384,36 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ресей тұрғындары бензин бағасының қымбаттауына алаңдаулы

  • 146
  • UPD: 22:48, 02.07.2019

Ресей тұрғындары жанармай бағасының шарықтауынан қауіптеніп отыр.

Бұған дейін бір жыл бойына елде үкімет пен мұнай өндірушілер арасында бағаны көтермеу туралы келісім күшінде болған еді. Ал бірінші шілдеден бастап өкімет келісім мерзімін ұзартпауды шешкен. Енді осы шілденің алғашқы күнінен жанармай қымбаттай бастады. Сарапшылар бұл жөнінде ортақ пікірге келе алған жоқ. Бірі күзге дейін жанармай бағасы 10% өседі деп болжаса, енді бірі баға тұрақталатынына сенімді.

Ресейде жанармай бағасы бір жыл бойы тұрақты болған еді. Үкімет пен мұнай компаниялары арасындағы келісімнің арқасында соңғы жарты жылда бензин бағасы екі жарым пайызға ғана өскен. Мұнай компаниялары ішкі нарықты жанармаймен қамтамасыз етті, ал мемлекет оның экспорттық бағадан айырмашылығын өтеп келді. Енді үкімет бөгеуші салықтарға үміт артып отыр. Мұнайға кері акциз енгізілді. Яғни мұнай өңдеуші зауыттар жанармайды ішкі нарыққа  шығарса, оларға төлеген акциздің бір бөлігі қайтарылады.

Григорий Баженов, НТС сараптамалық орталығының басшысы:

- Әлі күнге дейін инфляция-минус деп аталатын тәртіп күшінде. Нақтырақ айтсақ, қазір бөлшек сауда бағасын инфляция деңгейіне индекстеуге көштік. Басты мақсат - бағаның күрт өсуіне жол бермеу. Бұл бағаны тұрақтандырады, бірақ  инвестиция тартып, қалыпты нарықтық үдеріске көшуге мүмкіндік бермейді. Менің ойымша, баға инфляция шегінде ғана көтеріледі.

Экономистер бензиннің күрт қымбаттауына негіз жоқ дейді. Оның құны әлемдік нарықтағы мұнай бағасы мен рубль бағамына тәуелді. Ал қазір мұнай бағасы қымбат емес, әрі рубль бағамы да жоғары болып тұр.

Тимур Нигматуллин, қаржылық сарапшы:

- Қазір бір баррель мұнайдың бағасы 4 мың рубльден сәл жоғары. Яғни 2018-жылдың желтоқсан айында мұнай бағасы өсіп, рубль бағамының әлсіреуіне байланысты жанармай бағасын ұстап тұру керек болса, қазір оның қажеті жоқ. 

Үкімет өкілдерінің мәлімдеуінше, бензин бағасын негізсіз көтеруге тырысқан компаниялар жазаға тартылады. 

Авторлары: Дана Нұржан, Александр Любителев

Хабар 24 телеарнасы