384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украинаның Жоғарғы Рада депутаттығына үміткер 6000-ға жуық адам ресми тіркелген

  • 153
  • UPD: 17:37, 12.07.2019

Украина кезекті саяси дағдарыс алдында тұр. 21 шілде халық Жоғары Рада депутаттарын сайлайды.

Мемлекеттің Орталық сайлау комиссиясы депутаттыққа жалпы саны 5845 үміткерді ресми тіркеген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Түрлі әлеуметтік сауалнама Парламентке шамамен алты саяси партияның өтетін көрсетеді.  

Кәсіпкер, заңгер, журналист, дәрігер. Тіпті жұмыссыздар да кездеседі. Украинаның Жоғарғы Рада депутаттығына үміткер алты мыңға жуық адам ресми тіркелген. Парламенттегі бір депутаттық орынға 46 адамға дейін таласады. Сондықтан болар, бюллетеннің ұзындығы 80 см-ге дейін жетіп отыр. Мемлекеттік полиграфкомбинат бүгінгі күнге дейін 53 млн 500 мың сайлау бюллетенін басыпты, бұл дегеніміз жалпы сайлау қағазының 84%-і дайын деген сөз. Миллиондаған бюллетенді басуға комбинаттың 800 қызметкері тер төгуде. Сайлау алдында комбинат тәулік бойы жұмыс кестесіне көшкен.

Евгений Радченко, Украина орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:

- 11 шілдедегі көрсеткіш бойынша «Украина» полиграф комбинатына 60 миллион 398 мың 300 сайлау бюллетенін басып шығару туралы өтініш берілді. Бюллетеньге енген партия саны – 22. Бір мандатты сайлау округі бойынша ең аз үміткер Хмельницкий өңірінде тіркеліп отыр, мұнда бір орынға бес адамнан келеді, ең көбі Одесса аймағы, мұнда бір депутаттық орынға 46 адам таласады.

Депутаттыққа сайлау алдындағы саяси науқан елде қыза түскен. Үміткерлер жанталасып жарнама жасауда, дауыс жинау үшін агитациялық шатырларды көшеден жиі кездестіруге болады. Түрлі әлеуметтік сауалнама Парламентке алты саяси партияның өтетін көрсеткен.

Атап өту керек, Парламентке өту үшін партия кем дегенде халықтың 5% дауысын жинауы тиіс.

Блиц 1:

Қазіргі жағдай шиеленісіп тұр. Билік ауысты, жаңа мемлекет басшысының мүмкіндігі аз. Сондықтан халық Парламенттік сайлауды күтеді. Жаңа саяси күштер пайда болуда, қалғанын уақыт көрсетер.

Блиц 2:

- Көбіміз өзгеріс болғанын қалаймыз. Алайда, «өзгеріс керек» деп құр айқайға басудың пайдасы аз, ол үшін жоқ дегенде барып, дауыс беруіміз қажет.

Блиц 3:

- Украиналықтар міндетті түрде барып, дауыс береді. Бізге заманға сай заң, ынтасы бар депутат және елге қызмет жасайтын билікті таңдауымыз керек. Әрине, біз үшін ең бастысы - соғысты тоқтату екені айтпаса да белгілі.

Кезектен тыс Парламенттік сайлау 21 шілде күні өтеді. Мемлекеттік орталық сайлау комиссиясы шамамен 9  тамызда сайлаудың ресми қорытындысы мен IX шақырылымға өткен депутаттардың тізімін жариялайтын болады.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Сергей Качанов

Хабар 24 телеарнасы