386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Грузия үкіметі халықтың ем-домға жұмсайтын шығынын азайтуға ниетті

  • 139
  • UPD: 23:51, 24.07.2019

Грузияда осыдан екі жыл бұрын созылмалы ауруларға шалдыққан адамдарды дәрі-дәрмекпен қамту бағдарламасы қабылданған болатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үкімет халықтың ем-домға жұмсайтын шығынын барынша азайтуға ниетті. Бұрын осы бағдарламаға халықтың тек әлеуметтік қорғалмаған тобы қатысса, қазір оның ауқымы кеңейген.

Грузияда орташа зейнетақының мөлшері – 70 доллар. Ал зейнеткерлер айына дәрі-дәрмекке орта есеппен он доллар жұмсайды. Алайда жұрттың бұл мақсатқа шығындайтын қаржысы көбіне онан әлдеқайда көп.

Лейла Мигнеишвили, зейнеткер:

– Осындай бағдарлама барына өте ризамын. Дәрі-дәрмек бағасы арзандайтыны қуантып отыр. Табысымның біраз бөлігі дәрілерге кетеді, менің есебімше 60-70%. Жеке өзім күніне 30-40 лари жұмсаймын. Қанымда қант мөлшері жоғары, сонымен қатар диализ жасап жүрмін. Ақша жетіспейді. Халыққа жасаған жақсылығы үшін мемлекетке ризамын.

Енді созылмалы ауруларға шалдыққан адамдардың қажетті дәрі-дәрмегін 1 лариге, яғни 35 центке сатып алуға мүмкіндіктері бар. Үкімет өкілдері бұл қысқа мерзімді шара емес, ұзақ жылдарға жалғасатын бағдарлама деп уәде беріп отыр.

Мамука Бахтадзе, Грузия премьер-министрі:

– Грузия азаматтары дәрі-дәрмек үшін өз қалтасынан көп ақша жұмсайтынын талай айтқанмын. Осы мәселені шешу үшін белсенді жұмыс атқардық. Бүгін өте маңызды әрі қажет бастаманы ұсынып отырмыз. Созылмалы аурулармен күрес бағдарламасына түзетулер енгізбекпіз. Енді дәрі-дәрмекпен қамтылатындар қатарына зейнеткерлер, жарымжан адамдар мен халықтың өзге де топтары қосылады. Олардың барлығы қажет дәрілерін бір лариге сатып алатын болды.

Енді бағдарламаға жүрек-қан тамырлары жүйесі және өкпе ауруларына, диабеттің екінші түрі мен Паркинсон дертіне шалдыққан науқастар қатыса алады. Осыған дейін олар дәрі-дәрмекті 50% жеңілдікпен сатып алатын. Былтыр 1 лари тұратын дәрілер тізімінде дәрі-дәрмектің 23 түрі болған.

Эка Адамия, денсаулық сақтау департаменті бағдарламалар басқармасының жетекшісі:

– Біз дәрі-дәрмектің 35 түрін сатып алып, оны мұқтаж адамдарға бөлдік. Бағдарламаға қатысушы адамдар саны артып келеді. Бұл дәрі түрлерінің артуы мен осындай көмек берілетін сырқаттар тізімінің кеңеюіне байланысты. Бүгінде бағдарламада 60 мың 500 адам тіркелген.

Жеңілдіктер алу қиын емес. Маманға қаралып, дәріқағаз алу керек. Осыдан кейін әлеуметтік қамту Агенттігіне құжат тапсырып, бағдарламаға тіркелу қажет.

Авторы: Юлия Тужилкина

Хабар 24 телеарнасы