386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Германияда I жартыжылдықта баламалы қуат көздерінен 47,3% электр энергиясы өндірілді

  • 168
  • UPD: 19:13, 27.07.2019

Германияда ыстықтың беті қайтар емес. Сынап бағанасы +32 градустан түспей тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ел тұрғындары үшін бұл қолайсыз болғанымен, мемлекет үшін тілегенге сұраған. Бұл балама қуатты молынан алуға таптырмайтын мүмкіндік.

Жел электр станциялары, күн панельдері, биомасса және су электр станциялары бірінші жартыжылдықта 47,3% электр қуатын өндірді. Бұл Германия үшін жаңа рекорд. Себебі, баламалы энергия көздері көмір мен атом электр станцияларына қарағанда көбірек электр қуатын өндірді. Олардың үлесі 43%-ды ғана құрайды.

Симоне Пете, Қайта жаңғыртылатын энергия көздері жөніндегі федералдық одақтың президенті:

- Біз бұл нәтижені сәтті деп санаймыз. Егер әрі қарай да ауа райы қолайлы болып жатса, рекордты қайта жаңартамыз. Әлбетте, біз толығымен баламалы қуат көздеріне көшуге тырысамыз. Сондықтан әлі көп жұмыс атқаруымыз қажет. Еуропаның өзге елдеріне үлгі болып, Германия сияқты дамыған елдің жаңғыртылатын энергиядан экономикалық тұрғыдан пайда тауып жатқанын көрсеткіміз келеді.

Германия қазірдің өзінде баламалы энергетика туралы заң қабылдап, дәстүрлі энергия көздеріннен бас тартпақ. Былтыр аталған аймақта соңғы көмір шахтасы жабылды. Ал 2038 жылға қарай бұл отын түрінен мүлдем бас тарту көзделіп отыр. Ядролық энергетикаға келетін болсақ, Германияда үш жылдан кейін барлық электр станциялары жұмысын тоқтатады.

Симоне Пете, Қайта жаңғыртылатын энергия көздері жөніндегі федералдық одақтың президенті:

- Климатты қорғау туралы заңға сәйкес Германия таяу уақытта көмірмен жұмыс істейтін электр станцияларынан бас тартуды жоспарлауда. Бірнеше жылдан кейін бізде атом станциясы да болмайды. Бұл шешілген мәселе. Біздің ұйымның мақсаты – электр энергиясын өндіру және энергия үнемдеу салаларында Германияның баламалы энергия көздеріне толықтай көшуін ұйымдастыру.

Немістер баламалы энергия көздерінің үлесін 65%-ке дейін арттырмақшы. Германия үкіметінің тұжырымдамасына сәйкес 2030 жылға дейін осы нәтижеге қол жеткізу керек. Тағы 20 жылдан кейін жасыл энергия үлесін 80%-ке арттыру жоспарланған.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы