386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


FaceApp қосымшасы АҚШ-та қауіпті деп танылуы мүмкін

  • 258
  • UPD: 21:00, 19.07.2019

Телефон қосымшасы төңірегіндегі дау ел аралық саяси айыптауларға әкеп соқты.

Әлеуметтік желі қолданушылары арасында танымал болған FaceApp Америкада қауіпті деп танылуы мүмкін. Себебі АҚШ сенаторы мобильді қосымшадан күдіктеніп, федералды тергеу бюросынан FaceApp бағдарламасын тексеруді сұраған. Сонымен ел ермегіне айналған қосымшадан қандай қауіп бар?

Бұған бірнеше себеп бар. FaceApp қосымшасына біріншіден жеке мәліметтер жүктеледі, екіншіден бағдарлама ресейлік компанияға тиесілі.

Инстаграм қолданушылары арасында кеңінен танымал FaceApp қосымшасы ел қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін. АҚШ Сенаторы Чак Шумер осылай дейді. Оның айтуынша, миллиондаған америкалықтың жеке мәліметі өзге мақсаттар үшін қолданылуы мүмкін. Осы ретте ол федералды тергеу бюросы мен сауда комиссиясына ресми хат жолдады. Онда жүктелген фотосуреттерді қолданушылардың келісімінсіз пайдалануға мүмкіндік бары айтылған. Бұған қоса, бағдарламаны құрастырушы компанияның ресейлік болуы да америкалық сенаторды қатты алаңдатқан сыңайлы.

Чак Шумер, АҚШ сенаторы:

– Мобильді қосымша ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін. Себебі, қосымшаны пайдалану үшін қолданушылар жеке суреттері мен өздері туралы деректерге толығымен рұқсат берулері тиіс. Сондықтан Федералды тергеу бюросына FaceApp-қа қатысты зерттеу жүргізулерін сұраймын. Қолданушылардың жеке мәліметтері Ресей үкіметі немесе онымен байланысты компаниялардың қолына түсуі қаншалықты мүмкін екенін анықтау қажет. Егер мұндай жағдай мүмкін болса, нақты шара қолданамыз.

Компьютерлік қауіпсіздік саласы мамандары «америкалық сенатор асыра сілтеді», - дегенді айтады. Мұнымен FaceApp құрастырушылары да келіседі. Жоба авторларының пікірінше, аталған бағдарлама тек ойын-сауық мақсатында ғана жасалған. Және ешқандай да тыңшылықпен айналыспайды. «Қолданушылардың жеке мәліметтері сатылмайды да, таратылмайды да», - дейді қосымша құрастырушысы Ярослав Гончаров.

Ярослав Гончаров, FaceApp қосымшасын құрастырушы:

– Құрастырушылардың негізгі бөлігі Ресейде болғанына қарамастан, қолданушылардың деректері Ресей үкіметіне берілмейді. Жалпы суреттердің басым бөлігі 48 сағат ішінде серверлерден өшіріледі.

Америкалық сенатордың айыптауында негіз бар ма? Киберқауіпсіздік саласы бойынша сарапшылардың айтуынша FaceApp қосымшасы өзге де бағдарламалар сияқты, телефондағы барлық фотосуретке рұқсат сұрайды. Ал қолданушылар келісімі болса стандартты дайын құжаттың үлгісіне сай жасалған. Демек, бұл қосымшаның өзгелерден түк айырмашылығы жоқ. Сарапшылар бұл шудың ел қауіпсіздігінен гөрі саяси астарда шығарылғанын айтады.

Рэйчел Лерман, сарапшы:

– Бұл қосымша бірнеше жылдан бері қолданыста. Кейбір адамдар бағдарлама Ресейде ойлап табылғандықтан, Мәскеу жеке мәліметтерді таратуы немесе басқа мақсат үшін қолдануы мүмкін деген шу шығарып отыр. Негізінде, бұл соңғы уақытта Ақ Үй мен Кремльдің арасындағы қарым-қатынастан соң, ойлап табылған алып қашпа әңгіме ойлаймын. Десе де компания қосымшаға жүктелген суреттердің басым бөлігі 48 сағаттан соң өшіп қалады деп мәлімдеді. Осы тұста бір сұрақ туындайды. Басым бөлігі деген барлық суреттер емес дегені ме? Және 48 сағат ішінде жеке мәліметтермен не істейді?

Жалпы бұл телефон қосымшасын 2017 жылы ресейлік компания ойлап тапқан. Онда адамның суреттегі келбетін, жынысы мен жасын өзгертуге болады. Бұған дейін бағдарлама бірнеше мәрте дауға қалып та үлгерді. Ұлтын өзгертуге болатын фильтрлер үшін, құрастырушыларға «нәсілдік кемсітушілік» айыбы тағылған еді.

Ендігі шу қосымшада пайда болған жаңа қызметтен соң шықты. Бағдарлама қолдануышылары әлеуметтік желіде өздерін жарыса қартайтып жатыр. Ия, бізде тексеріп көруді жөн санадық. Фотоға түсіп бағдарламаға жүктедік. Ізінше өз фотоңды жасартып немесе қартайғандағы келбетіңді көруге болады. Осы үдерісті қызық көрген америкалық қосымша қолданушылары мемлекет басшыларының негізсіз алаңдап отырғанын айтады.

БЛИЦ:

– FaceApp төңірегінде соншалықты шу шығып кеткеніне таңқалып отырмын. Менің ойымша, барлық қосымшалар, ойындар жеке мәліметтерге рұқсат сұрайды. Сол себепті адамдар қолданушы келісімін оқып алуы тиіс.

– Соңғы уақытта адамдар осындай қосымшаға тәуелді болып алған. Тіпті бір вирус сынды. Менің өзімде түрлі бағдарламаларды қолданамын. Бірақ FaceApp төңірегіндегі шудан соң, ойланып қалдым. Жеке мәліметтерім басқа мақсатта қолданылғанын қаламаймын.

Осылайша, сарапшылар қосымшаның өзге бағдарламадан артықшылығы жоғын айтады. Қолданушылар да Фэйсапты көңілден шығады деп отыр. Десе де, Чак Шумер көтерген шудан соң, өзге мемлекеттер де тұрғындарды абай болуға шақыра бастады. Германияның мәліметтерді қорғау өкілі Ульрих Кельбер қолданушыларға келісімді мұқият оқу керектігін айтты. Демократтардың дауына қарамастан, бұл жүйе жүктелім жағынан Инстаграм мен Ватсап қосымшаларын артта қалдырып отыр.

Хабар 24 телеарнасы