386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Израильде медузалардың кесірінен жағажайлар қаңырап қалды

  • 132
  • UPD: 14:19, 23.07.2019

Израильдің теңіз жағалауында медузалар қаптап кетті. Осы улы жәндіктердің кесірінен жағажайлар қаңырап қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Медузалар бірнеше адамды шаққаннан кейін жұрт суға шомылудан аулақ. Осы елге демалуды жоспарлағандар осы жағдайды ескеруі тиіс.

Шілденің ми қайнатар ыстығына қарамастан, Хайфа жағажайларында халық саны тым азайып кетті. Бұрынғыдай емес. Тіпті толқын соқпаса да, су жылыса да, демалушылар теңізге жолағысы келмейді. Мәселе - медузада болып тұр. «Денесі іркілдеген мөлдір түсті теңіз жәндігінің кейбір түрі адамға қауіпті», - дейді мамандар.

Дор Эделист, теңіз экологы:

- Биыл медузалар үйірі аралас. Дегенмен көбісі - шамамен 90%-і ең тараған ропилема номадика түріне жатады. Ол адамға қауіпті. Көлемі жағынан ірі, кейде диаметрі бір метрге дейін жетеді. Айта кетер бір жайт, медузаның тікелей шағуы ғана емес, үлкен мөлшерде суға шашатын жасушалары да қауіпті. Адамға тисе, қатты күйдіріп жіберуі мүмкін.

Бұл жылда қайталанатын құбылыс. Әдетте медузалар шілде айында жағаға жақындайды. Теңіздің бір текше метрінде осындай 10 жәндік болуы мүмкін. Су ішінде денеңе тигенде токтың шағын разряды ұрғандай сезесің. Ал медузаның өзі шақса, денсаулыққа біршама зиян келуі ғажап емес.

Йотам Атиас, серфинг жаттықтырушысы:

Біз жаттығудан соң балалармен жүріп қоқыс жинадық. Лагерімізде осыған бөлінген уақыт бар. Жағалаудағы қоқыспен бірге суды да тазартамыз. Арнайы киім киюге ерініп едім, міне, нәтижесін көріп тұрсыз. Бірнеше жерден шаққан.

Ғалымдардың айтуынша, биылғы жылдың әсері бөлек. Медузалар әдеттегіден де көбейіп, уы да күшейген. Дәрігерлер медуза шаққан жерді бірден жуып, улы жасушаларынан тазару керек дейді. Сосын тиісті дәрілерді жағып тұрған абзал. Биыл медуза шаққан бірнеше адам ауруханаға ауыр хәлде түскен. Экологтар бұл қауіп тамыз айының ортасына дейін сақталады деп отыр.

Авторы: Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы