384,36 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Иран уран өндірісін арттырды

  • 160
  • UPD: 21:56, 02.07.2019

2015 жылы алты мемлекет бір ауыздан бекіткен Иран ядролық келісімінің шарттарын ресми Тегеран орындаудан бас тартты.

Тіпті төмен байытылған уран өндірісіне бекітілген 300 келі шектемені 4 есеге арттырды. Яғни бұл шикізатты көбейту арқылы Иран атом бомбасын әзірлей алады. Бұл былай тұрсын, Иранның Сыртқы Істер министрі Мохаммад Джавад Зарив алдағы 10 күнде келсімдегі өзге міндеттемелерден де бас тартамыз дейді. Себебін былай түсіндірді.

Мохаммад Джавад Зарив, Иран Сыртқы істер министрі:

- Еуропалықтар үнсіз отыр. Сондықтан Иран тарапы айтқан жоспарларына кірісіп кетті. Алғашқы кезеңде төмен байытылған уран өндірісін арттырдық. Енді тағы еселей түспекпіз. Еуропа тарапы осылай қол қусырып отырса, біздің алдағы қадамымыз белгілі.

Осылайша Иран Еуропа елдеріне өкпесін жеткізді. Себебі Кәрі Құрлық Тегеранға тағылған біржақты санкцияның алдын алу немесе оны айналып өтуге болатындай ештеңе жасаған жоқ. Жалпы, бұл жанжал өткен жылы туындаған. Яғни АҚШ ядролық келісімнен бас тартып, Иранға біржақты санкция салды. Ізінше барлық елді Тегеран мұнайын алмауға шақырды. Ақ Үй басшысы Дональд Трамптың айтуынша бұған себеп Иранның келісім шарттарды дұрыс орындамауы, лаңкестік ұйымдарды қаржыландыруы себеп. Содан бері Вашингтон Тегеранға қысымды күшейткен еді. Ал енді, Иранның мына әрекеті тіптен ашу тудырған сыңайлы.

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- Иранның бұлай шарттарды бұзып, бізге сес көрсетуі қателік болды. Бастысы, олар отпен ойнап отырғанын біліп отыр. Кейін, өкініп қалмаса болғаны.

Тараптар бір-біріне ашықтан ашық қоқан-лоққы көрсетіп жатыр. Ал, халықаралық ұйымдар Тегеранның әрекетіне алаңдаулы. Себебі ел президенті алдағы жексенбіге дейін Еуропа елдері америкалық санкцияны жеңілдетіп, саудаға ыңғайлы жағдай жасай алмаса төмен байытылған уран өндірісін тағы 20 процентке көтермек. Бұл дегеніміз Тегеранның атом бомбасын жасауға 90 процент мүмкіндігі болады деген сөз.

Стефан Дюжаррик, БҰҰ Бас хатшысының баспасөз хатшысы:

- БҰҰ Бас Хатшысы Антониу Гуттериш Иранның төмен байытылған уран өнідірісін бекітілген шектемеден көп арттырғанынан хабардар. Және бұл жағдайға қатысты қатты алаңдаулы. Әлемдік ұйым ретінде Тегеранды ядролық келісім шарттарын бекітілген құжатқа сай орындауға шақырады. Себебі келісімге мүше өзге елдер бұл мәселеге қатысты қолдан келгенін жасап келеді. 

БҰҰ сабырға шақырғанымен, Израиль премьері Биньямин Нетаньяху отқа май құя түскен. Сөйтіп, Еуропа елдерін Иранға қатысты жаппай санкция салуға шақырды. Ал ядролық келісімге мүше мемлекеттер болса, Тегеранға ойлануға уақыт бергендей.

Джереми Хант, Ұлыбританияның сыртқы істер министрі:

- Қазір әлемдегі ең басты мәселе, тіпті соғыс басталып кетуі мүмкін шиеленіс  осы АҚШ пен Иран арасындағы текетірес. Барак Обама АҚШ Президенті болған кезде осы ядролық келісімге қол жеткіздік. Ол кезде Иранның атом бомбасын жасауына бар жоғы 18 ай қалған болатын. Қазір де біз АҚШ тарапындамыз. Бірақ Трамптың саясаты мүлдем басқа. Ядролық қаруы бар Ираннан гөрі саудасы жүріп тұрған мемлекет керек бізге.

Шынында соңғы кездері АҚШ пен Иранның қарым-қатынасы ушығып барады. 20-шы маусым күні америкалық ұшқышсыз басқарылатын құрылғының атып түсірілгені белгілі. Оған дейін Оман бұғазындағы танкерге шабуыл жасалды. Вашингтон мұның барлығы Тегеранның ісі деп, іле-шала елдің қарулы жүйесіне кибершабуыл жасады. Одан бөлек, екі ел көшбасшылары ұлттық арналарда бір-біріне тіл тигізді. Иран президенті Хасан Роухани Ақ Үй басшысын ақыл есі сау емес адамға теңеді. Ал Дональд Трамп Иранның күлін көкке ұшырамын деп твиттерге пост жариялады.

Хабар 24 телеарнасы