389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Израильдегі эфиопиялық еврейлер мен жергілікті халық арасында алауыздық өршіді

  • 321
  • UPD: 22:41, 09.07.2019

Маусымның 30-ы күні жергілікті тәртіп сақшысы Хайфа қаласының маңында Соломон Тека есімді бозбаланы атып тастады.

Ресми мәлімет бойынша полицей жастардың төбелесін байқап қалады. Ұрыс-керісті тоқтату мақсатында қару кезенген ол абайсызда шүріппені басқан. Десе де, эфиопиялық еврейлер қауымдастығы бұған иланбады. Бұл жағдай оларды дүр сілкіндірді. 

Каса Гету, ереуілге қатысушы:

- Барлығымыз да осы жерге келіп, Соломон Теканың өліміне қатысты наразылығымызды білдіруге келдік. Ол ақ нәсілді полицейдің қолынан қаза тапты. Барша әйелдер қауымы болып, балалардың өмірі үшін қауіптенгендіктен келдік. Израиль қоғамындағы мұндай жағдайлар бұдан әрі болмауы тиіс. Қара баланың көшеде ит өліммен өлгені шымбайымызға батып кетті. 

Айта кетерлігі, 20 мыңға жуық Эфиопия тұрғыны 80-90 жылдары Израильге құпия түрде көшірілген еді. Содан бері діні бір болғанымен, жергілікті еврейлерден қысым көретінін талай айтып шағымданған. Бұл жолы 18 жастағы жеткіншектің өліміне көз жұмып, қарай алмайтынын аңғартты.

Ал Цюрихте өзге сарындағы ереуіл белең алды. Швейцариялық Кредит Сьюс банкінің алдына жиналған экология белсенділері тұтқынға алынды. Олар аталған банктің жанғыш отын өндіруші ұйымдарға қаржы құйғанына қарсылық білдірген.  Климаттың өзгеруіне алаңдаушылық танытқан олар,, бірнеше сағат бойы ғимарат алдында ереуілдетті. Тәртіп сақшылары алдымен өз еріктерімен тарауға шақырғанмен, белсенділер айтқандарына көне қоймады. Дәл осындай, ереуіл Ю-БИ-ЭС банкінің алдында да ұйымдастырылды. Полицияның хабарлауынша, түске дейін жиырма шақты адам темір торға қамалған.

Фрида Холман, экологиялық белсенді:

- Кредит Сьюс қазба отынының жүйесін қаржыландыру арқылы жаһандық климаттың өзгеруіне ықпалын тигізіп отыр. Біз осыған тоқтау салу керектігін айтып, ескерту жасап отырмыз. Бұл мәселеге арналған Париж келісімі бар, бірақ ол іске асып жатқан жоқ. Сол себепті, жанатын отын өндірісіне инвестиция құюға қарсылық танытып отырмыз.

Ағаш кесуге жол бермейміз. Анкара мемлекеттік университетінің студенттері оқу орны аумағындағы жасыл желекті қопаруға қарсылық танытты.  

Акция соңы полициямен қақтығысқа ұласқан. Университет әкімшілігі қосымша жатақхана тұрғызуды көздегенмен, жастар тоғайды қимай отыр.  Тіпті 55 күн бойы ауыр техниканы маңайлатпады. Қарсылыққа қарамастан, жұмысшылар іске кірісіп кетті.

Құрлықтық Қытайға экстрадициялау туралы заң жобасы іске аспайды. Бір айдан бері халықты шулатқан жоба жайлы Гонконг басшылығы осындай мәлімдеме жасады. Осылайша, мазасы кеткен тұрғындарды сабырға шақырғандай болды. 

Кэрри Лам, Гонконг қаласы әкімшілігінің басшысы:

- Халық Үкіметтің жұмысына күмәнданатын болды. Заң шығарушы жиынның жобаға өзгерістер енгізуіне күдікпен қарайтыны да түсінікті. Бүгін аталған заң жобасының болашағы жоқ екенін ресми түрде жариялаймын.  Бұл мәселе осымен жабық. 

Естеріңізге салсақ, осыдан бір ай бұрын талқыға салынған экстрадициялау туралы заң жобасы халықтың наразылығын тудырған еді. Миллиондаған тұрғын көшеге шықты. Наразылық акциясы күннен күнге қарқын алып, ақыры ереуілшілер Парламент ғимаратын басып алды.

Хабар 24 телеарнасы