384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


FaceApp қосымшасы кімдер үшін қауіпті

  • 635
  • UPD: 11:39, 19.07.2019

Әлеуметтік желі қолданушылары арасында танымал болған FaceApp қосымшасы Америкада қауіпті деп танылды.

АҚШ сенаторы мобильді қосымшаның ел қауіпсіздігіне зиян келтіруі мүмкін деп санайды. Сондықтан федералды тергеу бюросынан жаңа қосымшаны тексеруді сұраған. Сонымен ел ермегіне айналған қосымшадан қандай қауіп бар?  

Адамның суреттегі келбетін, жынысы мен жасын өзгертіп көрсететін FaceApp қосымшасы бүгінде Инстаграм қолданушылары арасында кеңінен танымал. Қосымша арқылы қолданушылар кәрі кездегі фотоларын желіге жүктеп, оқырмандарын күлкіге қарық қылып жатыр. Бірақ америкалық саясаткерлер бұл мәселеге алаңдаулы. АҚШ Сенаторы Чак Шумер фотоқосымша ел қауіпсіздігіне қатер төндіріп жатыр деп санайды. Яғни миллиондаған америкалықтың  жеке мәліметінің құпиялылығына қауіп бар. Осы ретте ол федералды тергеу бюросы мен сауда комиссиясына ресми хат та жолдаған.

Чак Шумер, АҚШ сенаторы:

- Санкт-Петербургте жасалған мобильді қосымша ұлттық қауіпсіздікке және миллиондаған америкалықтың жеке мәліметтеріне қатер төндіре алады. Себебі қосымшаны пайдалану үшін қолданушылар жеке суреттері мен өздері туралы деректерге толығымен рұқсат берулері тиіс.

Бұл хатта қосымшаға жүктелген фотосуреттерді қолданушылардың келісімінсіз пайдалануға мүмкіндік бары да айтылған. Бұған қоса, бағдарламаны құрастырушы компанияның ресейлік болуы да америкалық сенаторды қатты алаңдатады.

Чак Шумер, АҚШ сенаторы:

- Мен Федералды тергеу бюросынан FaceApp-қа жеке мәліметтерін жүктеген миллиондаған американдықтардың деректері Ресей үкіметі немесе онымен байланысты компаниялардың қолына түсуі қаншалықты мүмкін екенін анықтауды сұраймын. Егер мұндай жағдай мүмкін болса, нақты шара қолдану қажет.

Өз кезегінде компьютерлік қауіпсіздік саласы мамандарының айтуынша, америкалық сенатордың мәлімдемесі асыра айтылған. Мұнымен FaceApp құрастырушылары да келіседі. Жоба автоларының пікірінше, аталған бағдарлама тек ойын-сауық мақсатында ғана жасалған.

FaceApp қосымшасын құрастырушы:

- Құрастырушылардың негізгі бөлігі Ресейде болғанына қарамастан, қолданушы деректері Ресей үкіметіне берілмейді. Жалпы,суреттердің басым бөлігі 48 сағат ішінде серверлерден өшіріледі.

Қосымшаның шыққанына аз ғана уақыт өтті. Соған қарамастан желідегі жұрт бұл функцияны бірден меңгеріп, оны белсенді қолданып кетті. Қосымша жасанды инттеллект технологиялары арқылы жұмыс істейді. Бүгінде оны 100 миллионнан астам адам өз телефонына жүктеген. 

Авторлары: Бақыт Топтаева, Ғани Тұрғымбеков

Хабар 24 телеарнасы