386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оңтүстік Корея: Пхеньян сынақты доғаруы тиіс

  • 217
  • UPD: 20:26, 25.07.2019

Солтүстік Корея бүгін жақын қашықтықтағы екі зымыранын ұшырды.

Сеул Пхеньянның бұл әрекетін сынға алып, Корей түбегіндегі қауіпсіздікті қатерге тіккенін айтып, Ресей мен Қытайға кеңес өткізуді ұсынды.

Мәлім болғандай, баллистикалық зымыран Жапон теңізіне құлаған. Сондықтан АҚШ пен Оңтүстік Кореядан бөлек, Күншығыс елі де тиісті зерттеу жасауға кіріскен. Әзірге, сыналған қарудың жаңа не ескі екенін тек Пхеньянның өзі ғана біледі.

Солтүстік Кореяның ұшырған зымырандарына тоқталар болсақ, мамандардың мәліметі бойынша олар қысқа қашықтыққа арналған снарядтар болып саналады. Қазіргі таңда, зымырандардың нақты үлгісін анықтау үшін Оңтүстік Корея мен АҚШ-тың әскери басшылары ақпаратпен алмасып, тиісті талдау жасауда. Белгілісі, жергілікті уақыт бойынша таңғы бесте ұшырылған зымыранның бірі 690 шақырымға жуық қашықтықты еңсерді. Екіншісі 430 шақырымға ұзаған. Екеуі де Жапон теңізіне құлаған көрінеді.

Чой Хюн Су, Оңтүстік Корея Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:

– Үкімет болған істі жіті назарда ұстап отыр. Және соған байланысты Солтүстік Кореяның аймақтағы әскери шиеліністі бәсеңдетуге бағытталған әрекеттерді доғаруға шақырады.

Соңғы рет Корей халық демократиялық республикасы реактивті снарядтардың сынағын мамырдың 9-і күні өткізген еді. Онда да зымырандар жер шарының шығыс бөлігіне ұшырылған. Бүгінгі жағдайға байланысты, Сеул Ресей және Қытаймен тиісті кеңес өткізуді жоспарлап отыр. Корей түбегіндегі жағдайға Қытайдың бей-жай қарамайтыны белгілі. Сондықтан Бейжің бұл мәселеге қатысты бірден үн қатты.

Хуа Чуньин, ҚХР сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

– 25 шілде күні Солтүстік Кореяның зымыран ұшырғанын және өзге елдердің бұған қатысты қандай ұстанымда екенін байқадық. Жуырда ғана Корей халық демократиялық республикасы мен АҚШ өзара кеңес өткізу бойынша ортақ мәмілеге келген болатын. Осыны негізге ала отыра, Солтүстік Корея және АҚШ тездетіп консультациялық жұмыстарды жаңғыртуы тиіс деп ойлаймыз. Бұл шаралар Корей түбегіндегі саяси мәселені шешуге оң ықпалын тигізеді.

Ресей тарапы болса, алаңдауға еш негіз жоқ дейді. Мәселен, мемлекеттік думаның халықаралық істер жөніндегі комитет мүшесі мынадай пікір білдірді.

Сергей Железняк, РФ Мемлекеттік думасының халықаралық істер жөніндегі комитет мүшесі:

– Менің ойымша, Солтүстік Корея ешбір шиеленісті қаламайды. Десе де, ядролық сынақтан бас тартуға көнбес бұрын санкцияларды жою бойынша қандай да бір кепілдікті қажет етеді. Сондықтан бұған қатысты нақты шешімді ұзақ күткісі келмейді.

Ресми Токио да Солтүстік Кореядан келер еш қауіп жоқ дейді. Әрине, қазір тиісті талдаулар жүргізіліп жатыр. Бірақ министрлер кабинетінің бас хатшысы сескенуге еш себеп жоқ екенін айтуда.

Ёсихида Суга, Жапонияның министрлер кабинетінің бас хатшысы:

– Солтүстік Корея жақтан белгісіз снарядтардың ұшқанын ресми түрде растаймыз. Қазір үкімет осыған қатысты қажет ақпарат жинап, тиісті сараптама жүргізіп жатыр. Бізге қарасты бірегей экономикалық аймаққа балистикалық зымыранның жеткен-жетпегені жайлы әзірге ақпар жоқ. Сондықтан Жапонияға қандай да бір қауіп төніп тұр деп айта алмаймыз.

Десе де, Солтүстік Кореяның балистикалық зымыран ұшыруында бір гәп бар. Алдымен АҚШ-қа өзінің қауіпсіздік мәселесін бәрінен жоғары қоятынын білдіргісі келді. Америка айтқанына көнбесе, ешнәрседен тайынбайтынын да тағы бір көрсетіп қалудың амалы бұл.

Янг Му-Жинг, саясаттанушы:

– Менің ойымша, Солтүстік Корея жүргізген соңғы зымыран сынағы Оңтүстік Корея мен АҚШ-тың бірлескен әскери оқу-жаттығуына берген жауабы. Яғни Пхеньян өзінің қауіпсіздік мәселесіне қашанда басымдық беретінін аңғартып отыр. Сондай-ақ АҚШ пен Солтүстік Корея арасындағы келіссөздерге қатысты Вашингтонға алдын ала қысым көрсеткендей болды. Осылайша келіссөзді бастамас бұрын АҚШ Пхеньян режимінің қауіпісіздігіне кепілдік беретіндей шарт ұсынуы тиіс дегенді айтқысы келеді.

Саясаттанушының айтуынша, қазір Корей түбегінің түйіні әлі шешілер емес. Тіпті теріскейдегі Корея оңтүстіктегі үкіметтен көңілі қалған сыңайлы. Сондықтан алдымен АҚШ-пен арадағы мәселені шешейін, кейін ісім сенімен болады дегендей қылып отыр.

Ақ үй әкімшілігі баллистикалық зымыранды сынауға қатысты мәлімдеме жасаған жоқ. Дегенмен әлемдегі әрбір саяси мәселеге құлағы түрік Дональд Трамптың үнсіз қалуы барлығын таң қалдыратыны анық.

Хабар 24 телеарнасы