389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әлемде жаңа сауда соғысы басталуы мүмкін

  • 339
  • UPD: 22:07, 15.07.2019

Себебі соңғы уақытта Оңтүстік Корея мен Жапонияның қарым-қатынасы ушыға түскен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тараптар сес көрсетуді қойып, экономикалық арандатушылыққа көшкен. Мәселен, Токио Сеулге экспортталатын шикізаттар көлемін азайтты. Ал оған жауап ретінде Оңтүстік Корея «жапондық тауарлардан түбегейлі бас тартамыз» деп байкот жариялаған.

Оңтүстік Корея мен Жапония арасындағы экономикалық текетірес АҚШ пен Қытай сауда соғысын артта қалдырды. Тіпті бүгін Сеул кәсіпкерлері «жапондық тауарлардан түбейгелі бас тартамыз» деп наразылық шарасына шықты. Ереуілшілердің шамына тигені - Токионың жасаған мәлімдемесі. Жақында ғана Күншығыс елінің премьері Синьзо Абэ Оңтүстік Кореяға экспортталатын шикізат көлемі қысқаратынын айтты. Атап айтқанда, Led-экрандар мен ұялы телефон өндірісіне қажет фторланған полиамид, сондай-ақ өткізгіш сымдарды жасауда қолданылатын фторлы сутегі енді аз мөлшерде эскпортталады. Бұл өз кезегінде, Таңғы шық еліндегі өндіріске кесірін тигізеді.

Ким Сунг Мин, кәсіпкер:

Жапония елінің біздің тарапқа жасап отырған әрекеті орынсыз. Қалай ғана экспортқа шектеу қойып, кәсіпкерлерді нәпақасынан қағуға боладыЕгер Токио қойған шектеуінен бас тартпаса, біз бірігіп жапондықтарға қарсы байкот жариялаймыз!

 

Samsung компаниясының жұмысы тежелуі мүмкін

Шынында, Жапонияның электроникалық материалдар тасымалына шектеу қоюы Оңтүстік Корея экономикасына айтарлықтай әсер етпек. Тіпті ауқымды Samsung және Hynix компанияларының жұмысы тежелуі мүмкін.

Сондықтан Таңғы шық елінің тұрғындары шектеуге тиісінше жауап қатуды қолға алды. Ереуілден бөлек, жапондық тауарларға байкот жариялап, отандастарын Жапонияға бармауға шақыра бастады. Тіпті әлеуметтік желіде арнайы хэштег пайда болды. «Жапонияға байкот» сөзі дүкен сөрелерінде де көрініс тапты. Ал ел президенті Мун Чже Ин бұл шектеудің соңында Жапонияның өзі зардап шегеді деп отыр. Шынында, Токио үшін Оңтүстік Корея маңызды нарық. Өткен жылдың өзінде бұл елге экспорт көлемі 53,5 млрд долларды құраған.  

Мун Чже Ин, Оңтүстік Корея президенті:

- Бұл БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің резолюциясын бұлжытпай орындап келе жатқан Оңтүстік Корея үкіметіне жасалған шабуыл дер едім. Біздің кәсіпкерлер шектеу қойылған шикізаттардың орнын ертең-ақ толтыра алады. Басқа серіктес ел таба қоюы оп-оңай. Соңында Жапония өзі қиналып қалады. Экономикасы әлсірейді. Сондықтан біржақты қысымнан бас тартуға шақырамын.

Бұл күрмеуі қиын мәселені шешу үшін тараптар тіпті кездескен де болатын. Бірақ басқосу нәтижесіз аяқталды. Жапония мұндай қадамға баруын «ел қауіпсіздігі үшін» деп түсіндірді. Олардың айтуынша, Оңтүстік Корея шикізатты өздері ғана қолданып қоймай, Корей Ұлттық Демократиялық Республикасына тасымалдап отырған. Ал Таңғы шық елі «бұл өтемақыға жасалған жауап» дейді.

Тарихқа үңілсек, 1910-1945 жылдары Оңтүстік Корея Жапонияның отарлап алған елі болған. Ол кезде жапондықтар оңтүстіккореялық ер адамдарды қара жұмысқа жегіп, әйелдерді жөзекшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Жылдар өткен соң келтірген залалы үшін Жапония тарапы Оңтүстік Кореяға 2 млрд доллар көлемінде өтемақы төлейді. Бірақ 2018 жылы сот үкімі 70 шақты жапондық компанияның ісін қарап, қайта өтемақы тағайындау шешіміне келеді. Жапония бас тартып, ізінше осындай шектеу салу шешімін қабылдайды.

Джун Ивамацу, Жапония Экономика министрлігінің бөлім басшысы:

- Біз Оңтүстік Корея елінің жіберген өкілдерімен кездесіп, шектеу қоюдың себебін түсіндірдік. Олар үндемей, келіскендей болды. Сондықтан бұл шуды естіп, таң қалып отырмыз. Оңтүстік Кореялық тарап тіпті шектеуді алуымызды сұраған да жоқ.

Осылайша, тараптар шектеудің себебін анықтай алмай әлек. Бірі ұлттық қауіпсіздік десе, екіншісі тарихтағы кикілжің санкцияға себеп деп отыр. Ал сарапшылардың айтуынша, бұл бәсекелестіктен туындаған сауда соғысы. Жапония осыдан 20 жыл бұрынғыдай Sony компаниясын жемісті етуді көздеп, Samsung-тің аяғынан шалмақ.

Цзян Гуанвэнь, сарапшы:

- Экономикалық саясат бойынша Оңтүстік Корея, АҚШ және Жапония бұрыннан үнсіз түсінісіп келген еді. Дегенмен, Жапония осы үнсіздікті бұзды. Сауда қарым-қатынасын саясатпен шатастырды. Әрине, Сеулде оған жауап қататын болады. Бұл текетірес өңірге, батыс елдерінің экономикасына айтарлықтай әсер ететін болады.

Әлем елдері мен халықаралық ұйымдар тараптарды сабырға шақырып жатыр. Ал, АҚШ жағдайды тұрақтандыру үшін үш жақты келіссөз өткізуді ұсынып отыр.

Хабар 24 телеарнасы