385,96 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Израиль арабтарға Иордан өзенінің Батыс жағалауына үй салуға рұқсат етті

  • 151
  • UPD: 22:19, 01.08.2019

Израиль үкіметі Иордан өзенінің Батыс жағалауына үй саламыз деп шешім қабылдады. Онсызда еврей ұлты басым өңірге 6 мыңға жуық баспана тұрғызылмақ. Ал палестиндіктерге 700 үй салуға рұқсат берді.

Қызығы да осы. Ол жаңа баспана бола ма, әлде ескі үйлерді бере ме белгісіз. Қалай болса да, премьер Биньямин Нетаньяху өңірден ешкімді қумаймыз дейді. Тіпті қызыл лентаны кесіп, құрылыс жұмыстарын бастауға ресми түрде рұқсатын берді.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

- Өткенді, бүгінді, болашақты көріп отырмыз. Тапсырма берілді. Үйлер салынады. Және бірде-бір жаңа қоныс аударып келуші  өңірден қуылмайды. Аймаққа салынған құрылыс, соңына дейін аяқталып, халықтың игілігіне беріледі.

Көп сарапшының айтуынша, Иордан өзенінің Батыс жағалауында еврейлердің болуы халықаралық талапқа сай келмейді. Ал Израиль бұл айыпты мойындамайды. Себебі өңір - даулы аймақ. Жалпы Иордан өзенінің Батыс жағалауы А,В,С деген үш аумаққа бөлінген. А өңірі Палестина автономиясының азаматтық және әскери бақылауында. В аймағы әкімшілігін Палестина және екі елді әскерилері ортақ бақылайды. Ал С өңірін Израиль толық бақылауына алған. Бұл Батыс жағалаудың 60 проценті деген сөз. Үйлер тұрғызылатын өңір де осы жер. Бірақ Палестина тарапы Израильдің мәлімдемесімен келіспейді. Олар өңірде еврейлердің көбеюіне қарсы.  

Ханан Ашрави, «Палестинаны азат ету» ұйымының өкілі:

- Израиль үкіметі С өңірінде үй салып, өзінің заңсыз басып алған жерін бекітіп алмақ. Ал палестиндіктерге 600-700 үй салуға рұқсат беруі тек көзбояушылық. С аймағы Палестинаның жері. Израиль бізге рұқсат беретіндей ешкім емес.

Ең қызығы, осыдан бір апта бұрын Иерусалимнің шығыс бөлігіндегі палестиндіктердің баспанасы қиратылған еді. Израиль билігі Иордан өзенінің Батыс жағалауымен шекарада орналасқан тұрғынжайларды заңсыз деп тауып, 17 отбасын үй-күйсіз қалдырған. Сөйтіп, наразы палестиндіктер көтеріліске шығып, Израиль қарулы күштерімен қақтығысқан. Себебі аумаққа үй салуға Палестина ұлттық әкімшілігі рұқсат берген. Енді Израильдің аяқасты басқа шешім қабылдауы палестиндіктердің күмәнін туғызып отыр.

Омар Хаджаджри, Валахе ауылының тұрғыны:

- Израиль үкіметінің рұқсат береміз дегені өтірік әңгіме. БАҚ үшін солай мәлімдеп отыр. Жақында ғана үйімізді қиратып тастап, рұқсат бере қалғанын қарашы. Құрылыс бастасақ қиратып тастары анық. Айналаны қарасаңыз, барлығы еврейлерге арналған үйлер.

Хабар 24 телеарнасы