389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еуропа аптап ыстықтан әбігерге түсті

  • 413
  • UPD: 21:38, 01.07.2019

 

Кәрі құрлық тұрғындарынан маза қашты. Италияда аптақ ыстық салдарынан үш адам көз жұмды.

Жергілікті билік мемлекеттің 16 ірі шаһарында ауа-райы қаупінің қызыл деңгейін енгізді. Оның ішінде ауқымды әкімшілік орталықтары бар. Олар Рим, Милан, Венеция және Флоренция. Бұл қалаларда термометр көрсеткіші 45 градус цельсийдан түсер емес. Одан бөлек, Еуропаның солтүстігінде де жағдай мәз емес көрінеді. Метеорологтардың айтуынша Ұлыбританияда өткен сенбі, тарихтағы ең ыстық күн болды. Ал, Германияда ауа-райы температурасы 42,3 градусқа жетті.

- Күн өте ыстық. Кешке дейін салқындап, судан шықпай отырмыз. Күннен қорғайтын кремдер, бас киімдер көмектесер емес.

- Мына ыстықтан жағажайда бірнеше адам талып қалып жатты. Демалуға келген едік, керісінше желдеткіштің қасында сыртқа шығуға қорқып отырмыз.

Еуропадағы аптап ыстық салдары орман өртіне ұласуда. Испанияда ауа-райы 43 градустан асқан. Каталондық елді мекен Террагонда 6 мың гектар орманның тек күлі ғана қалды. Отпен күресуге 15 тікұшақ, 260 өрт сөндіруші, 60 шақты көлік тартылған. Бұл соңғы жиырма жылдағы ең ауқымды орман өрті. Сондай-ақ, Толедо өңірінде 2 мың гектар аумақты қызыл жалын шарпыды. Өрт әлі де жалғасып жатыр. Тұрғындар қауіпсіз жерге эвакуациялануда.

Блиц

- Толедо да күн қатты ысып, өрт туындады. Жергілікті билік үйіміз аман дейді. Әзірге ешқандай ақпар ала алмай отырмыз.

- Өте ыстық. Мүмкін емес. Түнде ұйықтай алмайсың. Мұндай ауа-райына екінің бірі шыдай алмайды.

Францияда аптап ыстықтан үш адам көз жұмды. Галларг-ле-Монтюе қаласында ауа температурасы 45,8 градус цельсийге жеткен. Мұндай ыстық соңғы рет 2003 жылы болған еді. Ол кезде жүздеген адам ажал құшқан. Елдің 4 өңірінде қызыл деңгейлі ескерту жарияланды. 4 мың мектеп жұмысын уақытша тоқтатты. Одан бөлек 60-тан астам өрт ошағы тіркелген. Еуропадағы ыстыққа байланысты Рим Папасы халықты сабырлы әрі сақ болуға шақырды. 

Франциск, Рим Папасы:

- Ашық аспан астында жұмыс істейтін азаматтарды абай болуға шақырамын. Аптап ыстықтан барынша қорғануға тырысыңыздар. Егде жастағы немесе балаларды күннің астында қалдырмаңыздар. Қиналып жатқан тұрғындарды көрсеңіз, қолдау білдіріп, көмектесіңіздер.

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның хабарлауынша биыл әлем бойынша ең ыстық жыл. Күннің күрт ысуын кейбір сарапшылар ауаның ластануынан деп те болжам жасауда. Мамандардың айтуынша, мұндай температура алдағы аптада да сақталады.  

Клэр Нуллис, дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның баспасөз хатшысы:

- Қазір түрлі сарапшылар түрлі нұсқаларды айтуда. Ауаның ластануынан ыстық орын алуда деп айту жаңсақ пікір. Бұл әлі зерттелетін тақырып. Ал биылғы жыл ауа-райының ең жоғары көрсеткіші тіркелетін рекордтық жыл. Сондықтан, сынаптың жоғары температураны көрсетуі әлі бірнеше аптаға созылады.

Қазір Еуропадағы әкімшілік ғимараттарда  салқын бөлмелер ашылып, сауналар күн-түні жұмыс істеп тұр. Көшелерге қосымша фонтандар орнатылуда. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мектеп ғимараттарына көшіріліп жатыр.

Хабар 24 телеарнасы