388,62 430,50 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Баренц теңізіндегі алапат өрт: қайғылы жағдайға не себеп

  • 442
  • UPD: 23:58, 04.07.2019

14 адамның өмірін жалмаған суасты кемесіндегі өрт аккумулятордағы ақаудан шыққан, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу осылай деп мәлімдеді. Айта кетейік, 1 маусым күні Баренц теңізінде терең сүңгитін кемеде өрт шыққан болатын. Кремль бұл оқиғаға қатысты ақпарларды мемлекеттік құпия деп таратпай келген.

1 маусым күні Баренц теңізінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін су асты кемесінде өрт шыққан. Себеп – аккумулятордағы ақау. Ізінше тұйықталудың соңы қызыл жалынға ұласқан. Бортта болған Ресей әскери-теңіз флотының мамандары өртті сөндіріп үлгерген. Дегенмен 14 әскери шыққан түтіннен уланып, тілге келместен ажал құшқан. Ресми мәліметтерге сай, өрт теңіз түбі топографиясын зерттеу барысында тұтанған. Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу экипаж мүшелерінің кейбірі аман қалғанын айтады.

Сергей Шойгу, Ресей қорғаныс министрі:

– Сын сағатта теңізші әскерилер өздерін нағыз батыр ретінде көрсетті. Отқа оранған бөліктен алдымен азаматтық өкілді эвакуациялаған. Ізінше өрт бүкіл кемеге тарамасын деп сөндіруге кіріскен. Өз өмірлерін қатерге тігіп, қызыл жалынды ауыздықтай алған. Әріптестерімен суасты кемесін құтқарып шыққан.  

Бүгінде өрттің дәл қандай кемеде шыққаны, бортта барлығы қанша адамның болғаны белгісіз. Себебі, Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл ақпарлар мемлекеттік қауіпсіздік мақсатында құпия сақталып қалатындығын айтты. Десе де ресейлік БАҚ апат «Лошарик» атты атомдық суасты стансасында болғанын айтады. Ресейлік сарапшылар аталмыш кеме зерттеу жұмыстары үшін қолданылады десе, америкалық мамандар «бұл – су астында соққы жасайтын құрылғы», – дейді. Сергей Шойгу ел президенті Владимир Путинмен кездесу барысында атомдық энергетикалық аппаратқа зақым келмегенін, кемеге қайта жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтты.

Владимир Путин, РФ президенті:

– Бұл – ғылыми-зерттеу жүргізуге арналған кеме. Экипажда жоғары дәрежелі мамандар болған. Ажал кұшқан 14 адамның жетеуі бірінші деңгейлі капитандар. Екеуі Ресейдің батырлары. Бұл – еліміз үшін орны толмас қаза. Сондықтан қорғаныс министріне тергеу барысын өзі жеке қадағаласын деген тапсырма беремін.

Апаттан екі күн өткен соң Ресей Қорғаныс министрлігі қаза тапқан әскерилердің аты-жөнін жариялады. Оған дейін бұл ақпар да құпия сақталып келген. Сондай-ақ ажал құшқан теңізшілердің Петербор әскери бөлімшесінің қызметкерлері екені анықталды. Бүгінде бұл бөлімшеде және түрлі өңірлерде қаза тапқан теңізшілердің рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қою рәсімі өтіп жатыр. Ал өрттің не себепті шыққанын сарапшылар өздерінше тұспалдауға кірісті.

Павел Фельгенгауэр, қорғаныс мәселелері бойынша сарапшы:

– Өрт болған кезде кеме 200 метрдей тереңдікте болған. Ал «Лошарик» суасты кемесі 6 шақырым тереңдікті бағындыра алады. Сондықтан мұны ғылыми-зерттеу жұмыстары деуге келмейді. Теңіздің түбін зерттесе, экипаж тұңғиығына түсер еді. Бұған дейін суасты кемесіне жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Сондықтан апат кемені сынақтан өткізіп, тексеру кезінде болғанға ұқсайды.

Сарапшылар осылай дейді. Ал кейбір деректерге өрт кешкі сағат 21:00-де шыққан. Ол кезде соңғы ауысым кезекшілікте болып, экипаждың басқа мүшелері тынығып жатқанға ұқсайды. Ал сымдардың өртенгендегі улы иісінен адамдар бірнеше секундта есінен айырылып қалатын көрінеді. Сондықтан қаза тапқан теңізшілер портативті тыныс алу аппаратын қолданып үлгермеген сыңайлы.

Ресей президенті қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Ал Сергей Шойгудың айтуынша, көз жұмған қызметкерлердің балаларына кәмелеттік жасқа толғанша әкелерінің айлығы көлеміндегі көмек көрсетілетін болады.

Авторлары: Жансұлу Дүйсенәлі

Хабар 24 телеарнасы