384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тhe New York Times: АҚШ-та жексенбі күні мигранттарды тұтқындау басталады

  • 143
  • UPD: 23:35, 12.07.2019

АҚШ президенті Дональд Трамп Америкадағы заңсыз мигранттардың санын анықтауға рұқсат беретін арнайы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі 2020 жылғы халық санағы кезінде тұрғындардың азаматтығы жайлы ақпар жарияланбайды. Құрама Штаттардың Жоғарғы соты сауалнамадағы бұл бағанды алып тастаған. Сол себепті Ақ үй басшысы қояр да қоймай кімнің Американың заңды азаматы, ал кімнің мигрант екенін анықтамай қоймайтынын аңғартты. Трамптың жарлығы халық арасында бірден дау тудырды.

Сонымен, АҚШ-та 2020 жылы халық санағы жүргізіледі. Осыдан екі апта бұрын Дональд Трамп сауалнамаға азаматтық жайлы бағананы қосқызуға талпынған. Алайда Жоғарғы соттың шешіміне ықпалын тигізе алмаған соң, бұл мәселені өзге жолмен анықтауға бел буды.

Дональд Трамп, АҚШ президенті: 

– Бұл жоспарды неғұрлым тез іске асыру үшін мен бүгін тиісті жарлыққа қол қойдым. АҚШ-тағы әр министрлік пен ведомствоға еліміздегі азаматтығы барлар мен азаматтығы жоқтар туралы мәліметті сауда министрлігіне жіберуді тапсырамын. Мемлекеттік органдар заңды түрде қол жеткізе алатын мәліметті жіберуі тиіс. Сондай-ақ АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік министрлігі мен әлеуметтік қамту министрлігіндегі мәліметтер қорын қолдана отырып, заңсыз өмір сүріп жатқан тұрғындардың нақты санын анықтаймыз. Азаматтығы жоқтар құтыла алмайды.

Жексенбі, шілденің 13-і күні жалпыұлттық рейд басталады. Шара кезінде кем дегенде екі мың мигрант отбасы тұтқындалып, елден шығарылуы мүмкін. Трамптың әлгіндей мәлімдемесінен кейін Тhe New York Times баспасы осындай ақпарат жариялады. Жалпы, полицияның арнайы жасағы айына 12 мың адамды елден депортациялайды. Сондықтан рейд кезінде олардың аяушылық танытуы екіталай. Сол себепті мигранттар құқығын қорғау қоғамының өкілі барынша сақтануға шақырды.

Тэсси Борден, мигранттар құқығын қорғау қоғамының өкілі:

– Ешкімге есік ашпау керек. Тек агент судьяның қолы қойылған құжатын көрсетіп, мекенжай бойынша тұрып жатқандардың аты-жөнін дұрыс атап шақырғанда ғана есік ашуға болады. Егер бөгде біреулердің атын атаса, есік ашпаңыздар.

Висконсин штатында өткен форум кезінде президенттікке үміткер демократтар Ақ үй әкімшілігінің бұл жаңалығына бірден үн қатты. Онсыз да АҚШ президентінің миграцияға қатысты саясатын қолдамайтын олар бұл жайлы ұстанымын сайлауалды науқанында білдіріп қалды.  

Элизабет Уоррен, АҚШ президенттігіне үміткер:

– Бұл АҚШ азаматтығы бар-жоғын анықтауға бағытталған шара емес. Бұл – халық арасында өшпенділікті тұтатудың амалы. Сөйтіп қоғамды дүрліктіргісі келеді. Яғни Дональд Трамптың халыққа жолдаған үндеуі мынадай – егер де өмірде жолың болмаса, кінәні өзгеден көр. Бұған түрі бөлек, діні бөлек, басқа елде туғандарды кінәла. Бұл дұрыс емес. Ол еңбекші халық пен еңбекқорларды бір-біріне қарсы қоятын Американы жасағысы келеді. Шындығына келгенде, бірлігі жарасқан Американың болашағы жарқын болады.

Сенатор Элизабет Уорреннен кейін іле-шала сөз алған Берни Сандерс мигранттардың мәселесін шешуде өз жолын ұсынды. Оның президенттікке үміткерлердің бірі екенін естен шығармаған абзал.

Берни Сандерс, АҚШ президенттігіне үміткер:

– Халық арасындағы өшпенділікті жою керек. Біз қоғамды жайлаған ксенофобияны құртамыз. 1 миллион 800 мың жасқа бірден заңды азаматтық беру үшін арнайы бағдарлама қабылдаймыз. Оңтайлы иммиграция реформасын ілгерілетеміз. Осылайша құжатын тапсырған 11 миллион халықтың азаматтыққа қол жеткізуін жылдамдатамыз. 

Дональд Трамптың жарлығы экономикалық қиындық туғызуы мүмкін. Оның шешімін сынға алған Тhe New York Times баспасының колумнистері Кэйт Браун, Джэй Инсли мен Гэвин Ньюсом бұған нақты дәйек келтірді. Олардың пікірінше, жекелеген әлеуметтік топтарға жасалатын көмек қысқарады: «Бұдан экономикамыз да зардап шегуі мүмкін. Кәсіпкерлер халық санағының мәліметіне сүйеніп, жылына 4 триллион доллар көлеміндегі инвестиция құяды. Бұл ақпарат қай жерде не тұрғызу қажеттігін және кімге қандай тауар сатуды анықтауға көмектеседі. Коммуналдық компаниялар да өз жұмысында осы деректі қолданады. Яғни қай жерде инфрақұрылымды дамытып, жаңа технологияларды енгізуді жоспарлай алады».

Бұл – күрмеуі қиын мәселелердің бірі. Өйткені АҚШ-та америкалық азаматтығы жоқ отбасылардың бірнеше буыны өмір сүріп жатыр. Әрине, олар әлдеқашан елдің экономикалық өміріне белсене араласатын қоғамның бір бөлігіне айналды. Тіпті оларға арналған тұтас әлеуметтік бағдарламалар қабылданған. Сондықтан олар жаппай депортацияға ұшыраса, Американың өз тұрғындары зардап шегетіні белгілі. 

Авторы: Бақыт Топтаева

Хабар 24 телеарнасы