384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Париждегі азық-түлік салынған тоңазытқыштардан тамақты тегін алуға болады

  • 131
  • UPD: 23:11, 11.07.2019

Франция астанасының көшелерінде тоңазытқыштар пайда болды. Қоғам белсенділері мэриямен бірлесіп жаздың ең ыстық айында ерекше бір қайырымдылық шараны ұйымдастырған.

Кез келген адам енді көшеде тұрған тоңазытқыштарға тағам сала алады. Яғни мұқтаж жандар тегін азық-түлікпен қамтылады.

Париж қаласының әкімшілігі азаматтық бастамаларға үнемі қолдау көрсетіп келеді. Жергілікті тұрғындар ұсынған жобаларды жүзеге асыру үшін жыл сайын қала бюджетінен 100 мың еуро бөлінеді. Биыл іріктелген жобалардың ең қызығы қайырымдылық тоңазытқыштары болды.

Антуанетт Гюль, Париж мэрінің орынбасары:

- Бұл ысыраптың бүкіл түрімен күресуге арналған тұйықталған экономика бағдарламасында жазылған. Азық-түлік пен киім болсын, біз бүкіл табиғи қорлардың бейберекетсіз жұмсалуына жол бермеуіміз керек. Бұл ең алдымен экологиялық жоба, сондай-ақ ынтымаққа бағытталған жұмыс.

Қалада көшелерінде 40 тоңазытқыш орнатылған. Алғашқысы екі жыл бойы Дунья Мебтулдың мейрамханасында сыналған. Әлемді аралаған бұл кісі Аргентина және Сауд Арабиясында осыны көріп, отанында да осы тәжірибені қолдануды ұсынған. Көшедегі тоңазытқыштар ең алдымен көп балалы отбасылар, студенттер мен баспанасыздарға қажет. 

Дунья Мебтул, мейрамхана иесі:

- Біз сатуға дайындайтын тағамдарымызды қоямыз. Күніне 10 табаққа дейін саламыз. Асханамызда азық-түлікті бейберекет жұмсамауға тырысатын адамдар істейді. Сол себептен ешнәрсені құр тастамаймыз. Бірақ өзгеше әдіспен жұмыс істейтін кәсіпкерлер бар. Олардың сатылмаған өнімдері қалып жүр, соны тоңазытқышқа салады.

Көше тоңазытқыштарының өз жұмыс тәртібі бар. Олар жұмыс күндері кешке дейін тұрады. Қасындағы мейрамхана мен дәмханалармен қатар, оларға азық-түлікті қала тұрғындары да салып жүр. Қала билігі өкілдерінің пікірінше, бұл жоба азаматтарды тағам үнемдеуге үйретіп, елдегі әрбір алтыншы отбасы қиын жағдайға душар болғанын еске салады.

Авторлары: Әлия Сыздықова, Бекхан Тепсаев

Хабар 24 телеарнасы