386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Аптап ыстықтан Бельгиядағы теміржол қозғалысына қауіп төнді

  • 138
  • UPD: 21:34, 26.07.2019

Париждегі аптап ыстықтың рекорды жаңарды. Метео Франс хабарлағандай, бүгін түскі сағат 1:40-та ауа температурасы Цельсий бойынша 40,6 градусқа жеткен.

1947 жылдың шілде айында орнатылған ең аптап ыстық 40,4 градус болған еді. Париж тұрғындары мен меймандар фонтандардан шығар емес. Ал Францияның Люсса ауданында экологтар жабыл қағуда. Мұндағы қорықтың суы тартылып жатыр. Қазір көлдің көлемі 100 гектардан 15 гектарға дейін кішірейіп қалған.   

Айта кетерлігі, Люсса қорығының көлінде балықтың 240 түрі мекендейді. Көктемнен бері жауын жаумай қойды. Үш айда көл суы 10 есеге кемігендіктен балықтар қырылудың алдында қалды. Амал жоқтан қорық мамандары су маржандарын судан сүзіп алып, басқа қоймаларға жеткізіп жатыр.

Себастьен Бюр, The Landes Pond қорығының қызметкері:

- Мұндай қуаңшылықты бұрын-соңды көрмеп едік.  Көктемнен бері жаңбыр жауған жоқ, маусымның аяғынан бері аптап ыстық орнаған.  Ия, жаз сайын күн ыситыны белгілі. Климаттың өзгеруі салдарынан мұндай жағдай жиілейді ме деп қорқамын. 

Бельгиялық инженерлер Брюссельдің темір жолдарын қосымша тексерістен өткізуде. Өйткені, қатты ыстықтан шойын созылып, қозғалыс қауіпсіздігін қатерге тігуі мүмкін. Теміржол трассасының ысығаны соншалық мұндағы температура 55 градусқа жеткен. Сондай-ақ, аптап ыстық поездың қай жерде келе жатқаны жайлы белгі беретін сенсорлы құралдарға кесірін тигізеді. Егер сенсорлар істен шықса, бұның соңы қайғылы жағдайға әкеп соғуы мүмкін екен.

Томас Бэкен, Infrabel компаниясының өкілі:

- Темір жол қозғалысын реттейтін түрлі сенсорлы құралдар бар. Олар дұрыс істемесе, үлкен мәселе туындайды. Өйткені, оның көмегімен біздің қызметкерлер поездың қайда келе жатқанын біле алады. Ақпарат дерп кезінде жетпесе, поездардың қауіпсіз қатынасын іске асыру мүмкін болмайды.

Вагондардың қауіпсіз қозғалысын қамту үшін мамандар тиісті шара өткізуге мәжбүр. Бұл өз кезегінде, Франция, Нидерланд және Германиямен арадағы қатынасты тежеді. Германия демекші, неміс халқы күн ыстықта салқын сусын ішіп, балмұздақ жеуді ұнатқанымен жаһан климатына қатысты алаңдаушылығын білдіруде. Олардың пікірінше, бұрын-соңды болмаған мұндай ыстық климаттың өзгеріске ұшырағанын білдіреді.

Блиц:

- Әрине бұл климаттың өзгерісі. Бұған тіпті күмәнім жоқ. Табиғат бізге осылай белгі беріп жатыр. Мұздықтар еріп жатыр, оны барлығы да жақсы біледі.

- Меніңше, жаһандағы климат қатты өзгеріске ұшырап жатыр. Трампты бұл мәселе алаңдатпауы мүмкін, бірақ мен уайымдаймын. Өйткені жыл сайын жаз ыси түсуде.

 - Уайымдауға негіз бар. Бұған сенбейтіндердің барлығын біздер Трамп деп атап кеттік. Шешімін табуы тиіс мәселені келесі ұрпаққа ауыр жүк ретінде қалдырып барамыз. Бұл ұят нәрсе.

Күншығыс елінде де күн шыжып тұр. Токиода температура 35 градус Цельсийге жеткен. Ауа ылғалдылығы 75 процентті құрайтын бұл аймақта ыстыққа төтеп беру расымен қиын. Сондықтан Олимпиада ойындарын қабылдаушы ел келесі жылы ауа райы осылай болса қалай жұмыс атқаратынын пысықтауда. Мәселен, әр жерде арнайы салқындатқыш станция орнатылады. Осылайша Олимпиадаға келген туристер қаланы қиналмай аралайтын болады.

Кен Вакабайаши, экология ісі жөніндегі мемлекеттік қызметкер:

- Арнайы құралдың көмегімен ыстыққа байланысты спорттық жарысты ұйымдастыруға болар-болмасын  анықтай аламыз.  Бұл спортшылардың денсаулығы үшін аса маңызды. Әрбір сайыс күнін ауа райына қарай ыңғайлап белгілейміз. Сондай-ақ туристер де ауа райы туралы нақты ақпаратқа ие болғанын қалаймыз. Сонда ғана, спорт мерекесін алаңсыз тамашалауға мүмкін болады.

Хабар 24 телеарнасы