419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Таяу Шығыстағы ең ірі африкалық зообақ Израильде орналасқан

  • 930
  • UPD: 15:17, 15.07.2019

Қара құрлықтың флорасы мен фаунасынан сыр шертетін зообақ қашан да келушілерге толы, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Израильдің ең ірі мегаполисі Рамат-Ганнада африкалық саваннаны тамашалауға болады. Мұнда келушілерді түйеқұстар мен зебралар қарсы алады. Осыдан 30 жыл бұрын салынған сафари-паркте Африкада мекендейтін жануарлардың небір түрі кездеседі. Зообақтың ерекшелігі сол, оларды қоршаудан өтіп барып, тура қасынан көруге болады. Тіпті кейбіріне жем беріп, сипауға рұқсат берілген.

Сагит Горовитц, сафари-бақтың баспасөз хатшысы:

– Израильдің табиғаты айтарлықтай көркем деуге келмес. Әсіресе мұндағы аң-құстардың түрі аз кездеседі. Сондықтан тұрғындар тұмса табиғаттың қойнауында жүргендей сезіну үшін осындай жағдай жасадық. Жануарлардың табиғи ортадағы тіршілігін өз көзімен көргенін қаладық.

Расымен, зообақ қақпасына кірген сәттен бастап келушілер Африканың жануарлар әлеміне түскендей күй кешеді. Жол сілтеуші гид мүйізтұмсықтардан аулақтау жүруге кеңес береді. Мұндағы бөкендер адамдарды мүлде жатырқамайды. Түйеқұстар тіптен басынып алған – ұзын мойындарын көлік ішіне созып тамақ сұрайды.

Айта кетерлігі, бұның өзі үлкен мәселеге айналған. Өйткені  чипстер мен шоколадын бере салатын туристер олардың денсаулығына зардап келтіреді. Зебралар да әбден қолға үйренген. Әдетте жабайы ортада адамнан аулақ жүретін олар мұнда кәдімгі үй жануарына айналған. 

Рами Том, сафари-парктің жануарлар бөлімінің басшысы:

– Жануарлардың төртінші ұрпағын өрбітіп отырмыз. Әрине, олар нағыз Африкадағыдай қауіп-қатердің не екенін білмейді. Адамдарды күнделікті көре берген соң, оларды табиғаттың шынайы бір бөлігі деп қабылдайды.

Зообақ күтушілерінің айтуынша, бұл қылықтан ада ету үшін жануарларды ара-тұра үркіту шарасы жүргізілетін. Алайда одан ешқандай нәтиже шықпады. Сондай-ақ мұнда автокөліктен шығуға тыйым салынған. Әсіресе көл маңында барынша сақ болу қажет. Өйткені көлді мекендейтін сусиырлар тез жүгіретін көрінеді. Адамдарды қуып жеткен жағдайда аяушылық танытпауы мүмкін.

Авторы: Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы