386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Борис Джонсон туралы саясаткерлер сақтықпен пікір білдіріп жатыр

  • 147
  • UPD: 21:16, 23.07.2019

Ұлыбританияның жаңа премьер-министрінің есімі белгілі болды. Консерваторлар партиясының мүшелері арасында өткен дауыс беруде Бjрис Джонсон жеңіске жетті. 

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Біріккен Корольдіктің бұрынғы cыртқы істер министрі, Лондонның бұрынғы мэрі Борис Джонсон 90 мыңнан астам дауыс жинап, Тереза Мэйдің орынтағына отыратын болды. Қарсыласы Джереми Хант 46 мыңға жуық адамның қолдауына ие болды. Ал ертең Мэй премьер-министр ретінде соңғы рет Парламент сағатын өткізбек. Сосын Букингем сарайына барып, Патшайым Елизавета ІІ-ден отставка беруін өтінеді. Одан соң монархтың қабылдауында партияның жаңа көшбасшысы болып, қызметке кірісуін және жаңа үкімет жасақтауын ресми түрде сұрамақ. Борис Джонсон министрлер кабинетінің құрамына бұрынғы министрлер және қатардағы депутаттардың арасынан таңдалып алынған адамдар кіруі мүмкін. Сол күні Парламент 3 қыркүйекке дейін каникулға жіберіледі. Бүгін дауыс берудің нәтижелері жарияланғаннан кейін жеңімпазға сөз берілді.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

- Алғысымды көшбасшы бола білген Тереза Мэйге жеткізгім келеді. Оның елге және партияға жасаған кіршіксіз қызметіне рақметімді айтамын. Мэйдің кабинеті құрамында еңбек ету мен үшін үлкен құрмет болды. Бірқатар заңды қорғап, қабылдаудағы оның ерік-жігері таңқалдырмай қоймады.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Саясаткерлер жаңа премьер-министр туралы аса сақтықпен пікір білдіріп жатыр. Өйткені Джонсонның мэр және министр болған шағында мемлекеттік емес, жеке амбицияларына сүйене отырып, ағат айтқан сөздері көп. Сыншылар оны саясаткер емес, артист деп атайды. Брекситтің болашағы да Джонсон уақытында бұлыңғырлана түсетіндей. Ол Ұлыбританияның Еуроодақтан қалай болғанда да ағымдағы жылдың 31 қазанында шығатынын және өз елі үшін тиімдірек келісім-шарт жасалынатынын айтады. Ал Еуроодақтың жаңа жетекшісі қосымша уақыт беруге дайын екендігін, бірақ келісімнің жобасы қайта қаралмайтындығын мәлімдеп отыр.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы