386,80 431,60 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ресей мен Қытай Кореяның әуе кеңістігін бұзды – Ресми Сеул

  • 171
  • UPD: 21:15, 23.07.2019

Мәлім болғандай, бүгін таңертең Ресейдің үш және Қытайдың екі ұшағы Оңтүстік Корея құзырындағы әуе кеңістігіне енген.

Атап айтқанда, Ресей федерациясына тиесілі ұшақтардың бірі Токта аймағындағы қатерлі қашықтықта болған. Бұны естіген сыртқы істер министрлігі дереу Оңтүстік Кореядағы Ресей Елшісінің орынбасары Максим Волков пен Қытай елшісі Цю Гохунды шақыртып алады.

Йун Сун-Гу, Оңтүстік кореяның саяси мәселелер жөніндегі министрдің орынбасары:

- Бүгін Ресей елшісінің орынбасарын ескертусіз шақыруымыздың себебі мынада - Кореяның әуе қорғанысы аймағына ресейлік ұшақтардың енуіне байланысты  қарсылық нотасын білдіріп, алдағы уақытта әуе кеңістігіндегі заң бұзушылыққа жол бермейтінімізді аңғартқымыз келеді.

Осылайша Корея Ресей Федерациясы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушевке қарсылық нотасын жіберді. Ресейлік қорғаныс министрлігі өз кезегінде, заң бұзушылыққа бой алдырмағанын айтады. Керісінше, Оңтүстік Кореяның екі әскери жойғышы ресейлік ұшақтардың жолын кесіп, қауіпсіз қозғалысына кедергі келтірген. Алайда, кореялық ұшақтар ескертпе ретінде оқ жаудырған жоқ.  Сонымен қатар, Ресей тарабының пікірінше, Кореяның дербес әуе кеңістігі деген ұғымды Сеулдің өзі ойдан шығарған.  Оны халықаралық деңгейде әлі ешкім ресми түрде мойындаған жоқ.  Қытай елі де осындай пікірде. 

Хуа Чуньин, Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

- Белгілісі мынау, әуе кеңістігінің құзырлы аймағы территориялды шекара емес, сондықтан кез-келген мемлекеттің ұшақтары тиісті заңға сәйкес ол аймақтан еркін ұшып өте алады. Ал мына бір жағдайға байланысты әскери ведомствоға хабарласып, мәселенің мән-жайын білуге тырысамыз. 

Ия, үш жақ та бұл мәселенің түп-тамырын анықтап, шешу жолдарын қарастыратыны белгілі. Жапон теңізі аймағындағы жағымсыз жағдай Ресеймен арадағы қатынасқа сызат түсіруі екіталай. Сарапшылар пікірі осыған саяды. 

Александр Воронцов, сарапшы:

«Бұл жағдай екі елдің арақатынасына әсерін тигізбейді деп ойлаймын. Тараптар дипломатиялық жолмен ортақ мәмілеге келеді. Қос жақ та қарым-қатынастың ушыққаннын қаламайды. Сондықтан, бұл жағдайдың бұдан әрі шиеленісуі мүмкін емес». 

Оңтүстік Корея әуе күші Ресей ұшағына қарай 360 рет ескерту оғын жаудырғанымен, бұл елмен дипломатиялық қатынасты сақтап қалуға тырысуы мүмкін. Алайда кореялықтар бір нәрсені ескермеді. Олар Токто деп атайтын аралдар аймағын Жапония өзінің дербес территориясы деп санайды. Алдымен шекара мәселесін шешпей тұрып, Кореяның өзімшілдікке салынуы саяси қателік деп біледі Күншығыс елінің билігі.  

Ёсихиде Суга, Жапонияның министрлер кабинетінің бас хатшысы:

- Жапонияның Такешима аймағындағы егемендігі тұрғысынан, Оңтүстік Кореяның әскери күші оқ атқанына түбегейлі қарсымыз. Оны ақылға қонымсыз әрекет деп санаймыз. Сондықтан мұндай жағдайдың алдын алу үшін Оңтүстік Кореяға біз де қарсылық нотасын жібереміз. 

Токто аралдар тобы Оңтүстік Корея мен Күншығыс елін бөлетін Жапон теңізінде орналасқан. Екінші дүниежүзілік соғысынан кейін аралдар Кореяның иелігіне өтті. Алайда Жапония тарабы кореялық аралдарды заңсыз басып алды  деген пікірде. Тіпті аралдың бір бөлігін Симанэ префектурасына қаратып қойған. Жер дауын шешу үшін жапондықтар БҰҰ-ның халықаралық сотына жүгінгісі келеді. Алайда Оңтүстік Корея бұған ыңғай бермей тұрған сыңайлы.

Хабар 24 телеарнасы