386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жапония Оңтүстік Кореяны «ақ тізімнен» шығарып тастады

  • 181
  • UPD: 21:01, 02.08.2019

Күншығыста басталған сауда соғысы өршіп барады. Бұл жолы Жапония министрлер кабинеті Корея Республикасын аралық сауда-саттықтағы «ақ тізімнен» шығарып тастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ресми Сеул ширығып, кәсіпкерлер мен қоса қалың жұртшылық та ереуілге шықты. Бұл дауға әлем елдері де алаңдаушылық білдіріп отыр.

Жапония тарапы «экспортқа шектеу қоямыз» деп бұған дейін де сес көрсеткен еді. Мұның себебі неде?

Сес көрсетіп қана қоймай, арнайы қаулы қабылдап, Кореяға микроэлектроника тауарларын шығармай отыр. Басты себеп - жапондық тарап Оңтүстік Кореяны «кей тауарды заңсыз тасымалдады» деп айыптаған.

Жапония Корея Республикасына бағытталған тауар экпортын мықтап бақылауға алайын деді. Экономика министрі бұл қадамның ұлттық қауіпсіздік үшін жасалып отырғандығын айтады. Одан бөлек, енді Оңтүстік Корея мемлекетіне ешқандай сауда жеңілдіктері берілмейді. Жапония министрлер кабинеті осындай шешім қабылдап, серіктес елін «ақ тізімнен» шығарып тастады. Шектеу 28 тамыздан бастап күшіне енеді.

Хиросигэ Сэко, Жапония Сауда министрі:

- Министрлер кабинеті экспорттық бақылау жүйесін жақсарту және ұлттық қауіпсіздікті ойлағаннан осындай қадамға барып отыр. Себебі соңғы уақытта тауарлардың заңсыз тасымалы көбейіп кетті. Бұл қадамның ешқандай саяси астары жоқ. Оңтүстік Корея «жауап ретінде жасалған шектеу» деп мәлімдеме жасаған еді. Бұл жаңсақ пікір. Біз тек экспорттық бақылау бойынша талаптардың орындалғанын қалаймыз.

Шектеу деп отырғанымыз, микроэлектроника саласына қатысты. Яғни, енді микрожүйе және смартфон өндірісіне қажетті фторлы полимид, гидрофторлы қышқылды экспорттау күрделене түспек. Бұл сала бойынша жапондық компаниялар лицензия талап ететін болады. Үдеріс алыс-беріске айтарлықтай кедергі келтіретіні сөзсіз. Сондықтан болса керек, Жапонияның бүгінгі қадамын Ресми Сеул қатаң сынға алды. «Шешімнің саяси астары барын айтып, міндетті түрде қарсы жауап қатамыз», - дейді Оңтүстік Кореяның президенті Мун Чже Ин.

Мун Чже Ин, Оңтүстік Корея президенті:

- Жапонияның бұл шешімі орынсыз болды. Оңтүстік Кореяны «ақ тізімнен» шығарып, өздерінің ниеттерін білдірді. Біздің тарап мәселені шешу үшін түрлі дипломатиялық кеңестер мен диалогтар ұйымдастырып келген еді. Ендігі қадамдары жағдайды ушықтыра түсері анық. Әрине, жауапкершілік Жапония үкіметінде болады. Ал, біз бұл шектеуге тиісінше, қатаң жауап қататын боламыз.

Сеулдің пікірінше, Токио ұлттық қауіпсіздікті ойлағаннан емес, тарихи ерегіс үшін барып отыр. Осы жолда сауданы қаруға айналдырған.

Еске сала кетейік, екі ел арасындағы қым-қиғаш текетірес өткен ғасырдың басынан бері жалғасып келеді. Ол уақытта жапондықтар Корей түбегін жаулап алып, халқын жұмысқа жеккен. Өткен жылы Корей Республикасының Жоғарғы соты «еңбек құлдығына» қатысты шешім шығарып, Жапониядан өтемақы талап етті. Ал, ресми Токио әскери айуандығы үшін 1965 жылы 800 млн доллар көлемінде өтемақы төленгенін алға тартқан. Сеул ол қаражаттың тиісті адамдарға жетпегенін айтып, жапондық компанияларда қызмет еткен азаматтардың әрқайсысына 89 мың доллар бөлуді сұрайды. «Токио бұл талаптан бас тартып қана қоймай, экпортқа шектеу қойып ерегісіп отыр», - дейді кореялық тарап.

Бүгінгі Жапонияның Оңтүстік Кореяны «ақ тізімнен» шығарып тастауы халықтың да наразылығын тудырды. Сеулдегі Жапония елшілігінің алдында белсенділер жиналған.

Жапония елшілігі алдында Корея халық партиясы наразылық шеруін өткізді. Олар жапон премьер-министрі Синдзо Абэдан корей халқынан кешірім сұрауды және оның отставкаға кетуін талап етті. Акцияға қатысушылар «Сеул Токиомен құпия әскери ақпаратпен алмасуды тоқтатуы керек» дейді. Екі ел бұл келісімге үш жыл бұрын Солтүстік Кореяның ядролық қару жасауына байланысты қол қойған еді. Белсенділер сондай-ақ өзге де азаматтарды әр жексенбі сайын Жапония елшілігі алдында шеру өткізуге шақырды.

Чой На Ёнг, Корея Халықтық партиясының өкілі:

- Абэ үкіметі Оңтүстік Кореяны «ақ тізімнен» алып тастап, бұл елге қарсы қосымша сауда шектеулерін енгізіп жатыр. Біз бұл жай экспортқа қатысты мәселе емес, Жапонияның Кореяны жаулап алған кезеңіне қайта оралу деп білеміз. Сондықтан біз Жапония үкіметіннен өз кінәсән мойындап, басқыншылық жылдары кореялықтарға көрсеткен озбырлығы үшін өтемақы төлеуді және ел экономикасын қалпына келтіруге атсалысуды талап етеміз.

Жапон-корей жанжалына Кореяның қарапайым  тұрғындары қалай қарайды?

Екі ел арасындағы жанжалдың ширығып тұрғаны анық сезіледі. Мысалы, жапондық сыра үшін дүкендер жеңілдік жасамайтын болды. Жапондық тауарларға қарсы акцияға ірі және шағын маркеттер де қосылды. Жапон мейрамханаларына келушілер азайды. Тіпті жапондық автомобильдерге қарсы акция басталды. Күншығыс елінде шыққан көліктерге белгісіз біреулер шіріген көкөніс лақтырып, сызып кеткен. Сондай-ақ оңтүстіккореялық Пусан мен жапондық Саппоро арасында әуе қатынасы сиреді. Қыркүйектің үшінен бастар Korean Air авиакомпаниясы осы бағыттағы әуе рейсін мүлде тоқтатады. Ресми мәлімет бойынша шілденің ортасынан бері Жапонияға баратын жолаушылар саны 13%-ке кеміген.

Екі елдің текетіресіне әлем алаңдаушылық білдіре бастады. Себебі шектеу қойылған шикізаттарды Оңтүстік Корея чип өндірісінде қолданады. Бұл дегеніңіз, экспорттың төрттен бір бөлігі деген сөз. Яғни, өндірістің 30%-ін қысқарып, Кореяның жалпы ішкі өнімі 2,2%-ке төмендейді. Экономикалық зерттеу институтының ақпары осындай.

Фил Леви, сарапшы:

Бұл шынында өте қауіпті мәселе дер едім. Жапония сынды мемлекеттер сауда саласына бөгет қоюы, экономикаға тікелей әсер етеді. Тауарлардың бағасы қымбаттауы мүмкін. Ал чипке қатысты айтатын болсақ, Оңтүстік Корея әзірге шикізат тапшылығын сезініп отырған жоқ. Себебі қоймадағы тауарларын пайдаланып жатыр. Бірақ бір-екі айдан соң тіпті сауда гиганттары Samsung және SK Hynix-тің де қоры түгесілетіні анық. Әрине, басқа серіктестер табуға болады. Бірақ ол уақытты алады.

Оңтүстік Корея Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Жапония елшісі Ясумасу Нагминэні шақыртып, елдің наразы екенін жеткізген. Сондай-ақ Корея Жапонияны енді серіктес ел ретінде қабылдай алмайтындығын айтқан.

Бұл сауда соғысы ширыға берсе, Күншығыстағы екі ел ғана емес, олармен серіктес өзге мемлекеттерге де салқынын тигізетін сыңайлы.

Хабар 24 телеарнасы