386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еуроодақ Түркияға қарсы санкция салды

  • 295
  • UPD: 23:55, 16.07.2019

28 ел мүшелік ететін ұйымның сыртқы істер министрлері бас қосып осындай шешім қабылдаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себеп – Кипрдің экономикалық аймағында Түркияның ескертулерге құлақ аспай, бұрғылау жұмыстарын жүргізуі. Бұл шектеуге Түркияның жауабы қандай болды? Одаққа ұмтылған ел енді мүшелікке кіре ала ма?

Еуропалық одақтың сыртқы істер бойынша кеңесі Түркияға қарсы санкциялық шараларды бірауыздан бекітті. Осылайша Анкара Кипрдің экономикалық аймағында бұрғылау жұмыстарын жүргіземін деп қаржылай көмектен қағылды. Олар одаққа мүше болуға кандидат ретінде 145,8 млн еуро қаражат алулары тиіс еді. Одан бөлек, ел аумағында жоғары дәрежелі кездесу ұйымдастыруға шектеу қойылды. Сондай-ақ Түркия-Еуроодақ әуе келісімі өз күшін жойса, өңірдегі Еуропалық инвестициялық банктің жұмысы уақытша тоқтатылды.

Федерика Могерини, ЕО сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы комиссары:

– Жерорта теңізінде Түркия елі заңсыз бұрғылау жұмыстарын жүргізіп келеді. Одаққа мүше мемлекеттер бұл әрекеттің халықаралық құқыққа қайшы екендігін айтып бірнеше мәрте ескерту жасады. Құлақ аспаған соң, осындай шектеу қою құжатын бекітті. Алдағы уақытта Түркия тарапы бұрғылау жұмысын тоқтатпаса, шектеу шаралары күшейтілетін болады.

Егер Анкара ұстанымынан қайтпаса, бұрғылау жұмысына қатысып жатқан жеке адамдар мен компанияларға да санкция салынады. Осылайша одаққа мүше 28 ел де бір ауыздан Түркияға тісін қайрап отыр. Себебі өңірден табылған газ кеніші тек Кипр Республикасына тиесілі екендігін айтады. «Ал Анкара ол байлықтан дәметіп, халықаралық құқықты аяққа таптап отыр», – дейді Еуропа елдері.

Михаэль Рот, ГФР Еуропа істері бойынша мемлекеттік министрі:

– Түркия тарапының арандатушылығы ешкімге пайда әкелмейді. Біз бірауыздан Кипрді қолдап отырмыз. Сондықтан осылай шектеу шараларын дайындадық. Осыдан соң Анкара есін жияр деген ойдамыз. Бұл шиеленістің соңы дағдарысқа айналып кетпесіне сенім білдіремін. Онсыз да әлемде текетірестерден көз ашар емеспіз.

Түркия үшін ешқандай да санкция кедергі болмайды. Кипрдің экономикалық аймағында бұрғылау жұмыстарын жалғастырамыз. Еуроодақтың шектеуіне де, мүше мемлекеттердің наразылығына да ресми Анкара осылай қысқа ғана жауап қайырды. Олардың айтуынша, өңірден табылған газ кен орнынан табиғи байлықты өндіруге Түркияның заңды құқығы бар. Сол себепті «Фатих» және «Явуз» құрылғылары өз жұмыстарын жалғастыра бермек.

Мевлют Чавушоглу, Түркия сыртқы істер министрі:

– Біздің тараптың ұстанымы белгілі. Өңірден табылған табиғи байлық теңгдей бөлінеді. Немесе Түркия тарапы ұлты түрік кипрліктердің құқығын қорғау мақсатында бұрғылау жұмыстарын жалғастыра бермек. Ал Еуроодақтың кез келген қадамы жауапсыз қалмайтынын айта кетейік.

Жалпы, бұл мәселенің күрмеуі сонау тарихтан бастау алған еді. Себебі Кипрдің өзі бұрыннан екі мемлекетке бөлінген. Оның бірі Еуроодақтың мүшесі – Кипр Республикасы. Екіншісі Солтүстік Кипрдің Түрік Республикасы деп аталады. Бұл елдің егемендігін ресми Анкараның өзі ғана мойындаған. Халықаралық сарапшылардың айтуынша, шекараны айқындап алған Түркияның ол жерден өз үлесін алмай қоймасы анық.

Виктор Надеин-Раевский, сарапшы:

– Әрине, Түркия елі ешқандай және ешкімнің қысымына көне қоймайды. Тіпті С-400-ді тасымалдау кезінде бірде-бір серіктесінің пікіріне пысқырып та қарамағанын көрдік. Сондықтан Еуроодақтың санкциясын немесе сес көрсетуін түркиялықтар елеп те отқан жоқ деп ойлаймын.

Шынында, сарапшының айтатынындай бар. Себебі Еуропалық одаққа мүше елдердің көбісі Түркиямен алыс-беріс орнатқан мемлекеттер. Бірі көші-қон бойынша ынтымақтастық орнатса, кейбірі энергиялық ресурс транзиті бойынша келісімге қол қойғандар. Ал Түркияның қаржылай көмектен қағылуы ел экономикасына мүлдем әсер етпейтін көрінеді.

Авторы: Жансұлу Дүйсенәлі

Хабар 24 телеарнасы