386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ереван қоқыс мәселесімен қалай күресуде

  • 118
  • UPD: 17:40, 05.08.2019

Армения астанасында қоқыс мәселесі шешімін тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған дейін жергілікті тұрғындар қоқыс жинауға қатысты наразылықтарын бірнеше рет білдірген еді. Қала әкімдігі түйткілдің түйінін тарқату үшін тазалыққа жауапты тағы бір компания құруды жөн көріпті.

Ереван тұрғындарын мазалап отырған мәселелердің бірі – қаланың абаттандырылуы. Бұл проблема Ауиш пен Раджниш есімді үнді азаматтарын да бейжай қалдырмаса керек. Жұмысқа жаңа орналасқан бұл жігіттер 7 сағаттық ауысым кезінде 70 контейнерді қоқыстан тазалайды. Осы үшін әрқайсысы айына шамамен 350 доллар жалақы алады. Өздерінің айтуынша, еңбекақылары көңілдерінен шығады. Ал шетелдіктердің қала тазалығына деген ынта-ықыласына бригадир де дән риза.

Грач Катвалян, қаланы санитарлық тазарту мекемесінің қызметкері:

– Қалаға шығып, Ереванның қоқысқа көміліп жатқанын көрген кезде көңіліміз түседі. Сол үшін де біз жұмыс істеп, тұрғындардың риза болғанын қалаймыз.

Армен Григорян, қаланы санитарлық тазарту мекемесінің директоры:

– Бізде бәрін қосқанда 10 көлік бар. Тағы екеуін қазір тіркеп жатырмыз. Жалпы, қоқыс тасымалдайтын көліктер санын 34-ке, ал қар жинайтын және жуғыш көліктерді 9-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бүгінде біздің компанияда Армения, Нигерия мен Үндістаннан келген азаматтар еңбек етеді. Олардың бәріне бірдей жағдай жасалған. Жалақылары да біркелкі. Ал жұмысқа келгенде қызметкерлердің бәрі де тиянақты.

Жалпы компания өз автопаркін толығымен жасақтап болған соң, штатта 200-ден аса адам жұмыс істейтін болады.

Қала билігі қоқысты кәдеге жарату мәселесін де қолға алмақ. Аймақтағы жалғыз Нубарашен полигонының жұмыс істеп тұрғанына 60 жылдан асты. Күн сайын мұнда мыңдаған тонна тұрмыстық қалдық әкелінеді. Ал бір жыл ішінде 320 мың тонна қоқыс көмілетіндігін айтады қала мэрінің баспасөз хатшысы Акоб Карапетян.

Акоб Карапетян, Ереван қаласы мэрінің баспасөз хатшысы:

– Нубарашендегі қоқыс үйіндісі – өте өзекті мәселе. Ол ешқандай заманауи стандарттарға сай емес. Көліктер қалдықтарды алдыңғы шепке тастай салады. Ешқандай тығыздау не болмаса сұрыптау жоқ. Іс жүзінде қаладан жиналған қоқыс жай ғана полигонға тасымалданып жатыр. Қоқыс жинау мәселесін шешкен соң оны өңдеу жағын қолға алмақпыз. Бірінші кезекте картон, қағаз және пластмасса игеріледі.

Қала әкімшілігінің мәлімдеуінше, көп ұзамай Ереван таза да әсем қалаға айналуы тиіс. Қазір осы мақсатта тұрмыстық қалдықтарды игеру бойынша жаңа бағдарлама да әзірленіп жатыр. Бұл арқылы тұрғындарға қоқысты сұрыптап жинауды үйрету көзделген.

Авторлары: Лаура Жусупбекова, Тигран Галстян

Хабар 24 телеарнасы