386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украинада Жоғарғы Радаға депутат сайлауы немен аяқталды

  • 138
  • UPD: 11:17, 22.07.2019

Украина халқы кезектен тыс Жоғарғы Рада депутаттарын сайлады. Ұлттық экзитполдың көрсеткіші бойынша Парламентке халықтың 5 және одан да көп дауысын жинаған 5 партия өтетін болды.

Электораттың ең көп деген, яғни 44,2 пайыз дауысы билік партиясына тиесілі. 

Экранда Украинаның жалпыұлттық телеканалы жүргізген экзитполдың нәтижесі. Мұнда 44,4 пайыз Президенттің «Слуга народа» партиясына тиесілі. 12,5 пайызды «Оппозициялық платформа – Өмір үшін» саяси күші иеленген. Петр Порошенконың «Еуропалық ынтымақтастық» партиясына электораттың 8,5 пайызы сенім білдіреді. Саясаткер Юлия Тимошенконың «Батькивщина» партиясы 7,7 пайыз дауысты жинаса, саясатқа енді араласа бастаған «Дауыс» партиясы 6 пайызды еңсеріп, Жоғарғы Радаға кіруге мүмкіндік алып отыр. Әлбетте электораттың ең көп дауысын жинаған билік партиясы жауапкершілікті сеземіз дегенді айтты.

Владимир Зеленский, Украина Президенті:

- Бұл бізге деген сенім ғана емес, үлкен жауапкершілік. Соғысты тоқтатып, тұтқындағы украиндықтарды қайтару және жемқорлықпен күрес жолында еңбек етеміз. Украина халқына уәде еткен барлық заңдың бастамаларды міндетті түрде орындаймыз.

Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Александр Данилюкты жергілікті БАҚ «болашақ Үкімет басы» деп болжайды. Өз кезегінде, Данилюк журналистерге мемлекеттің тұтас қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жаңа стратегияны әзірлеп жатқанын айтты. Біз «Жоғарғы Раданың ең алдымен қарастыратын заң жобасы қандай болмақ?»,- деп сұрадық.

Александр Данилюк, Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы:

- Сіз маған Раданың талқысына түсетін ең негізгі заң жобалары қандай болмақ?,- деп сұрадыңыз. 25 жыл бойы реформаланбай не боламаса тек белгілі топтың мүддесінде болған мәселе қаралады. Бірінші кезекте, құқық қорғау органын реформалау қажет, жемқорлықпен күрес, жекешелендіру жүйесін жаңарту, газ нарығын реттеу сияқты мәселе алдыңғы орында тұр.

Жоғарғы рада депутаттығына үміткер Александр Федиенко болса, Қазақстандағы «Электрондық Үкімет» бағдарламасына ұқсас реформаны Украинада енгізу қажеттігін алға тартып отыр.

Александр Федиенко, Жоғарғы Рада депутаттығына үміткер:

- Мемлекетті сандық жүйеге көшіру бойынша блокта қызмет істеймін. Президент бағдарламасында «смартфондағы мемлекет» деген тарау бар. Қазақстанда мысалы сандық жүйе, оның ішінде электрондық тұрғын үй коммуналдық қызметі жақсы дамыған, бізде бұл бағыт қатты ақсап тұр. Қазақстанның қабылдаған бағдарламасы мен заң жобасын қарап шықтым, үлгі алатын тұстары жетерлік.

Аида Қыдырбай, тілші:

- Украинаның Орталық сайлау комиссиясы 10 тамыздан кешікпей Жоғары раданың жаңа құрамына енген саяси партия және депутаттардың тізімін жариялап, сайлаудың ресми қорытындысын мәлімдейтін болады. Әдетте Ұлттық экзитполдың көрсеткіші ресми нәтижеден 2 немесе 3 пайызға дейін ғана айырмашылықпен ерекшеленеді.              

Авторлары: Аида Қыдырбай, Сергей Качанов

Хабар 24 телеарнасы