389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Иран халқы астананы ауыстыру мәселесін талқылап жатыр

  • 349
  • UPD: 21:32, 06.07.2019

Иран елінде де бірнеше жылдан бері ел астанасын көшіру мәселесі көтеріліп жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті парламентарийлер бұл бастаманы талқыға шығарып, ол депутаттардың қолдауына ие болған. Дегенмен, елордасы әлі күнге дейін Тегеранда. Ең алдымен тұрғындары қала мәртебесінің өзгертілуін қалайды. Олардың пікірінше, Тегеранның елорда болуға шамасы жетпей жүр. Инфрақұрылымы да оған лайық емес, халық та тым тығыз қоныстанған.

Сарапшылар елорданы ауыстырудың басты үш себебін атайды. Бұл - Тегерандағы халықтың аса тығыздығы, жер сілкіну қаупі мен экология. Бейресми ақпарат бойынша күн сайын жұмыс істеу үшін Тегеранға 10 миллиондай адам келеді. 2013 жылы елорданы ауыстыру туралы құжатты парламент қарауына жіберген болатын. Мұны қолдап 110 депутат дауыс берсе, 67-ісі қарсы болған.

Голамреза Резаи, қалалық құрылыс маманы:

Уақыт бір орында тұрмайды, адамдар да, технология да өзгереді. Ал қалалардың заманнан артта қалуы дұрыс емес. Нұр-Сұлтанға тән қызметтердің көбісін атқаруға Тегеранның шамасы келмей отыр. Бұл өзіндік тарихы бар керемет шаһар, бірақ тұрмыстағы қиындықтар бәрін бұзып тұр. Көлік кептелісінің кесірінен ешқайда үлгермейсің. Бұл мәселені қоғамдық көлік те шешпейді, метро жүйесі нашар дамыған.

Тұрмыстық қиындықтармен қатар, Тегеранның табиғи жағдайы да қолайлы емес. Қала тектоникалық қабаттар түйісетін сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан. Егер күші алты балдан асатын зілзала болса, мыңдаған үй қирауы мүмкін. Ал қала құрылысының ерекшеліктеріне байланысты жер сілкінгенде барлық жолдар бөгеліп қалады. Осының салдарынан көмек жеткізу қиын болмақ.

Али Аббаси, архитектор:

- Тегеран маңында жер асты дүмпулерінің жиілеуі Эльбурс тау жотасында қуаттың жиналып тұрғанын көрсетеді. Оның күші 7 балл болатын зілзала түрінде шығу қауіпі жоғары.

Елдің жаңа астанасына айналуы мүмкін қалалар қатарында 2 миллион халық тұратын Тебриз шаһары да бар. Бұл Иранның қатарынан бірнеше стратегиялық мақсатына жетуге мүмкіндік береді. Ал ең бастысы ол - бірегей тарихы мен мәдени мұрасы бар ирандықтар үшін маңызды шаһар.

Авторлары: Юлия Гнатюк, Махмуд Махмуди

Хабар 24 телеарнасы