385,96 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ресейде қырғызстандық 640 мың еңбек мигранты тіркелген

  • 133
  • UPD: 11:16, 26.07.2019

Еңбек миграциясы – көршіміз Қырғызстан үшін өзекті мәселенің бірі.

Ел тұрғындары нәпақа табу үшін Түркия, Оңтүстік Корея мен мұхит асып кезіп жүр. Бірақ көбінесе одақтас Ресей мен Қазақстанда жұмыс істейді. 

Статистикаға сүйенсек, екі қолға бір күрек іздеген Қырғызстан азаматтары көбіне Ресейге ағылады. Ресми дерекке сай, қазір онда 640 мың қырғызстандық еңбек мигранты тіркелген. Мамандардың айтуынша, көрсеткіш бұдан да көп болуы мүмкін. Өйткені теріскейдегі қырғызстандықтардың барлығы бірдей заңды түрде жұмыс істеп жүрген жоқ.

Олег Артамонов, РФ федералдық миграция қызметі құжат беру орталығының басшысы:

– 2014 жылмен салыстырғанда олардың жағдайы едәуір жеңілдеген. Еуразиялық экономикалық одақ аясында жұмыс істеп жүрген ел азаматтарымен тең құқылы.

Бішкек Еуразиялық экономикалық одаққа кірген соң, қырғызстандықтардың жұмысқа орналасу шарттары біраз жеңілдетілді. Одаққа мүше елдердің еңбек нарығы қырғыз азаматтары үшін қолжетімді бола түсті.

Самат Токтоболотов, Қырғызстан мемлекеттік миграция қызметі төрағасының орынбасары:

– Өзбекстан мен Тәжікстан азаматтары секілді қырғызстандықтар тіл, тарих пен заңнама бойынша емтихан тапсырмайды. Патент немесе жұмысқа тұру рұқсатын алудың да қажеті жоқ. Шетелдіктерге қолданылатын квоталар мен тыйымдар Қырғызстан азаматтарына салынбайды.

Ресми мәлімет бойынша, елімізде 35 мың қырғызстандық жұмыс істейді. Бір айырмашылығы, Ресейде олар негізінен қызмет көрсету саласында еңбек етсе, Қазақстанда көбіне саудамен айналысады. Өткен жылы шетелде жүрген қырғызстандықтар өз еліне 2 миллиард 670 миллион доллар қаражат аударған. Бұл дегеніңіз – республика жалпы ішкі өнімінің үштен бір бөлігі. Дүниежүзілік банк мамандарының есебінше, Қырғызстан бұл көрсеткіш бойынша Еуропа мен Орталық Азия елдері арасында бірінші орында тұр.

Авторы: Бақыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы