385,96 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Палестина мен Израиль арасындағы даудың ушығуына не себеп?

  • 152
Палестина мен Израиль арасындағы даудың ушығуына не себеп? newizv.ru

Палестина мен Израиль арасындағы жағдай түзеле ме әлде күрделене түсе ме?

Премьер-министр Биньямин Нетаньяхудың мәлімдемесінен кейін өңірде онсыз да ширығып тұрған ахуал ушыға түскен сыңайлы. Ол Иордан өзенінің Батыс жағалауында үй тұрғызуға Израиль үкіметінің рұқсат бергенін хабарлады. Бірақ бұл жолы тек еврейлер үшін емес палестиндіктер үшін де баспана тұрғызылады. Халықаралық қауымдастық бұл жаңалықты қызу талқыға салып, сынға ала бастады.

2010 жылы осындай мәлімдемеден соң палестиндіктер көтерілген еді. Ал бүгінгі жаңалыққа қалай жауап қатты?

Сарапшылар да, халықаралық ұйымдар да дәл осыны айтып дабыл қағып жатыр. Бұрыннан даулы аймақ, енді саяси мақсатта қолданылып отыр дегендер де табылды.

Израиль үкіметі Иордан өзенінің Батыс жағалауына үй саламыз деп шешім қабылдады. Онсыз да еврей ұлты басым өңірге 6000-дай баспана тұрғызылмақ. Ал палестиндіктерге 700 үй салуға рұқсат берді. Қызығы да осы. Ол жаңа баспана бола ма, әлде ескі үйлерді бере ме белгісіз. Қалай болса да, премьер министр Биньямин Нетаньяху өңірден ешкімді қумаймыз дейді. Тіпті қызыл лентаны кесіп, құрылыс жұмыстарын бастауға ресми түрде рұқсатын берді.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

– Өткенді, бүгінді, болашақты көріп отырмыз. Тапсырма берілді. Үйлер салынады. Және бірде бір жаңа қоныс аударып келуші өңірден қуылмайды. Аймаққа салынған құрылыс, соңына дейін аяқталып, халықтың игілігіне беріледі.

Көптеген сарапшылардың айтуынша, Иордан өзенінің Батыс жағалауында еврейлердің болуы халықаралық талапқа сай келмейді. Ал Израиль болса, бұл айыпты мойындамайды. Себебі өңір – даулы аймақ. Жалпы Иордан өзенінің Батыс жағалауы А,В,С деген үш бөлікке бөлінген. А өңірі Палестина автономиясының азаматтық және әскери бақылауында. В аймағын Палестина әкімшілігі мен екі елдің әскерилері - ортақ бақылайды. Ал С өңірін Израиль толық өз бақылауына алған. Бұл Батыс жағалаудың 60 проценті деген сөз. Үйлер тұрғызылатын өңір де – осы жер. Бірақ Палестина тарапы Израильдің мәлімдемесімен келіспейді. Олар өңірде еврейлердің көбеюіне қарсы.  

Ханан Ашрави, «Палестинаны азат ету» ұйымының өкілі:

– Израиль үкіметі С өңірінде үй салып, өзінің заңсыз басып алған жерін бекітіп алмақ. Ал палестиндіктерге 600-700 үй салуға рұқсат беруі тек көзбояушылық. С аймағы Палестинаның жері. Израиль бізге рұқсат беретіндей ешкім емес.

Ең қызығы, осыдан бір апта бұрын Иерусалимнің шығыс бөлігінде палестиндіктердің баспанасы қиратылған еді. Израиль билігі Иордан өзенінің Батыс жағалауымен шекарада орналасқан тұрғын үйлерді заңсыз деп тауып, 17 отбасын үй-күйсіз қалдырған. Сөйтіп наразы палестиндіктер көтеріліске шығып, Израильдің қарулы күштерімен қақтығысқан. Себебі аумаққа үй салуға Палестина ұлттық әкімшілігі рұқсат берген. Енді Израильдің аяқасты басқа шешім қабылдауы палестиндіктердің күмәнін туғызып отыр.

Омар Хаджаджри, Валахе ауылының тұрғыны:

– Израиль үкіметінің рұқсат береміз дегені өтірік әңгіме. БАҚ үшін солай мәлімдеп отыр. Жақында ғана үйімізді қиратып тастап, рұқсат бере қалғанын қарашы. Құрылыс бастасақ қиратып тастары анық. Айналаны қарасаңыз, барлығы еврейлерге арналған үйлер.

Жерге талас палестиндіктерді әбден қажытқаны анық. Ал сарапшылар Израиль бұл қадамға АҚШ-тың тапсырмасымен барып отыр дейді. Себебі жақында бұл аймаққа Дональд Трамптың күйеубаласы Джаред Кушнер келуі тиіс. Ол өңірдегі шиеліністі тұрақтандыру үшін «Ғасыр келіссөзін» өткізбек. Саясаткерлер тұрғын үй салып, палестиндіктерге рұқсат беру - соның бір жоспары болуы мүмкін екенін айтады.

Ал кейбір сарапшылар Нетаньяху бұл қадамға қыркүйекте өтетін Кнесет сайлауы үшін барып отыр дейді. Себебі даулы өңірдегі еврей ұлтының дауысы оған жеңіс әкелуі мүмкін. Сондай-ақ премьер Иордан өзенінің Батыс жағалауын аннексиялауға халық алдында уәде бергені тағы бар. 

Палестина автономиясы 2014 жылы-ақ олардың бейбіт келіссөзінен бас тартқан болатын. Себебі АҚШ Изриальді қолдап отыр дейді. Олар еврей ұлтынсыз өздерінің жеке автономиясын құруды мақсат етіп отыр.

Хабар 24 телеарнасы