386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АҚШ Түркияны F-35 жойғыш ұшағын құру бағдарламасынан шығарып жіберді

  • 156
  • UPD: 22:49, 18.07.2019

АҚШ пен Түркия арасындағы қарым-қатынас қаншалықты берік?

Дәл қазір екі тараптың серіктестігі сыналғалы тұр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі. Себебі ресми Вашингтон Анкараны F-35 жойғыш ұшағын құру бағдарламасынан шығарып жіберді. Себебі Түркия АҚШ пен НАТО-ның қарсылығына қарамастан Ресейден С-400 зымыранға қарсы жүйесін сатып алған. Бұл мәлімдемеден соң тараптар арасында түсініспеушіліктер туындап жатыр.

Түркияның Ресеймен серіктестігі Анкара үшін жағымсыз жаңалықтармен аяқталды. Бүгін АҚШ ресми түрде Түркияны F-35 жойғышын құруға арналған ортақ бағдарламадан шығарып жіберді. Одан бөлек енді бұл ұшақ Анкараға сатылмайды. Бұған дейін Режеп Тайып Ердоған дәл осы F-35 жойғышының 100 данасын сатып аламын деп 1,5 млрд доллар алғашқы жарнасын төлеп қойған еді. Енді салған қаражатын да, әуе флотын жаңартуға арналған ұшақтарды да ала алмайды. Ал Пентагон болса жойғышты құрастыру үшін жаңа серіктестер іздейді. Себебі дәл осы Түркия F-35 үшін 900 түрлі бөлшекті өндіруі керек болатын. Демек Түркия келісімнен бөлек 9 млрд долларлық табыс көзінен де айырылды деген сөз.

Эллен Лорд, АҚШ қорғаныс министрінің орынбасары:

– Бүгін АҚШ және осы келісім бойынша басқа да серіктестер бірігіп Түркияны бағдарламадан шығару шешімін қабылдадық. Өкінішке қарай, Анкара бірқатар экономикалық мүмкіндіктен қағылды. Егер біздің ультиматумды тыңдағанда, F-35-ке қажетті бөлшектерді өндіріп, 9 миллиард доллар кіріс табатын еді. Одан бөлек елде жаңа жұмыс орындары ашылатын еді. Енді түркиялық өндірушілермен келісімді тоқтататын боламыз.

АҚШ-тың бұлай үзілді-кесілді мәлімдеме жасауына Түркияның Ресеймен орнатқан серіктестігі себеп болып отыр. Вашингтон мен НАТО-ның қарсылығына қарамастан Анкара Мәскеуден зымыранға қарсы С-400 жүйесін сатып алады. Тіпті өткен жұмада бұл құрылғы Анкараның Мюртед әуе басазына жеткізілген болатын. Бұл жаңалықты естіп АҚШ ашуға булықты. Олардың айтуынша, Түркияның әуе шабуылына қарсы қорғану жүйесінде ресейліктер болса, F-35-ке қатысты құнды ақпарларды біліп қояды. Сондықтан да ультиматумда я ресейлік, я америкалық тарапты таңдау ұсынылған еді. Енді тығырыққа тірелген Түркия АҚШ-тан тағы бір мүмкіндік беруін сұрап отыр.

Түркия сыртқы істер министрлігі: «Бұл дегеніміз АҚШ тарапының мәселені адал жолмен шешкісі келмейтінін аңғартады. Бүгінде стратегиялық қарым-қатынасымызға сызат түсірмеу үшін бұл қателіктің орнын толтыруды ұсынып отырмыз».

Шынында, бұл шиелінскен жағдайдың өзіндік тарихы бар. Бұған дейін АҚШ ультиматум қойғанда Түркияға ресейлік С-400-дің орнына америкалық «Пэтриот» зымыранға қарсы жүйесін алуды ұсынған еді. Дегенмен Вашингтон ұсынысты кеш жасады. Түркия Ресеймен 2017 жылы келісімге келіп қойған. Құрылғыны сатып алуға жарты ақшасын төлеп те қойды. Ал қалған бөлігін несиемен өтейді. Түбінде шиеленіскен келісімдерден Түркияның өзі тығырыққа тіреліп отыр.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

– Біздің Түркиямен қарым-қатынасымыз жақсы. Дегенмен қазір қиын жағдайда қалып отырмыз. Анкара бізден «Пэтриотты» сатып алмақ болған кезде Барак Обамамен келісімге келе алмаған. Сондықтан олар С-400-ді алып отыр. Ал біз «Пэтриотты» тиімді келісіммен ұсынғанда кеш болды. Себебі олар Ресеймен келісімге келіп қойды. Дегенмен Түркия НАТО-ның мүшесі екенін ұмытпауы керек еді. Енді F-35 олар үшін қолжетімсіз. 

Бұл қадам АҚШ тан бөлек НАТО-ға мүше өзге елдердің де ашуына тиді. Өйткені Солтүстікатлантикалық альянс елдері үшін Ресейден қару алу түбегейлі рұқсат етілмеген, ережеге қарсы жағдаймен тең. Бүгінде АҚШ Түркияға дайын болған ұшақтар тасымалын және түрік ұшқыштарын оқыту үдерісін тоқтатып тастады. 

Никос Дендиас, Грекия сыртқы істер министрі:

– Біз барлығымыз бірауыздан Түркияның С-400-ді сатып алуына қарсы болдық. Олар НАТО-ға мүше бола тұра, ортақ келісімге қатысып отырып, ескертулерге қарамастан құрылғыны сатып алыпты. Бұл – біздің жүйеге қарама-қайшы әрекет. Менің ойымша, ресейлік қаруды алу өңірдегі тұрақтылыққа кері әсер етеді.

Осылайша НАТО-ға мүше өзге елдер де өзінің наразылығын білдірді. Сарапшылардың айтуынша, тараптардың ортақ мәмілеге келуі екіталай. Ал кейбір басылымдар Түркия үшін өндіріліп жатқан 30 шақты F-35 жойғышының енді қай елге сатылатынын тұспалдауға кіріскен. Defense One газеті «Егер АҚШ Путиннің ашуына тигісі келсе, дайын жойғыштарды Украинаға сатуы мүмкін» деп жазыпты.

Басылымдарға сенсек, Ф-35-тің 30 данасы өндірісте. 4 данасы түрік ұшқыштарын дайындау үшін қолданыста болған. Негізі келісімге сай 2020 жылға қарай Түркия 10 дана жойғышты алуы керек болатын.

Авторы: Жансұлу Дүйсенәлі

Хабар 24 телеарнасы