам жүруіңе болады. Қалада сағатына 60 шақырым, ал елді мекендерден тыс жерде 120 шақырым жылдамдықпен жүруге рұқсат. Кептеліс те болмайды. Ал тегін жолдарда үнемі тоқтауыңа тура келеді, көп дегенде сағатына 40 шақырыммен қозғаласың. Бұл өте баяу.

Осыдан 15 жыл бұрын жедел жолдар жеке меншікке өткен. Қазір олардың жағдайын 3 компания қадағалайды. Жол ақысы қымбат, алайда демалыс күндері мен түнгі уақытта бағасы түседі. 50 жылда ақысы тек көтеріліп келген. Бірақ Жапония экономикасының қазіргі күйі ақылы жолдар мемлекетке де, тұрғындарға да тиімді екенін айғақтап отыр.

Авторы: Айгерім Оразалиева

Хабар 24 телеарнасы