388,62 430,50 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Солтүстік Македонияға елімізден барған көрмеге 292 жәдігер қойылды

  • 395
  • UPD: 21:14, 14.07.2019

Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі. Мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлттық мұражай ұйытқы болған жоба Солтүстік Македония астанасы Скопьеде жалғасты.

Ондағы ұлттық археологиялық музейде «Ұлы дала: тарих және мәдениет» атты шараның шымылдығы түрілді.

«Алтын адам» ежелгі түркі халықтары секілді көшпенді кейіпке енді. Еліміздің басты жәдігері соңғы 2 жылда Мәскеу, Баку, Сиане, Гданьск, Сеул, Қазан, Ташкент қалаларында көрсетіліп, енді міне байырғы антикалық мәдениет ордасына жеткізілді.

Алмаз Нұразхан, ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары:

- Біздің елмен Македонияны көп нәрсе біріктіреді. Тіпті жергілікті халықтың менталитеті ұқсас. Скопье кезінде Рим империясының орталығы болған. Еуропаға осы жерден жол ашылды. Алтын адамымыз арқылы біздің бұл мекенмен байланысымыздың барын ұғындық.

Көрмедегі жәдігерлер ел тарихының бастапқы кезеңдерінен сыр шертеді. Ботай қонысында табылған бұйымдар, одан бергі 19-20 ғасырлардың күміс әшекейлері өткеніміз бен бүгініміз арасында берік байланыс барын аңғартады. Көпшілікті әсіресе алтын адам қызықтырады. Бағалы таспен көмкерілген жәдігер көздің жауын алады. Ал оның қасына қойылған өзге де бұйымдар көрмеге ерекше сән беріп тұр.

Хысни Исмаили, Солтүстік Македония Республикасының мәдениет министрі:

- Көпшілік мұнда елімізді өзге қырынан таныды. Жергілікті халық әйгілі сақ мәдениетіне бір табан жақындай түсті. Ежелгі Ұлы даланың музыкалық фольклорі де ерекше әсер қалдырды. «Сазген сазы» ансамблі қазақ ғана емес, македониялық шығармаларды орындады.

Көрме аясында музей қызметкерлері тәжірибе де алмасты. Орталық Азияның көшпенді халықтары туралы тарихи деректер мен оларды анықтау жолдары көрсетілді.

Тимур Смағұлов, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті «Margulan Centre» жетекшісі:

- Лекция барысында қазақстандық археология ғылымында қолданылатын технологиялар да таныстырылады. Әсіресе жәдігерлер табылып, зертханаға әкелінгеннен кейінгі жұмыс көрсетіледі. Палеолог, антрополог, палеозоолог сынды мамандар осы істі ілгерілетуге сеп болады.

Скопьедегі көрмеге ұзын саны 292 жәдігер қойылды. Енді оларды кәрі құрлық жұрты 11 тамызға тамашалайды.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Мақсұт Меделханов

Хабар 24 телеарнасы