386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Грузияны қымбатшылық жайлады

  • 125
  • UPD: 13:17, 06.08.2019
Грузияны қымбатшылық жайлады

Грузияда ұлттық валюта құнсызданып, ел экономикасы әлсіреді. Шілде айында жанармай бағасы екі рет қымбаттады. Одан бөлек электр қуаты мен газдың құны да өзгермек.

Енді тұрғындар елде азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасы қымбаттауы мүмкін деп алаңдаушылық білдіріп отыр. 

Бұл Тбилисидің басты сауда орындарының бірі. Грузияның ұлттық валютасы құнсызданған соң онда көкөніс, жеміс-жидекпен басқа да импорттық тауар түрлері қымбаттай бастады.

Розетта Джишкарян, сатушы:

- Сырттан әкелінген цитрус жемістерінің бағасы өсті. Ал жергілікті өнімді айтатын болсақ, өткен жылмен салыстырғанда барлық тауардың құны шарықтап кетті. Сатып алушылар да аз. Қарапайым халықтың бұндай азықты алатын жағдайы жоқ.

Жағдайды оңалту үшін осыдан бірнеше күн бұрын Грузияның Ұлттық банкі аукционда 33 млн долларды саудалады. Осылайша ұлттық валютаның құнсыздануы уақытша тоқтағанмен,  лари бағамы біржола тұрақтала қоймады.

Леван Чараия, экономикалық сарапшы:

- Баға шарықтағанмен халықтың жалақысы өсіп жатқан жоқ. Бұл тұрғындардың тұрмыс деңгейінің нашарлауын білдіреді. Бұл ретте Ұлттық банк қайта қаржыландыру мөлшерлемесін қатаңдатып, міндетті резерв нормасын төмендете алады. Есесіне қосымша шет ел валютасының шығуына мүмкіндік туады. Билікке елдің экспорттық әлеуетін арттырып жағдайды әртараптандыруға болады. 

Сарапшылар айтуынша, азық-түліктің барлық түрі қымбаттады. Әсіресе, сырттан келетін қант пен күнбағыс майының құны өсті. Тіпті ұнның қымбаттауынан нанның бағасы да құбылмалы болып тұр.

Ива Чкония, Грузияның дистрибьюторлар бизнес қауымдастығының президенті: 

- Біріншіден, ұлттық валюта құнсызданды. Екіншіден-жанармай бағасы шарықтап кетті. Бұл өзгеріс логистика саласына да өз әсерін тигізуде. Осының барлығы девальвацияның салдарынан. Үкімет ел экономикасын іштен дамытпаса, еш нәрсе өзгермейді.  

Қазір елде сатушының да, сатып алушының да жағдайы мәз емес. Ал оны түзету кәсіпкерлердің де қолынай келмей тұр. Халық тек үкімет пен ұлттық банкке сенім артуда. 

Авторлары: Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили

Хабар 24 телеарнасы