389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Триполидегі әуе соққысынан 44 адам қаза тапты

  • 256
  • UPD: 21:42, 03.07.2019

Триполидегі босқындар лагеріне әуеден шабуыл жасалып, 44 адам қаза тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Халықаралық қоғамдастықтың қолдауына ие Ливия үкіметі бұл істің артында жоғарғы бас қолбасшы Халифа Хафтар тұр деп есептейді.

Соңғы ақпар бойынша 130 босқын түрлі деңгейде жарақат алып, аураханаға жеткізілген. Жергілікті төтенше жағдай қызметі ажал құшқандардың саны артуы мүмкін деп отыр.

Сейсенбі күні кешкісін алаңсыз ұйқыға кеткен 44 босқын сол күйі оянған жоқ. Таджура елді мекенінде орналасқан босқындар лагеріне әуеден соққы жасалған. Жергілікті билік өкілдерінің мәлімдеуінше, қаза тапқандардың басым бөлігі бас сауғалап Африкадан келгендер. Соңғы жылдары дәл осы Ливия Африкадан Еуропаға аттанғандар үшін аялдау базасына айналған-ды. Бірақ бұл елде соғысқа тап болды. Сөйтіп онсыз да арып-ашыған жұрт қаңғыған оққа бастарын байлады.

Отман Муса, босқын:

Қаза тапқандардың басым бөлігі жарақат алғандар. Олар ауруханаға жетпей қаза тапты. Ал, кейбірі қираған нысандардың астында қалып қойған. Біздің бар білетініміз осы. БҰҰ-дан бізді құтқаруын өтінеміз. Өйткені мына жер өте қауіпті. Ал біздің қолдан келетін шарамыз жоқ. Қайда баратынымызды да білмеймін енді.

France Presse агенттігінің ақпары бойынша снарядтардың бірі 120 босқын паналап отырған тұраққа түскен.

Ал, жалпы лагерде мыңнан аса адам болған. БҰҰ мойындаған Ливия үкіметі бұл шабуыл фельдмаршал Халифа Хафтардың ісі деп болжайды. Ол сәуір айында Триполиді қалайда басып алатындығын айтқан еді. Содан бері елге тыныштық бермей келеді. Әуе соққысы жасалған ауданда билікке таласқан қос тараптың арасында қақтығыс жүріп жатқан болатын. БҰҰ бұл шабуылды қатаң сынға алды.

Гасан Саламе, Ливиядағы БҰҰ елшісі:

- Бұл барып тұрған сорақы әрекет. Әскери қылмыс дер едім мұны. Айуандық. Иә, бейбіт босқындарға қалайша оқ атады?! Адамдық қасиеттен жұрдай топтың жасаған қатыгез әрекеті жазасыз қалмауы керек.

Дегенмен, Хафтар әскері бұл айыпты мойындамады. Олар «мигранттар лагеріне жасалған шабуылға еш қатысымыз жоқ», - дейді. Бірақ өңірді азат ету үшін жарылғыш қолданатындықтарын жасырмайды. Өйткені премьер-министр Фаиз Сараджды қолдаушы Түркияның өңірге ұшқышсыз басқарылатын ұшақтар жіберіп, елдің ішкі жағдайына араласып отырғанын қаламайды.

Еске сала кетейік, бұған дейін үкіметке қарсы Хафтар Түркияға наразылығын білдірген болатын. Сөйтіп Сараджды қолдауды әрі әуе және теңіз қатынастарын тоқтатуды талап еткен. Сондай-ақ «Ливия аумағындағы барлық түркиялықтарды тұтқындаймын» деп сес көрсеткен еді.

Ахмед Әл-Месмари, Ливия ұлттық әскерінің генералы:

- Түркиялық ұшқышсыз басқарылатын құрылғы біздің әскери базаларға шабуыл жасамақ болды. Бірақ көзін жойып үлгердік. Алдағы уақытта күн-түн демей өңірді азат ету үшін барымызды салып, әуе соққыларын үдететін боламыз. Сол себепті Триполи тұрғындарын абай болуға шақырамыз.

Айта кетейік, Ливиядағы билікке талас осыдан екі ай бұрын басталған еді. Содан бері елі іші тыншымай тұр. Өкініштісі, Триполиді басып алу операциясының зардабын бейбіт тұрғындар тартып жатыр.

Мәліметтерге қарағанда, босқындардың қатары толастар емес. Тіпті мұндағы лагерьлердегі жағдайдың жантүршігерлік екенін айтып, әлемдік ұйымдар дабыл қағып жатыр ғой. Бірақ Африкадан Еуропаға өтпек болғандар үшін дәл қазір осы өңірден басқа қолайлы аумақ болмай тұрған сыңайлы.

Хабар 24 телеарнасы