386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мәскеу тұрғындары көне үйлердің орнына салынған жаңа баспаналардың сапасына наразы

  • 120
  • UPD: 10:16, 24.07.2019

Мәскеуде тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған сәйкес қала орталығында көне үйлер бұзылып, орнына жаңа ғимараттар бой көтерді. Алайда тұрғындар жаңа баспаналардың сапасы сын көтермейді деп отыр. Тіпті бұл мәселе бойынша Еуропалық сотқа шағымданғандар бар.

Қаланың оңтүстігінде орналасқан бұл үйдің соңғы тұрғындары жаңа қоныстарына көшіп жатыр. Көрші үйлер де қаңырап тұр. Реновация бағдарламасы бойынша Мәскеудегі бес қабатты ғимараттардың 70% бұзу көзделіп отыр. Бұл тізімге кірген бес мыңнан астам үйде бір миллиондай адам тұрады. Мына тұрғындары жаңа пәтерлерін алғаш рет былтыр желтоқсан айында көрген. Бағдарлама ережелеріне сай, иелері пәтерлерінен кем болмайтын үш баспанадан таңдау жасауға тиіс болатын. Алайда іс жүзінде тек жалғыз баспана ұсынылып отыр. Өкімет тез арада көшуге нұсқау берген. Бірақ кейбір тұрғындар жаңа үйлеріне құжаттарын рәсімдеуді үлгермесе, тағы біреулеріне бұрынғыдан ауданы аз пәтерлер бұйырған.

Сергей Фарафонов, Мәскеу тұрғыны:

– Жаңаның аты жаңа. Бұрынғымен салыстырғанда бұл пәтер маған өте ұнады. Бірақ көбісі көшкісі келмейді. Кейбіреуі бұрын бес бөлмеміз болған, ал енді тек үш бөлме беріп отыр дейді.

Иван Лукьянчиков – көшуден бас тартқандардың бірі. Ол қала әкімшілігімен соттасып отыр. Бұрын біріктірілген екі-үш бөлмелі пәтері болатын. Ал енді оның орнына біріктірілген қос бірбөлмелі баспана берген.

Иван Лукьянчиков, Мәскеу тұрғыны:

– Орынды өтінішімізге тіпті құлақ аспай отыр. Ымыраға келіп, тиісті баспана берудің орнына сес көрсетеді. Осыдан басқа үйіміз жоқ, өз еркімен көшпесеңіз, күш қолданамыз дейді. Сот өкілдері есікті бұзып, мүлкімізді шығарып тастамақшы. Ертеңіміз не болатынын білмей отырмыз.

Тұрғындар жаңа баспаналарының сапасына да наразы. Мынау – реновация бағдарламасымен салынған алғашқы үйлердің бірі. Құрылысы тез арада аяқталды. Бірақ желдету жүйесі істемейді, есіктері нашар, ламинаты бүлінген, сылағы да түсіп жатыр. Кейбір тұрғындар осыған байланысты сотқа шағым түсірген.

Қазір Мәскеудің көптеген ауданында реновацияға қарсы шерулер өтіп жатыр. Алғашында жабық ауласы бар 14 қабаттан аспайтын жаңа үйлер салынады делінген. Алайда кейін 20, тіпті 30 қабатты ғимараттарды тұрғыза бастаған. Осыған байланысты аудан тұрғындарының саны күрт артқан. Ал инфрақұрылымы - балабақшалар, мектептер мен емханалар бұрынғы қалпында қалды. Көлік тұрақтарының кесірінен жасыл алқап қалмайтын түрі бар.

Аркадий Гершман, урбанист:

– Адамдардың көбісі тіпті жаңа жобаларды көрмей келіскен. Тұрғындармен дұрыс жұмыс та жасалған жоқ. Қала әкімшілігі сіздерді көшіртеміз деп, қайда қоныс аударатынын айтпай, жобаларды көрсетпесе, мұнда бір гәп бар екені анық. Осының салдарынан көп дау туындаған. Архитектуралық сайыс та жабық түрде өтті. Өзге елдерде осындай реновация жобаларын жүзеге асыру үшін ондаған жылдар бойы дайындалады. Ауданның жағдайы мен инфрақұрылымын зерттеп, ұзақ уақыт тұрғындармен әңгімелеседі. Ал бізде бәрін тез арада аяқтауға тырысқан.

Мәскеудегі реновация 15 жылға жалғасады. Жоба қаланы босатып, аудандарды қайта құруға мүмкіндік беруі тиіс еді. Алайда қазір сапаға қатысты туындаған дауларды шешумен ғана шектеліп отыр.

Авторлары: Дана Нұржан, Александр Любителев

Хабар 24 телеарнасы